Қытайдың Шэньчжэньдегі Наньшань экологиялық паркінде қоқысты өңдеумен қатар одан электр энергиясын өндіреді.

Оңтүстік Қытай теңізінің жағалауында орналасқан кәсіпорын айлаққа жақын. Экономикалық аймақ Қытайдың ішкі нарығына тауар жөнелтетін ең үлкен орталық. «Наньшань» экологиялық энергетика паркі қабылдау бөлімінің басшысы Чэнь Лейдің айтуынша, зауыт теңіз жағалауында орналасқан экономикалық нысан болса да, экологияны сақтауды басты назарда ұстайды.

«Қаладан жиналатын қоқыс көп. Оңтүстік Қытай теңізі арқылы күні-түні толассыз жүк тасымалданады. Қоқыс өңдейтін зауыттың теңіз жағасындағы таулы аймақта орналасуының өзіндік себебі бар. Жүк көлемінің көптігін ескерсек, дәл осы аймақтағы тазалық мәселесі әлдеқашан күрделі болар еді. Қоқысты 100 пайыз өңдейтін зауыт арқылы біз қоршаған ортаны табиғи қалпында сақтап отырмыз. Туристер, осы паркті арнайы көруге келген шетелдік кәсіпкерлер тап-таза аймақты көргенде таңғалады. Себебі біз қоқыс полигоны дегенде «тұрмыстық қалдықтар үйіліп, шашылып жататын жер» деген түсінікті түбегейлі жойдық. Оның орнына жұмысы жүйелі, қоқыстан шикізат өндіретін зауыт жұмыс істеп тұр. Электр энергиясын қала тұрғындары пайдаланып отыр», – дейді Чэнь Лей.


Зауытта өндірістік қалдықтарды өңдеу процесін жетілдіру стратегиясы үнемі талқыланып, сұранысқа алдын ала жоспар түзіледі. Себебі қазіргі кезде қоқыстың түрі де, оны өңдеуде түрлі тәсіл де қажет. Сұрыптап, өңдеп, қоқыстан шығатын шикізатты қайта кәдеге жарату процесі үздіксіз жүргізіледі. Фото: Aikyn.kz

Қоқыстан өндірілген кірпіш. Фото: Aikyn.kz

Арнайы қазаншұңқырға төгілген қоқысты өңдеу процесін мамандар орталықтан онлайн қадағалайды. Балқыту температурасы, өңдеген кезде алынатын электр энергиясын жинақтау процесі автоматтандырылған. Қоршаған ортаға зиян келтірмей өңдеу талабы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Қауіпсіз, қалдықсыз өңдеу технологиясының нәтижесін зерттейтін арнайы мамандардың пікірінше, қоқысты қайта өңдеп кәдеге жарату су, ауа, жерді сақтап қалуға тікелей ықпал етеді.

«Қоқыстың түр-түрін сұрыптап жинаймыз. Тұрмыстық қалдықтар түрлі жәшікке тасталады. Сұрыпталған қалыпта тасымалданады. Қоқыс контейнерлерінің жарамдылығы мен қоқыс тасымалдайтын көліктің тазалығына да мән береміз. Тұрғындардың қоқыс «керексіз зат» дегеннен гөрі кәдеге жарайтын шикізат екеніне көзі жеткенде бей-берекет лақтырмайды. Қоқыстың да пайдасы бар екенін түсінеді. Қоршаған ортаны таза сақтау процесінде ұсақ-түйек деген болмайды. Бір түйір қоқыстың да табиғатқа, адам денсаулығына зияны көп. «Қоқыс тастама!» деген ескертудің орнына біз қоқыстың пайдалы зат екенін тұрғындарға дәлелдедік. Таза ауа, таза табиғат аясында өмір сүрген, саяхаттаған адам айналасын таза ұстайды», – дейді Shenzhen Energy Environmental Protection Co., Ltd компаниясының Орта Азия бағыты бойынша жетекшісі Лю Со.

Мұнда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында балаларға арнап арнайы бөлім жасақтап қойған.

Мұнда балалар табиғатты сақтау, қоршаған ортаны қорғау туралы түрлі ойындар ойнайды. Сурет салады. Балалар арасында сурет көрмесі өткізіледі.

Оның айтуынша, халықаралық жиын, форумдарды Жердегі тіршілікті сақтап қалу мәселесін талқылағанда әрбір ел экологиялық мәдениетті қалыптастыруға айрықша мән бергені жөн. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін бала кезден табиғатқа қамқор болуға үйрету маңызды.

«Балалардың қиялы ұшқыр. Олардың салған суретіне шимай-шатпақ деп қарауға болмайды. Бала бейнені немесе құбылысты көз алдына қалай елестеді, суретте сол қалпында бейнелейді. Әрбір сурет адамға ой салады. Мұндағы фотода адамзаттың табиғатқа зиян қаншама өнеркәсіп орындарын салғанын, оның денсаулыққа кері әсерін қаламның ұшымен сөйлеткен қаншама сурет бар. Осылайша, біз табиғатты аялауға бала кезден баулимыз», – дейді Лю Со.



Наньшань экологиялық паркіндегі қызметкерлердің демалыс бөлмесі. Мұнда ән салып, кино көріп, кофе ішіп тынығуға болады. Фото: Aikyn.kz

Бұған дейін Қытайда TikTok онлайн сауда нарығын қалай өзгерткені жайында жазған болатынбыз.