Rookie Showcase турнирінің ашылу матчы аясында Colorado Avalanche командасы «Юта Мамонтты» 5:3 есебімен ұтты. Бұл жайлы shaiba.kz хабарлады.
Бұл ойында қазақстандық шабуылшы Асанәлі Сәркенов дубль авторы атанды. Жас хоккейші бұған дейін де «Колорадоның» даму лагерінде өнер көрсеткен болатын.
19 жастағы Сәркенов – «Барыс» клубының түлегі. Өткен маусымда ол Солтүстік Америкадағы алғашқы маусымын өткізіп, Батыс хоккей лигасында («Спокан Чифс» клубы) 52 матчта 27 (10+17) ұпай жинады. Плей-офф кезеңінде 21 ойында 14 (9+5) нәтижелі балл еншілеп, финалға дейін жетті. Бірақ шешуші серияда оның командасы «Медисин-Хат Тайгерстен» 1:4 есебімен жеңіліп қалған еді.