Бұл – World Boxing ұйымы өткізген алғашқы біріншілік. Байрақты бәсекеде ел құрамасы жеті алтын, бір күміс, екі қола медаль еншіледі. Ерлер арасынан 20 жылдан соң Сәпиевтің жолын жалғап, екі дүркін әлем чемпионы атанғандар бар. Бір үйден екі бірдей чемпион шығып, қазақтар Англия аспанында қазақтың әнұранын бірнеше рет қалықтатқан жарыс болды.
Тарих кабинетінде «жазылған» тарих
Иә, 55 келі салмақта өнер көрсеткен Махмұд Сабырхан мен 70 келіде бақ сынаған Төрехан Сабырхан – ағалы-інілі чемпиондар. Әуелден шаршы топта шаң қаптырмайтын Махмұд білгенінен жаңылмай, қара үзіп шықты. Бірде бір жекпе-жегінде күнін төрешіге «қаратқан» жоқ. 1/16 финалда Бриан Ортизді 5:0 есебімен жеңсе, 1/8 финалда Башким Бажокуды нокаутқа жіберді. Ширек финалда жапон Риу Ямагучиді де айқын жеңсе, жартылай финалда қытайлық Чуанг Луиге қола жүлдесін «табыстады». Ал финалда испан мықтысы Лозано Серраномен айқасып, бет қаратқан жоқ. Осылайша, екі рет әлем чемпионы атанған үшінші қазақ болып тарихқа енді. Бұған дейін 2023 жылы Ташкентте өткен ӘЧ-де әнұранды әуелеткен-ді.
Ағасының жолын жалғаған Төрехан Сабырхан нағыз жас қабылан екенін дәлелдеді. Рингке ойнақтап, қарсыластың ығырын шығарып, сауатты тосқауыл қоя білді. Жанкүйер осындай бокс мәнеріне шөліркеп жүрген еді. Шоу да, соққы да, ашық айқас та бар. Бастысы, «мұрыннан қан кеткенше» беріспейтінін көрсетті. Мұндайда төрешіге де сұрақ қалмасы анық. 19 жасында әлем чемпионатын бағындырып, ең жас чемпион атанды. Қос Сабырханның бапкері Ілияс Оралбеков көзіне жас алып, жігіттер үшін шын қуанды. Ағасы да інісін финалдағы тартыстан кейін аяғын жерге тигізбей мойнына мінгізіп, даңқты жеңісімен құттықтады. Расымен, бұл – қазақ бокс мектебінің жеңісі, бұларды баптаған Оралбеков ағайдың жеңісі. Өйткені марапаттау рәсімінен соң Төрехан «тарих кабинетінде басталған жолды тарихпен түйістіретінін» айтқан. Сөйтсек, қос батыр Маятас ауылындағы №119 мектептің бокс залында жаттығуды бастаған. Ал бұл кабинет алғашында тарих пәніне арналған. Кейіннен мектепте боксқа қызығатындар көбейген соң, бокс залына айналып шыға келген. Мүмкін қалталы азаматтар осындай чемпиондар шыққан өңірге заманауи спортзалын салып берер...
Шын мықтыға шаршы алаңда тұсау жоқ
Бұл теңеу дәл Санжар Тәшкенбайға арналған сыңайлы. 48 келіде бокстасатын өрен қарсыластарын шыбын шаққан құрлы көрмеді. Төпелеген үстіне төпелеп, қарқынын үдете түсті. Алаңда «қой аузынан шөп алмас» Санжар жоқ. Бейнебір ұстаған аңды жайдан жай жібермейтін қыран ба дерсіз. Көз ілеспес қимыл, дәл соққы, физикалық күші де мығым. Қарсыласының әудем жерден қимылын оқып, қарсы соққысы дайын тұрды. Өзі де финалдан соң сұхбатында жеке бапкерлері жаттығу жиынынан бастап, қарсыластарға сараптама жасап, осы салмақтағы үздік төрт боксшыға тактикалық тұзақ құрған. Дайындық текке кетпей, Тәшкенбай ерлер арасында 20 жылдан соң екі дүркін әлем чемпионаты атанған екінші қазақ атанды. Есте болса, 2005, 2007 жылы Серік Сәпиев туды тұғырдан түсірмеді.

Аса ауыр салмақтағы тұңғыш әлем чемпионы
+90 келіде сынға түскен Айбек Оралбай атой салды. Осы салмақтағы кәнігі қарсыласы Жахонгир Зокировпен кездесті. Біле білсеңіз, бұлар бір жылдың ішінде үш мәрте жолықты. Тартысқа толы айқаста Айбек барын салып, үшінші раундта жекпе-жектің тағдырын шешіп кетті. 3:2 есебімен аса ауыр салмақта чемпион атанған тұңғыш боксшы атанды. Ал 1/8 финалда Мучахит Ілиясті 5:0 есебімен, ¼ финалда Лука Пратижачичті 5:0 есебімен, жартылай ыиналда Хулио Сесар Ла Крусты 3:2 есебімен тізе бүктірді. Жалпы, бұл салмақтағы әлем чемпионатында 1999 жылы Мұхтархан Ділдәбеков күміс алса, 2011, 2013, 2015 жылдары Иван Дычко бір қола мен екі күміс иеленді. 2017, 2019 жылдары Қамшыбек Қоңқабаев күміс медаль еншіледі. Бокс жанкүйерлері бұл салмақтағы белес Іргебаев пен Мырсатаевқа да, Дычко мен Қоңқабаевқа да бұйырмағанын біледі. Сол үшін Айбек Оралбайдың жеңісінің құны басқа.
«Финалға шыққан төрт боксшы өзара келісіп, бір-бірімізге мотивация беріп, чемпион болуға уағдаластық. Оның үстіне, жекпе-жектің алдында ағайларым өзбектермен ұпайдың тең екенін, егер жеңсем, жалпыкомандалық есепте алға шығарымды айтты. Бұл да маған мотивация болды. Жанкүйер қолдауды сездім, барымды салуға тырыстым. Бүгінгі күн ертеңгі тарих дейтіндей, аса ауыр салмақтағы тұңғыш әлем чемпионы атандым. Жеңіс оңайға түсті дей алмаймын. Салмағым 100 келі екені тағы бар. 115-120 келі тартатын қарсыластар кезікті. Иә, босаңсуға орын жоқ. Олимпиада алтыны жетіспейді. Сол жолда тер төгіп, барынша еңбек етемін», – деді ұлттық құрама капитаны Айбек Оралбай.
Қыздар ерлеген жыл
Басқа-басқа, бұл бәсекеде қыздардың еңбегі атан түйеге жүк. Олар бір жылдың ішінде екі әлем чемпионатына, Астанадағы Әлем кубогына қатысты. Жүлдесіз қайтқан жоқ. Еліміздегі әйелдер боксының деңгейін көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Қыздар үш алтын, бір күміс, екі қола медаль еншіледі. Соның ішінде 51 келідегі Алуа Балқыбекова мен 65 келіде топ жарған Аида Әбікеева екі мәрте әлем чемпионы атанды. Екеуі де шаршы алаңда қарсыласын ашық айқасқа шақырып, қосарлап ұрудан мастер-класс көрсетті. Екі қыздың бокс мәнеріне таңданбағандар кем де кем. Ал 70 келіде ел үмітін арқалаған Наталья Богданова нағыз сауатты боксшы екенін дәлелдеді. Жанкүйердің өзі «Богданованың мынадай соққыға төтеп берген қарсыласы да ер екен» десті. Өйткені құлаштап ұрып, тоспа соққыны да шебер орындап, ұласпалы соққыны да көрсетті. Бақ пен бабы қатар шауып, осы салмақта алтын алған алғашқы боксшы ретінде тарихқа енді. Аталған үш салмақта олимпиада бағдарламасындағы салмақ екенін ескерсек, қыздар жарап тұр. 48 келіде өнер көрсеткен Назым Қызайбай карьерасындағы төртінші Әлем чемпионатынан жүлдесіз қайтпады. Спорт журналисі Аслан Қаженов айтқандай, түрік төрешісі бұра тартпағанда төртінші мәрте бұл биікті бағындырар еді. Десе де, бір өзі әлем чемпионаты мен олимпиададан алты медаль еншілеп отыр. Әзірге, қазақ боксының тарихында мұндайды ешкім қайталаған жоқ. Жас жүйріктер Виктория Графеева (60 келі) мен Елдана Тәліпова (80 келі) қола медаль еншіледі. Екеуі де болашағынан үміт күттірер саңлақ екенін көрсетті.

Бәрі жақсы, дегенмен...
«Төрешілер жүйесі әлі нық жолға түскен жоқ. Жаңадан құрылған ұйымның алғашқы біріншілігі болған соң олқылық болатыны заңды. Тек Қазақстанның емес, басқа елдің спортшылары да төреші тарапынан зардап шегіп жатқанын көрдік. Әрине, Карина Ибрагимова (57 келі) мен Ертуған Зейнуллиновтің (65 келі) іріктеу кезеңіндегі жеңісі ұрланды деп есептеймін. Назым Қызайбайдың да жеңісіне қастандық жасалды ма деп ойлаймын. Тек бір ғана түрік төрешісі Назымға қарсы ұпай берді. Сол рөл ойнап кетті. Өкінішке қарай, бұл жарыста төрешілерге протест берілмейді әрі төреші шешімі қайта қаралмайды. World Boxing ұйымы жарыс басталмай тұрып сондай талаптарын жеткізді. Ал Бекзад Нұрдәулетов (85 келі) пен Нұрбек Оралбайға (80 келі) қатысты сын орынды деп ойлаймын. Екі боксшыны Америкаға жіберіп, олар екі ай бойы сонда шынықты. Алайда үміт ақталмады. Сағындық Тоғамбай (90 келі), Сабыржан Аққалықовтың (75 келі) да жекпе-жегі көңілден шықпады. Артынан ізін басып келе жатқан жастар бар, соларға мүмкіндік беріледі. Ұлттық құрама қайта жасақталады», – деді спорт журналисі Аслан Қаженов.
Қош, ел құрамасы жалпыкомандалық есепте көш бастап, Өзбекстан мен Үндістанды артқа тастады. Ливерпульге жиналған жанкүйердің қолдауы бір басқа. Боксшылар дүбірді сезіп, қолдаудан күш бергенін атап өтті. Төрехан Сабырханның финалдан соң жанкүйерлерге амандасып, «өзіміз отырып шәй ішеміз» дегені тіпті керемет. Бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп те тоқмейілсімей, алдағы Азия мен Олимпиада ойындарына қызу дайындалатынын айтты. Бастысы, қазақтың мерейі тасып, 10 күнге ұласқан бокс тойын марқая тамашалады.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ