Ливерпульден Алматыға бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы жеңіспен оралды. Әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған спортшыларды жанкүйерлер мен жақындары қуанышпен қарсы алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Kazinform тілшісі чемпионаттың қорытындысы жайлы ұлттық құрама сапындағы боксшылар – Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай және Елдана Тәліпованың жеке бапкері Долкунжан Камековпен сұхбаттасып, жарыстың ерекшеліктері мен шәкірттерінің жетістіктері туралы пікірін білді.
"Жалпы, Қазақстан құрамасынан 10 спортшы қатысып, алтауы жүлдегер болды – 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Менің шәкірттерім – үш спортшы, барлығы медаль алды: Алуа Балқыбекова – алтын, Назым Қызайбай – күміс, Елдана Тәліпова – қола еншіледі. Рефери кімнің қолын көтерсе, сол жеңді. Біз нәтижені өзгерте алмаймыз. Бірақ мен Назым финалды ұтты деп сенемін. Дегенмен төрешілер басқа шешім қабылдады", – деді Долкунжан Камеков.