Түркияның Aselsan компаниясы жасаған Koral радиоэлектрондық жүйесі толық жаңартудан өтті. Бұл жүйе соғыс кезінде қарсыластың радарларын істен шығарып, олардың байланысын үзіп, әскерге артықшылық береді. Қарапайым тілмен айтқанда, Koral — жауды «көзсіз қалдыратын» техника.
Жаңғырту кезінде жүйеге жаңа буын қосалқы құрылғылар орнатылды. Соның арқасында Koral бір уақытта бірнеше нысанға кедергі жасап, алдап-арбау мүмкіндігін арттырды. Ол жоғары қуаттылығымен, заманауи антенна технологиясымен және кең жиілікте жұмыс істеуімен ерекшеленеді.
Мамандардың айтуынша, қазіргі соғыстар тек қарумен ғана емес, көзге көрінбейтін сигналдармен де жүреді. Байланыс, навигация, дрондар мен радарлар — бәрі электромагниттік толқындарға тәуелді. Сондықтан кім осы кеңістікті бақылап ұстай алса, сол басымдыққа ие болады. Koral дәл осы артықшылықты қамтамасыз етеді.
Koral — Түркияның көпдеңгейлі әуе қорғаныс жүйесі Çelikkubbe-нің негізгі бөлігі. Ол әуеден келетін қауіп-қатерді ерте анықтап, қарсыластың әуе қорғанысын «соқыр» қылады. Осылайша, түрік әскері өз күшін қауіпсіз сақтап, соғыста басымдыққа жетеді.
Жаңа мүмкіндіктердің арқасында Koral тек бүгінгі емес, болашақ әскери жағдайларға да дайын. Түркия әскері бұл жүйені бірнеше жылдан бері қолданып келеді, ал жаңартылған нұсқасы олардың мүмкіндігін жаңа деңгейге көтермек.