Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай рес­пуб­­ли­калық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйым­дас­­тырылған «Үлгілі ауыл» байқауының жеңім­паз­дарын марапаттады.
Үздік ауылдың үлгісі
2,902
оқылды

Конкурс ауылдық елді ме­кендердің тазалығы мен абат­тандырылуы, инфрақұрылым­дық жағдайы, тұрғындардың белсенділігі, мәдениет, спорт және білім салаларындағы же­тістіктері бойынша бағаланды. Жарысқа 5 ауданнан 39 ауыл қатысып, ақтық кезеңде 10 ауыл бақ сынады.

Ауылдар арасындағы бәсе­кенің қорытындысы бойынша 7 елді мекен үздік деп танылып, қаржылай сертификатқа ие бол­ды. Атап айтқанда, 3 мыңнан ас­там халқы бар ауылдар ара­сы­нан Бейнеу ауданының Бейнеу ауылы І орынды (10 млн теңге), Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов ауылы ІІ орынды (7,5 млн теңге), ал Қарақия ауда­ны­ның Құрық ауылы ІІІ орынды (5 млн теңге) иеленді. Сонымен қа­тар Маңғыстау ауданының Шет­пе ауылы ынталандыру сый­лығына (2 млн теңге) ие болды. Ал 3 мыңнан аз тұрғыны бар ауылдар арасында Маңғыстау ауданының Сайөтес ауылы І орынды (8 млн теңге), Қарақия ауданының Құланды ауылы ІІ орынды (6 млн теңге), және Бейнеу ауданының Сыңғырлау ауылы ІІІ орынды (4 млн теңге) қанжығалады.

Жеңімпаз атанған ауылдарға берілген қаржы сол ауылды абат­тандыру, көгалдандыру жұ­мыс­тарына және инфрақұрылымын жақсартуға жұмсалады.

Марапаттау рәсімінде облыс әкімі жеңімпаздарды құттықтап, ауылдардың өңір дамуына қосып отырған үлесін атап өтті.

– «Үлгілі ауыл» конкурсы Пре­зидент Қасым-Жомарт То­қаевтың тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» акциясы ая­сын­да ұйымдастырылды. Бұл жоба – ауылдардың дамуы мен бірлігін, тұрғындардың белсен­ділігі мен еңбегін көрсететін ма­ңызды бастама. Бұл – тек марапат емес, әр ауылдың өз әлеуетін аша түсуіне жасалған қолдау. Жеңімпаз ауылдарды шын жүректен құттықтаймын. Ең бастысы – берілген қаражат ауылдың игілігіне жұмсалып, халықтың тұрмысын жақсартуға ықпал етуге тиіс. Сонымен қатар бұл конкурс арқылы біз ауыл тұрғындары арасында эколо­гия­лық сана мен экологиялық мә­дениетті қалыптастыруға жағдай жасап отырмыз. Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәй­кес, өңірлердің әлеуетін артты­ру – біздің басты міндетіміз. Сон­дықтан бұл байқауды дәстүрлі түрде жалғастырып, ауылдарды қолдау жұмысын күшейте бе­ре­міз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Айта кетейік, биыл ең үлгілі ауыл атанып отырған Бейнеу ауылының 57 мыңнан астам хал­қы бар, жұмыссыздық деңгейі 2,8 пайызды құрайды. Ауылда 12 мектеп, 19 балабақша, аурухана мен мәдениет үйі жұмыс істейді. Сондай-ақ 685 кәсіпкерлік ны­сан бар. Бейнеу ауылы толықтай электр энергиясымен, ауызсумен және табиғи газбен қамтылған.

Тілек ҚАБЫЛ