Қытайда шөл даланы ну орманға айналдыру жаңалық емес. Шэньчжэньдегі «Биосфера – 3» ғылыми-тәжірибелік орталығында ғалымдардың зерттеу жұмысымен таныстық. Білім беру, көрме, тәжірибе орталығы жаңа стартап жобаларды іске асырады.
Қытайда ғылыми-инновациялық парк қалай жұмыс істейді?
Фото: Aikyn.kz
180
оқылды

Инновациялық технологияның көмегімен Күн сәулесінен, жел, судан электр энергиясын өндірудің сан алуан тәсілі бар. Басты артықшылығы энергия өндіру процесінің қоршаған ортаға зияны жоқ. Мәселен, электр энергиясын үзіліссіз тұтынатын зауыт, саябақ, коммерциялық және әлеуметтік нысандар үшін қосымша энергия көзін сақтау қажет. Тұтынушы үшін электр энергиясының құнын төмендетуге де септігін тигізеді.

Шатырдағы күн панельдері. Күннен электр энергиясы өндіріледі. Ғимараттың сыртқы жабыны микротормен қапталған. ҚХР. Шэньчжэнь қаласы. Фото: Aikyn.kz 

Шэньчжэнь қаласындағы көпсалалы «Ғылым инновациялық паркі» Күн сәулесінен, желден энергия өндіреді. Тіпті, жаңбыр суын да кәдеге жаратып отыр. Таулы аймақ екенін ескерсек, ғимарат табиғаттың тосын мінезіне төтеп беретіндей етіп салынған. Архитекторлар табиғи қауіп-қатерді ескерген. Жер сілкінісі, нөсер жауын, алапат дауыл соқса да теңселіп қайта қалпына келеді. Ғимаратты салу арқылы ғылым мен технологияның жетістігін пайдаланып, техногендік апаттарға да төзімді әлеуметтік нысан салуға болатынын дәлелдеген. Басты ерекшелігі мұндағы құрылысқа қолданылған материалдар бамбук, өңделген қоқыстан алынған шикізаттан тұрғызылған. 

Өндірілген электр энергиясын жинақтайтын транcформатор. ҚХР. Шэньчжэнь қаласы. Фото: Aikyn.kz.

Жаңбыр суы арнайы бассейнге жиналады. Су сүзгіден өткізіліп, тазартылып күнделікті қолданылады. Судың тазалығын бассейнде жүзіп жүрген балықтардың көптігінен байқауға болады. Фото: Aikyn.kz.

Тәжірибе орталығында түрлі жәндіктер мен балықтардың өмір сүру ортасы, оларды табиғатқа бейімдеу процесі туралы зерттеулер жүргізіледі. Ондағы мақсат - табиғи ортада өскен жәндіктер мен зертханада қолдан көбейтілген жәндіктердің жабайы табиғатқа бейімдеу процесін қадағалау. Мұндай зерттеулердің көптеп жүргізілуі ғылымның дамуымен қатар табиғи өнімдердің үлесін арттыруға да септігін тигізеді.   

Инновациялық парк тәжірибе алаңы болумен қатар, сәтті жүзеге асқан идеялар орталығына айналып отыр. Стартап жобаларды жетілдіру, қолданысқа енгізу процесінде ғалымдардың шыңдалуына, ғылымды дамытуда айрықша үлесі бар. Тіпті, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жарату да табиғатты сақтап қалуға оң ықпалын тигізеді. Қайта өңделген шикізатты концерт залының құрылысына пайдаланған. Мұндағы мақсат өндірістік, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу процесін жетілдіру. Қоршаған ортаны табиғи қалпында сақтап қалу.   

Концерт залының қабырғасы өңделген тұрмыстық қалдықтардан салынған. Орындықтар бамбуктан жасалған. Төзімділігі мен сапасына кепілдік берген. Фото: Aikyn.kz 

Бамбукты жиһаз өндірісіне қолдану арқылы ормандағы ағашты сақтап қалады. Бамбук төзімділігі, сапасы жағынан ағаштан кем түспейді. Фото: Aikyn.kz   

Орталықта әлемге қауіп төндіретін табиғи апат туралы арнайы көрме залдары бар. Мамандар ғаламдық жылынуға қоршаған ортаны  ластайтын газ әсер етіп отырғанын айтады. Климаттың күрт өзгеруі тау шыңындағы мұздықтардың еруіне тікелей әсер етіп жатыр. 

Гималай тауының қарлы шыңы. Қытай Халық Республикасы. Фото: Aikyn.kz

Мәселен, Гималай тауындағы мұздықтардың жылдам еруі жер бетіне үлкен қауіп төндіреді. Мұздықтардың жылдам еруі ғалымдарды да алаңдатып отыр. Себебі, мұздықтар дәл осы қарқынмен жылдам еритін болса, алапат су тасқыны қауіп төндіреді. Табиғи апат салдарынан таза ауызсу тапшылығы туындауы мүмкін.     

Гималай тауындағы мұздықтар еріп, қардың көбесі сөгілген. Фото: Aikyn.kz

Бұл орталықта ғылыми технологияның сан алуан түрі сынақтан өтеді. Табиғи ресурстардан энергия, өнім өндіреді. Күн сәулесінен өндірілген электр энергиясын орталықтың өзі де пайдаланады. Осындай тәжірибе алаңы арқылы ғылымның тәжірибемен ұштасуына ықпал етіп отыр. 

Орталықтың шатырында үй құстарын, бау-бақшада жеміс-жидек өсіреді. Шатырда асқабақ, қияр, қызанақ және т.б. жемістерге химиялық тыңайтқыштар қолданбайды.   

Көпсалалы парк – тәжірибе алаңы әрі туристер мен оқушыларды табиғатты қорғау үшін әрбір адам атсалысуы тиіс екенін ұғындыратын көрме орталығы. 

Бұған дейін Қытайда қоқысты өңдеп электр энергиясын алатыны туралы жазған болатынбыз.