Жыл басындағы көрсеткіштерге сәйкес, мемлекеттік архивтерде сақталған құжаттар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 298 мыңға артқан. Дегенмен бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 59%-ға аз. Осы көрсеткіштің өзінен-ақ еліміздегі архив жүйесінде шешімін күткен мәселелер аз емес екенін көреміз. Құжаттардың уақытылы тапсырылмауы, кейбір ұйымдардың оларды мүлде жоюы, жаңа архивтердің салынбауы және архив қызметкерлерінің мәртебесінің төмендеуі – саланың дамуын тежеп отырған басты факторлар. Бүгінгі сұхбатымызда біз архив ісінің ел дамуы үшін маңызы, заңнамалық олқылықтар және оларды жою жолдары, сондай-ақ цифрлық архивке көшудің артықшылықтары туралы әңгімелесеміз. AIQYN-ның «Мәжіліс мінберінде» – Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы.
– Архив ісі стратегиялық сала екені белгілі. Бүгінде отандық архивтердің ел дамуы үшін маңызын қалай бағалар едіңіз?
– Мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген кезде архив мәселелеріне тереңірек бойлап, бұл саланың ел үшін де, әрбір азамат үшін де маңыздылығын іс жүзінде танып-білуге мүмкіндік алдым.
Бір сөзбен айтқанда, архивтердің басты міндеті – мемлекеттің және халықтың тағдырына әсер еткен маңызды оқиғаларға қатысты нақты деректерді қамтитын түпнұсқа құжаттарды сақтай отырып, тарихи шындықты сақтау. Дәл осы архивтік құжаттар еліміздің шынайы жылнамасын жүргізеді, белгілі бір салада немесе белгілі бір тұлғамен байланысты оқиғаларды нақты қалпына келтіруге, оның шешім қабылдау барысындағы рөлін анық көруге мүмкіндік береді. Тарихында «ақтаңдақтары» аз емес біздің ел үшін мұның ерекше құндылығы барын көпшілік жақсы түсінеді деп ойлаймын.
Осы тұста архивтердің сағат секілді дәл жұмыс істеуі аса маңызды. Мемлекеттік органдар мен заңды тұлғалар белгілі бір заңмен бекітілген тізімге сәйкес құжаттарын тұрақты әрі уақытылы өткізіп отыратын бірыңғай жүйе болуы керек. Мұнда үзілістерге де, бұрмалаушылыққа да жол берілмеуі қажет.
Сондықтан архивтерді кез келген мемлекет үшін стратегиялық сала деп нық айтуға болады. Көптеген елдерде архивтердің мәртебесі өте жоғары. Мысалы, көршілес Ресейде Федералдық архив агенттігі Ресей Федерациясы Президентінің қарамағында жұмыс істейді, Әзербайжанда Ұлттық архив басқармасы Министрлер кабинеті жанында, ал Тәжікстанда Мемлекеттік архив басқармасы Үкімет жанында қызмет етеді. Мұндай мәртебе құжаттарды жинау мен сақтауды ең жоғары деңгейде қатаң үйлестіруге мүмкіндік береді.
Бұл жерде кеңестік кезеңді еске ала кеткім келеді. Ол кезде архивтер өте жүйелі жұмыс істеді. Сол себепті арада ондаған жыл өтсе де қажетті құжаттарды оңай табуға болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін, өкінішке қарай, біз бұл тәжірибеден айырылып қала бастадық. Жаңа архивтер салуды да, барларын жаңғыртуды да доғардық, архив қызметкерлерінің жалақысы біртіндеп төмендеді, ал мамандықтың тартымдылығы кеми берді.
Сонымен қатар құжаттарын архивке тапсыруға міндетті мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдар бұл міндетін орындамай қойды. Ал салалық мемлекеттік органдардың оларды мәжбүрлейтін құқықтық тетіктері болмады. Оның үстіне, мұнда кейбір тараптардың өз мүддесі болды. Егер уақыт өте құжаттар жоғалса, шешімдердің қалай қабылданғанын, кім қол қойғанын, қаржының қайда жұмсалғанын анықтау қиынға соғады. Мұндай «бұлыңғыр жағдай» біреулерге пайда табуға ыңғайлы болатыны түсінікті.
Сондықтан егер ертеңгі күні тарихымызды ешқандай қоспасыз, бұрмалаусыз сақтап қалғымыз келсе, архив саласындағы жүйелі проблемаларды шұғыл шешуіміз керек. Жақында Мәжілістің пленарлық отырысында цифрлық архивті дамыту туралы заң жобасын қараған кезде, әріптес депутаттарым осы мәселенің барлығын орынды көтерді. Уәкілетті орган ретінде Мәдениет және ақпарат министрлігіне көптеген ұсыныстар айтылды.
– Сіз айтып өткен заңнамалық олқылықты жою үшін қандай түзетулер енгізу қажет?
– Қазір менің қолымда дайын редакция жоқ. Бірақ ең алдымен министрлік шетелдік тәжірибені зерделеуі керек деп санаймын. Ол жақта қандай заң нормалары бар, қалай жұмыс істейді, соны қараған жөн. Бізге «велосипед ойлап табудың» қажеті жоқ, жақсы жұмыс істеп тұрған тәжірибені алып қолданайық.
Әрине, бұған жүгінгіміз келмейді, бірақ мүмкін, құжаттарды архивке уақытылы әрі толық өткізбегені немесе оларды жойғаны үшін лауазымды тұлғалар мен заңды тұлғалардың басшыларына айыппұл енгізу керек шығар.
Мемлекеттік архивтердің ұйымдардың жұмысын қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін құралдары болуға тиіс. Сонда қай құжаттардың, қашан түсуі қажет екенін анық түсінуге болады. Ол үшін жасанды интеллект элементтері бар цифрлық шешімдерді енгізу қажет болуы мүмкін.
– Отырыста 2024 жылы архивке тапсырылған құжаттар саны 59%-ға азайғаны айтылды. Бұл құбылыстың басты себептері қандай деп ойлайсыз?
– Халық саны жылдан жылға өсіп келеді. Демек, соған сәйкес құжаттардың да артуы – заңды құбылыс. Әдетте, архивке тапсырылатын құжаттардың көлемі халықтың өсуімен бірге 100 пайызға артуы тиіс еді. Ал мұнда көрсеткіш керісінше 59 пайызға төмендеп отыр! Сонда қалай түсінеміз? Соңғы жылдары елде халық саны күрт азайып кетті ме? Әлде зейнетке шығып жатқан, жұмысынан босап жатқан адамдардың қатары сиреп қалды ма? Жоқ, әрине! Құжат азайған жоқ. Бұл – тек жауапкершіліктің жоқтығы, талаптың әлсіздігі, жүйенің қауқарсыздығының айқын көрінісі. Кейбір басшыларға қабылдаған шешімдері үшін кейін жауапкершілік көтергеннен гөрі, барынша «жабық» қалыпта ұстау тиімді. Уақыт өткен соң ешкім сұрамағаны жақсырақ сияқты.
Сондықтан біз барлық жағынан мемлекеттік те, жекеменшік те ұйымдардың басшыларын құжаттарды міндетті түрде архивке тапсыруға мәжбүрлейтін нақты жұмыс істейтін жүйе құруымыз қажет. Бұл олардың жауапкершілігін бірнеше есе арттырады деп ойлаймын және заңбұзушылықтарды азайтудың қосымша факторы болады. Егер тіпті бірнеше жылдан кейін де қандай да бір заңбұзушылықты анықтап, заң бойынша жауапқа тартуға болатынын білсе, көпшілік екі рет ойланатын болады.
Архив саласының жұмысын қалыпқа келтіру – Мемлекет басшысы айтып жүрген Заң мен Тәртіп диктатурасы қағидатын іс жүзінде жүзеге асырудағы үлкен қадам болмақ.
– Қалай ойлайсыз, құжаттардың жоғалуы азаматтардың әлеуметтік және зейнетақы құқықтарына қандай қатер төндіреді?
– Архивтік құжаттар – ел Конституциясына сәйкес әрбір азаматтың әлеуметтік және мүліктік құқықтарының кепілі. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, еңбек өтілін растау үшін немесе жоғалған құжатты қайта дәлелдеу үшін азамат міндетті түрде белгілі бір кезеңде, белгілі бір ұйымға жұмысқа орналасқанын құжат түрінде көрсетуге тиіс. Сондай-ақ қай жоғары оқу орнында оқығанын, қандай мамандық алғанын дәлелдейтін деректер болуы керек. Егер мұның бәрі архивте болмаса, азамат ештеңені дәлелдей алмайды. Соның салдарынан, ол аз мөлшерде зейнетақы немесе әлеуметтік төлем алуы мүмкін.
Менің қолымда дерек бар: Алматыдағы кезінде аты белгілі бір жоғары оқу орны жабылғанда, ол өз құжаттарының барлығын жойып жіберген. Енді елестетіп көріңізші, егер сол оқу орнының түлектері дипломдарын жоғалтып алса, олар сол жерде оқығанын қалай дәлелдейді? Құжаттар түгел жойылған соң, ондай мүмкіндік біржола жоғалды.
Бұл мәселе 90-шы жылдары жұмысын бастаған азаматтар жаппай зейнетке шыға бастағанда одан сайын ушығады. Себебі ол кезеңде мемлекеттік кәсіпорындар жабылып, жекеменшік сектор қарқынды дамыған болатын. Көпшілік негізінен мемлекеттік емес коммерциялық салада еңбек етті.
Біз әрбір архивтік құжаттың болашақта, ешқандай әсірелеусіз, нақты бір адамның тағдырын шешетін маңызы бар екенін түсінуіміз қажет. Архивтерге дәл осындай көзқарас қалыптасуы керек деп білемін.
Қазір Мәжілісте қаралып жатқан архивтер туралы заң жобасында осы проблемаларды шешуге бағытталған бірқатар шара ұсынылып отыр. Мысалы, Ұлттық архив қорының құрамы нақтыланып, оған жаңа құжат түрлерін қосу қарастырылуда. Олар – тәжірибелік-конструкторлық, жобалық-сметалық және қала құрылысы құжаттары, Қазақстаннан тыс жерлерде анықталған, түпнұсқаға тең құқы бар архив құжаттарының көшірмелері және өзге де материалдар.
Тарихи-мәдени мұраны сақтау үшін мемлекеттік бюджет есебінен жасалған аудиовизуалды құжаттардың даналарын жеке және заңды тұлғалардың міндетті түрде архивке тапсыру нормасы енгізілмек. Бұл шара тәуелсіз Қазақстан тарихындағы оқиғалар мен деректерді толыққанды көрсетуге мүмкіндік беретін Ұлттық архив қорын құжаттармен толықтыруды қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ архив қызметкерлерінің белгілі бір санатының еңбекақысын арттыруға мүмкіндік беретін нормалар ұсынылуда. Цифрлық архив жүйесін толыққанды енгізуге құқықтық негіз жасалмақ.
Ең бастысы, Мәжілісте бұл заң жобасының ашық талқылануы қоғам назарын архив саласының проблемаларына аударды. Бұл – архивтердің дамуы үшін жаңа шешімдер әзірлеуде өте маңызды қадам. Депутаттар корпусы Үкіметпен бірге осы бағытта белсенді жұмыс істеуге ниетті.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Кәмила ЕРКІН