Соның ішінде «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңға енгізілген жаңа түзету қоғамда үлкен қызығушылық тудырды. Алматы облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әбдінұр Тасыбаев жаңа нормалардың мәні мен мақсатын түсіндіріп берді.
Оның айтуынша, құқық қорғау органдары ең алдымен халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бұл өзгерістің қоғамдық мүддеге сай екенін жеткізбек. Полицияның басты ұстанымы – тұрғындармен сенімді қарым-қатынас орнатып, қауіпсіз ортаны қалыптастыру.
– Жаңа талаптың негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бейнебақылау жүйелері арқылы тұлғаны тануды жеңілдету. Бұл өзгеріс құқық қорғау органдары үшін қылмыстың алдын алуда және қылмыскерлерді анықтауда тиімді құрал болмақ. Алайда заңда бұл талаптан тыс жағдайлар нақты көрсетілген. Медициналық қажеттілік туындағанда қолайсыз ауа райында (мысалы, шаңды боран, қатты суық), сондай-ақ қызметтік немесе еңбек міндеттерін орындау кезінде бетті жабуға рұқсат етіледі. Бұл, әсіресе құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет мамандарына қатысты, – дейді Әбдінұр Тасыбаев.
Сонымен қатар діни сенімге байланысты киілетін хиджаб, шейла, химар сияқты бет-әлпетті жаппайтын баскиімдерге бұл шектеу қолданылмайды. Бұл норма діни еркіндікке нұқсан келтірмей, тек қауіпсіздікке қатысты мәселелерді реттеуге бағытталған. Заңда бұл ереже профилактикалық сипатқа ие деп көрсетілген. Яғни, бастапқыда басты назар түсіндіру жұмыстарына аударылады. Әкімшілік немесе қылмыстық жаза қолдану көзделмеген, заңнаманың өзге баптарына өзгерістер енгізілмейді.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі жаңа нормалардың мәні мен маңызы туралы түсіндірді. Заң жобасы халыққа барынша жақын әрі профилактика саласында нақты өкілеттіктер берілген жергілікті атқарушы органдардың негізгі рөлін айқындайды. Барлық деңгейдегі әкімдер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарымен, жастармен, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмысты ұйымдастырады. Мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді қамтамасыз етеді және құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиялар құрамын бекітеді.
Заң жобасы халыққа жақын
Сондай-ақ қылмыстың алдын алуға да баса назар аударылады. Осы мақсатта профилактикалық субъектілердің саны 13-тен 26-ға дейін екі есе ұлғайтылды (тізім отбасын қолдау орталықтарымен, жастармен жұмыс жөніндегі орталықтармен және басқалармен толықтырылды) және олардың жауапкершілік саласы нақтыланды. Енді барлық мемлекеттік органға профилактикалық шараларды, оның ішінде әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуды, бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпараттық жұмысты, халықпен өзара байланыс құқығы беріледі.
Үкімет жыл сайын елдегі қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы Ұлттық баяндама дайындап, Мемлекет басшысына ұсынатын болады. Онда мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі бағаланады, сондай-ақ алдын алу жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар беріледі. Бұл құқықбұзушылықтардың жасалу себептері мен шарттарын жою жөніндегі іс-әрекеттерді үйлестіруді қамтамасыз етеді.
Жалпы, профилактика аясында халық арасында заңға бағыну тәртібін қалыптастыруға бағытталған ауқымды идеологиялық жұмыстар жүргізіледі. Профилактика саласындағы еліміздің даму стратегиясы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары арқылы жасалатын болады. Бұл ретте азаматтарды профилактика саласына тарту тетіктері қайта қаралған. Енді барлық құқық қорғау органына қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қоғамдық көмекшілерді жұмысқа алу құқығы беріледі. Көмекшілердің қатысу аясы көшелерді патрульдеуден құқықтық насихатты ұйымдастыруға және консультативтік-кеңесші органдардың жұмысына қатысуға дейін кеңейтіледі. Олардың ең белсендісі марапатталады.

Сонымен қатар жеке профилактикалық іс-шаралар күшейтіліп, жаңа түрлерімен толықтырылады. Мысалы, ресми ескертулер, қиын өмірлік жағдайдағы адамдар мен отбасыларды есепке алу, көңіл бөлуді қажет ететін кәмелетке толмағандарға педагогикалық қолдау көрсету және жақындауға тыйым салу. Сондай-ақ заң жобасында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға қатысты әкімшілік қадағалау жүргізу ұсынылады. Әлеуметтік оңалту олардың дұрыс жолға түсуіне көмектеседі. Экономикалық құқықбұзушылық жасаған тұлғалармен бөлек жұмыс жүргізіледі. Олардың тізімі көпшілікке қолжетімді болады.
– Ал балалардың қараусыз, панасыз қалуы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, сондай-ақ мас күйінде және қоғамдық орындарда жасалған құқықбұзушылықтар үшін арнайы профилактикалық шаралар енгізіледі. Оларға қоғамға жат мінез-құлық немесе қылмыстар жиі байқалатын аумақтарды бақылау, халықты жеке қақтығыстарды шешу және өзін-өзі қорғау әдістеріне үйрету, құрбандарды анықтау және қорғау, сенім телефондары мен веб-сайттарды ұйымдастыру кіреді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулер аясында заңсыз контент орналастырғаны және таратқаны үшін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың құқықбұзушылықтарды жасау себептерін жою жөніндегі нұсқамаларын «зұлымдықпен» орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленеді, – деді Әбдінұр Тасыбаев.
Профилактикалық рейдтер жүргізуде
Алматы облысында «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық рейдтер жүргізуде. Іс-шара барысында тұрғын үй бойынша тіркеу ережелерін бұзу деректері анықталып, заңға сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Сонымен бірге полицейлер тұрғындармен кездесіп, абаттандыру мәселелерін түсіндіріп, қоғамдық орындарда да, аула мен іргелес аумақтарда да тәртіп сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Ерекше назар саяжай алқаптарындағы аулаларды аралауға аударылды. Бұл ретте полиция қызметкерлері тұрғын үйлерді тексеріп, тұрғындарға жеке қауіпсіздік шараларын сақтау және ұрлықтың алдын алу жолдары туралы ескертті. Полиция өкілдерінің айтуынша, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру ашықтық, алдын алу және халықпен өзара сенімді диалог қағидаттарына негізделген. «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасының басты мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.
Ал Талғар ауданының полицейлері де құқықтық тәртіпті нығайтуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасына қатысты. Жедел алдын алудың мақсаты – азаматтарға жақын болып, жергілікті жерлердегі мәселелерді дер кезінде анықтап, шешу, сондай-ақ құқықбұзушылықты болдырмау. Шара барысында учаскелік инспекторлар бекітілген аумақтарды аралап, тұрғындармен кездесулер өткізуде, қолданыстағы заң нормаларын түсіндіріп, жеке және қоғамдық қауіпсіздік шаралары жөнінде ақпарат беруде. Сонымен қатар қолайсыз отбасылардың, профилактикалық есепте тұрған тұлғалардың жағдайы тексеріліп, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен өзге де құқықбұзушылықтарды анықтау және жолын кесу шаралары қабылдануда. Полиция басшылығы мұндай іс-шаралар құқық қорғау органдары мен азаматтар арасында сенімді диалог орнатуға, сондай-ақ қылмыстың алдын алу деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, басты мақсат – азаматтарға құқықтық мәдениетті түсіндіру және қауіпсіз өмір салтын насихаттау. Полицейлер тұрғындарға заң нормаларын түсіндіріп қана қоймай, құқықбұзушылыққа тап болған жағдайда қайда және қалай жүгіну керегі туралы нақты кеңестер берді.
Сонымен қатар учаскелік инспекторлар мен мектеп инспекторлары оқушылар мен ата-аналарға арнап жеке кездесулер өткізіп, интернет қауіпсіздігі мен кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың салдары жайында түсіндірді.
Жаңа заңды іске асыру аясында мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Полиция өкілдері қоғамда құқықбұзушылыққа мүлде төзбеушілік қағидасын қалыптастыру баршаның ортақ міндеті екенін атап өтті.
Көктем ҚАРҚЫН