Оқыс оқиға 18 қыркүйек күні Атырау облысы Жылыой ауданына қарасты Құлсары қаласының орталық көшелерінің бірінде болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
Белгісіз ер адам шамамен 6 жастағы қыз бала мен 8 жастағы ер баланы қолдарынан тартып, "менімен бірге үйге жүріңдер" деп жұлқылап алып кетпек болған. Осы кезде ұлын балабақшаға апарып тастап келе жатқан әйел адам балалардың жылаған дауысынан шошынып, ер адамның қолынан кішкентайларды тартып алады. Шошып жылаған балаларды көшеде бірінші кездескен көлікке отырғызып, алып қашады. Абырой болғанда, балалар ата-аналарына аман-есен жеткізілді. Біз Атырау облысы Полиция департаментінен оқиғаның арты қалай болғанын сұрадық.
Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 1985 жылы туған күдіктіні анықтап, ұстады. "Тексеру барысында оның ІІ топ мүгедегі екені белгілі болды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдіктінің заңды өкілімен (қамқоршысымен) профилактикалық шаралар жүргізілді. Сонымен қатар оны арнайы емдеу мекемесіне орналастыру туралы құзырлы органдарға ұсыныс жіберілуде.
– Осы оқиғаға байланысты кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарымен де түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Балаларды қараусыз қалдырмау туралы қатаң ескертілді, – деді Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Баян Жанұзақова