Қазақ халқының рухани әлемінде Абай Құнанбайұлы – ұлт ойының, сөзінің ғана емес, саз әлемінің де ұлы реформаторы. Оның өлеңдері мен қара сөздері ғасырдан астам уақыт бойы зерттеліп, талданып келеді. Ал Абайдың музыкалық мұрасы туралы сөз қозғалғанда, әлі күнге дейін ғалымдардың санасында сауал көп. Бір қарағанда Абай әндері деп айтылып жүрген туындылар ел арасына кең тараған, жаттанды болып кеткен. Дегенмен сол әндердің барлығы бірдей Абайдың төл туындысы ма? Жоқ әлде уақыттың, ауыздан-ауызға жеткен мұраның, тіпті мақсатты бұрмалаудың нәтижесінде ұлы ақынға телініп кеткен әндер де бар ма?
Бүгінде бұл сұраққа нақты жауап берудің уақыты жетті. Себебі соңғы жылдары Абайдың ән мұрасын жан-жақты зерттеп, терең зерделеген арнайы еңбек жарық көрді. Бұл – әнші, зерттеуші Еркін Шүкіманның «Көзімнің қарасы. Абайдың музыкалық мұрасы» атты көлемді еңбегі (Алматы, 2022). Кітапта Абайдың өз әндерін дерек пен дәйек арқылы жіктеліп берілген. Автор тарихи-музыкалық, мәтіндік, орындаушылық және архивтік салыстырулар арқылы Абайдың әндерін жаңа қырынан ашады.
Біздің бұл мақаламызда мақсат – Абайға тиесілі шынайы әндерді анықтап, әрқайсысына қысқа ғана шолу жасау. Бұл бағыттағы ғылыми-зерттеулердің нәтижесін қазақтілді интернет кеңістігінде алғаш рет нақты әрі жүйелі түрде ұсыну.
Желсіз түнде жарық ай (1). Абайдың алғашқы туындысы. 1888 жылы болса керек. Еркін Шүкіман ән жайлы: “Тынық түн суреті мен тұнық сезім құдыреті қалай сәтті байланысса суреттелсе, әнге айналған сөз бен сазы да солай тұтасып, бір бүтінге айналған” дейді.
Ішім өлген, сыртым сау. Халық арасында аз танымал әндердің бірі. Ән мәтіні 1909 жылғы жинаққа алғаш рет басылса, 1935 жылы Л. Хамиди Әрхам Ысқақовтың орындауынша нотаға түсірген екен. “Ән Абай операсының 4-ші актісінде Көкбай мен Қарлығаштың дуэтіне пайдаланылған”, – дейді Е.Шүкіман.
Біреуден біреу артылса (2). Бұл да сирек орындалып жүрген ән. Әсет ақынға арналған деген дерек бар. Қолымыздағы жинақта “Е.Брусиловский, Л.Хамиди және Қ.Жүзбасовтардың нотаға түсіруімен әннің үш нұсқасы жеткен… Барлық нұсқалардың негізі бір” деп жазылған.
Сегіз аяқ (3). Қазақтың ән өнерінде шоқтығы биік, ерекше пішінде жазылған өлең. Бүгінге дейін Сегіз аяқ әнінің оннан аса түр-нұсқалары жеткен екен.
Еркін Шүкіман: “Сегіз аяқ – Абай өлеңдері ішіндегі құрылысы жағынан қаншалықты өзгеше, өрнекті, оқшау болса, әндерінің ішінде де соншалықты күрделі, дара және ел ішіне кең таралғаны болып есептеледі”.
Қор болды жаным (4). Бүгінге дейін әннің бірнеше нұсқасы жеткен. Айтушылары Е.Дайрабай (нотаға түсірген А.Затаевич), Ә.Қашаубаев (н.т. Е.Брусиловский), Ә.Ысқақов (н.т. Л.Хамиди), М.Мұхаметжанова (н.т. Қ.Жүзбасов және Е.Шүкіманның өзі де қайта түсірген) , Б.Көмкебаев (жазып алған А.Серікбаева) және Т.Рахимов та айтып кеткен.
“Қор болды жаным – ел санасынан өшіп, ұмытылуға жақын қалған әндердің бірі… Келешекте осы әндердің орындалуы басты мұрат болуы тиіс”, – дейді Еркін Шүкіман.
Сен мені не етесің (5). Өлең ерекше пішінде, буын-бунақтары ауысып тұратындай шығарылған. “Ақынның осындай күрделі өлеңге шығарған әні де басқа туындыларына ұсқамайды” деп жазады кітаптың авторы.
Айттым сәлем, Қаламқас (6). Сірә, Абайдың халық ішінде ең танымал әндерінің бірі болса керек. Алғаш нотаға түсірген А. Бимбоэс (бірақ Сегіз аяқ деп атапты). Сонымен қатар өзгеше нұсқасын Латиф Хамиди де нотаға түсірген екен. Және де Б.Ерзакович Темірболат Арғынбаевтың орындауында жазып алып, әуенін нотаға аударған.
Еркін Шүкіман Татьяна хаты (7) және Татьяна жауабы (8) деп екі әнді қатар беріп, толық ғылыми түсініктеме жазып шыққан. Сонымен бірге Онегиннің Татьянаға жауабы (9), Онегиннің Татьянаға жазған хаты (10), Онегиннің өлердегі сөзі (11) атты атаумен таралған әндер де осы топтамадан. Бұл бес әнге түсініктеме ретінде автор 20 бет арнаған. Әрбір әнге қатысты зерттеулер мен нұсқаларды салыстырма берген. Әңгіме реті келген соң айта кету керек, қалың көпшілікке танымал “Тәңір қосқан жар едің сен…” деп басталатын әннің дұрыс атауы осы “Татьянаның жауабы” екен.
Өзгеге көңілім тоярсың (12). Бұл да ақынның көп орындалмайтын әндердің бірі болса керек. Алғаш рет Затаевич “500 ән-күй” жинағына жариялаған екен. Еркін Шүкіманның жазуынша, Затаевич жазылған уақыттан бастап (өткен ғасырдың 20-30 жылдары) 1995 жылға дейін бұл әнді ешкім орындамаған көрінеді. Тек аталған жылы Тұрсынғазы Рахимов Абай тойына арнап теледидардан арнайы хабарда айтқан екен. Кейін Ерлан Рысқали әншілік интерпретациямен Қазақтың мың әні жинағына да жаздырған.
Ата-анаға көз қуаныш (13). Ақынның ұлы Ақылбайға арнағаны. Әнді алғаш Б.Ерзакович Қ.Лекеровтің орындауында нотаға түсірген. Бізге Жүсіпбек Елебеков айтқанымен жетіп отыр.
Көзімнің қарасы (14). Ақынның ең танымал әні десек қателеспеспіз. “Өлеңде ғашық жарға деген іңкәрлік, ыстық сезім, “жүректен қозғай” тіл қатқан ішкі сыр, ынтық “көңілі тынар күнді” аңсап үздіккен, күйіп-жанған жігіттің жай-күйі, сүйген жардың сұлу бейнесі, екеуінің жүрек лүпілі айқын суреттеледі” дейді автор. Әннің екі түрі мен бірнеше нұсқалары жеткен. Е.Шүкіман еңбегінде барлығын саралап шығады.
Сұрғылт тұман дым бүркіп (15). Бұл ән жайлы біраз кереғар пікірлер бар екен. Еркін Шүкіман "ән Абайдың және Ақылбайдың (Абайдың ұлы) әні" екен деректерге талдау жасайды.
Бойы бұлғаң (16). Тұрағұл Абайұлы “...көбінесе өлеңді қыстыгүні жазушы еді. Бойы бұлғаң, сөзі жылмаң деген өлеңді 1892 жылы, Оспан өткен жылы қыстауға қонғанда жазып еді. Бұл өлеңнің аяғы “Кешегі Оспан, бір бөлек жан” деген өлең” деп жазған екен.
“Абай “Бойы бұлғаңға” арнайы ән шығарған. Бүгінгі күнде Абайдың ән мұрасы дегенде алдымен ауызға ілінетін әндердің қатарында, көпке мәлім, кең тараған. Ақын әндерін жинақтау барысында бұл ән үш адамнан жазылып алынған”, – дейді Еркін Шүкіман.
Қараңғы түнде тау қалғып (17). Абай Лермонтовтан, ал ол өз кезегінде Гетедан аударған өлең. Басқа танымал әндері сияқты жаңа бағытта шығарған туындылардың бірі. Алғаш жеткізген Әрхам Ысқақов.
Қарашада өмір тұр (18). Бұл әнді автор бірнеше деректерге сүйеніп талдап, Абайдың не Шәкәрімнің әні деген дәлелдерге сараптама жасайды. Сөз соңында “...болашақта өзінің зерттелуін күтіп тұрған әндердің бірі. Себебі, әннің жинақталуынан бастап стильдік ерекшелігіне дейінгі көзқарасымыз әннің нақты ақынға тиесілі екеніне күмәнді де күдікті ойлар туғызды” деп қорытындылайды.
“Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа” (19 ) атты әнді автор қысқа ғана қайыра жазып, “Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?” (20) атты әнге тоқталады. Еркін Шүкіманның жазуынша, бұл әннің екі түрлі жеткен. Автор бірі Абайдікі, екіншісі Ж. Кәрменовтікі деген тоқтамға келеді.
“Мен көрдім ұзын қайың құлағанын” (21) әні жайлы “ақынның музыкалық мұрасы бүгінге дейін кең таралмаған ән болғанмен, музыкалық тілі бай, драмалық сипаты терең, диапазоны кең ірі шығармалардың бірі деп толық айтуға болады” дейді. Осындай әндердің қатарында “Есіңде бар ма жас күнің” (22) және “Сүйсіне алмадым, сүймедім” (23) де бар.
Сонымен қатар Еркін Шүкіман бірқатар әндерді “Абай шығарды” деп жалған телініп кеткен дейді. Олардың қатарында “Жарқ етпес қара көңілім не қылса да (Сыдық Мұхаметжановтың әні), “Өзгеге көңілім тоярсың” әнінің танымал нұсқасы Әбілахат Еспаевтың қолынан туған екен. Және “Әбдірахманның әйелі Мағышқа Абай шығарып берген жоқтау” мен “Теректің сыйының” әуені Абайдікі емес екен.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялау кезінде авторын көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.