Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында бірінші кезекте еліміздің әлемдік жаһандану кезеңінде көштің соңында қалмай, заманға сай цифрландыру мен жасанды интеллектіге назар аударуды шегелеп тапсырды.
Жолдау жолдарындағы жаңа серпін
2,603
оқылды

Сонымен қатар Қазақстан ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруді көздеп отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығына байланысты тапсырмалар айрықша маңызға ие болмақ. Өйткені ел экономикасының басты тірегі – ауыл еңбеккерінің маңдай тері мен жердің несібелі ырысы.

Ақмола облысы осы бағытта айтарлықтай ауқымды істерді жү­зеге асырып келеді. Соның нақты мысалдарын Жарқайың мен Есіл аудандарындағы кездесулер мен жаңа әлеуметтік нысандардың ашы­луынан, өңірді цифрлық жаң­ғырту жобаларынан анық көруге болады.

Агроөнеркәсіп ілгері басты

Облыс әкімі Марат Ахметжанов Жарқайың ауданы тұрғындарымен кездесуінде ең әуелі орақ науқаны­ның уақытылы өтуі  өңірдің басты міндеті екенін қадап айтты. Шын­дығында, бұл аудан – Ақмоланың негізгі астықты аудандарының бірі. Мұнда егіс алқабы 695 мың гектарға жуықтап, облыстағы жалпы егіс алқабының 12,6 пайызын алып жатыр.

Астықты өңірдің басты эко­номикалық драйвері – ауыл шаруа­шылығын әртараптандыруға баса назар аудару.  Атап айтқанда, майлы дақылдар алқабы 7 есеге ұлғайып, 13 мың гектарға жетті. Мал шаруа­шылығында «Темірлан» ЖШС сүт-тауарлы фермасы 410 басқа кеңей­тілді. Биыл 2,8 млрд теңгеге 11 ин­вестициялық жоба атқаралып, сүт фермасы, астық қоймасы, мал шаруашылығы базасы құрылып, 55 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Жалпы, Ақмола өңірінде биыл ауыл шаруашылығына 242,7 млрд теңге қарастырылған. Оның 63,3 млрд теңгесі – субсидиялар, қал­ғаны жеңілдетілген несиелер мен инвестицияға бағытталып отыр. Мәселен, «Кең дала» бағдарламасы бойынша – 13,3 млрд теңге, «Кең дала-2» – 104,7 млрд теңге, «Ауыл аманаты» бағдарламалары бойын­ша  2,5 млрд теңге қаражат бөлінген. Соның арқасында биыл аймақ 7 млн тоннаға жуық астық жинап, рекорд тіркемек. Ал майлы дақыл­дардан алғаш рет 650 мың тонна өнім алу көзделген.

Салаға тартылған инвестиция көлемі жыл басынан бері 60,5 млрд теңгеге жетіп, былтырғыдан 1,5 есе артқаны мәлім болды. Ауыл шаруа­шылығы техникасы да жаңартылып биылдың өзінде 1 430 техника алынып, 47 млрд теңге жұмсалды.

Ақмола облысы алдағы 10 жыл­да әлемдік астық өңдеушілердің үздік ондығына енуге ұмтылуда. Бұл үшін Қытайдың «Далянь» компаниясымен бірлескен астықты терең өңдеу зауыты салынбақ. Жобаның жалпы құны – 1,8 млрд доллар. Зауыт жылына 3 млн тонна астықты өңдеп, глютен, крахмал, тыңайтқыш шығарады.

Сонымен бірге 963 млрд теңге болатын 86 инвестициялық жоба­ның пулына жол ашылмақ. Нәтижесінде, сүт өндірісі – 1,5 есе, ет – 1,2 есе, жұмыртқа көлемі 13 пайызға артады.

Аймақта астық экспорты да дамып келеді. Эстонияның Muga Grain Terminal компаниясымен келісім негізінде биылғы жылдың 8 айында ғана 155,6 мың тонна бидай шетелге жөнелтілген. Қатар еліне қой етін әуе арқылы экспорттау тәжірибесі жолға қойылыпты. 

Дегенмен шешуді қажет ететін мәселелер де жоқ емес. Жайылым тапшылығы, тұрғын үй құрылысы­ның баяулығы, жолдар мен көпір­дің тозуы, дәрігерлердің жетіспеу­і сияқты халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер де айтыл­ды. Әкім олардың бәрін бақылауда ұстай­тынын жеткізді.

Ауылдың дамуы тек егін және малмен өлшенбейді. Халық үшін ең әуелі сапалы медицина керек. Осы­ған орай Есіл ауданының Ақсай ауылында жаңа дәрігерлік амбула­тория ашылды. Ол Ақсай, Орловка және Бұзылық ауылдарының 1 266 тұрғынына қызмет көрсетпек.

Жаңа нысанда физиотерапия­дан бастап күндізгі стационарға дейін қызмет етеді. Ауыл тұрғыны Мақсұт Молдарахымның сөзінше, бұрынғы амбулатория тар әрі суық болған. Енді барлық жағдай жаса­лып жатқанына ризашылығын айтып отыр.

Бұл – Ақмола облысында мем­ле­кеттік «Ауылдық денсаулық сақ­тауды жаңғырту» бағдарламасы ая­сында салынған екінші амбула­тория. Бұған дейін тұрғындар 60-жылдары салынған ескі ғима­ратта емделген еді.

Digital Aqmola: өңірдің цифрлық болашағы

Ақмоланың дамуында инно­вациялық өзгерістер де ерекше орын алады. Өңірге ресми сапармен ат басын тіреген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Aqmola ор­талығында өңірді цифрлық жаң­ғыр­ту жоспары жайында тың дерек­терге қанықты.

Бұл жоба көлік, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық, қауіп­сіздік, экология және денсаулық сақтау салаларына біртұтас орта­лықтандырылған мониторинг жүр­гізбек. Ең бастысы, үш жыл ішінде Ақмола толық цифрлық өңірге айналады.

Мәселен, «Дихан-Плюс» қожа­лығында жасанды интеллект не­гізінде агрожүйе сынақтан өтті. Ол өнімділік пен кірісті арттыруға септігін тигізеді. Президентке әлеуметтік инфрақұрылым, жаңа ЖЭО құрылысы, газдандыру, спорттық және медициналық ны­сандар жөнінде мәлімет берілді.

Қосшы қаласына жаңа жоба негізінде табиғи газ қосылды. Ұзын­дығы 409 шақырымдық ма­гис­траль сағатына 32 800 текше метр көлемінде газ жеткізеді. Жо­баның жалпы құны – 11,4 млрд теңге.

Қорыта айтқанда, ауыл шаруа­шылығы – Ақмоланың ғана емес, бүкіл елдің стратегиялық күші. Табыстың артында мемлекеттік қолдау, жаңа технология, еңбекқор диқан мен малшы тұр. Ал Прези­денттің Жолдау жолдарында жүк­теген нақты тапсырмалары алдағы меженің айқын бағдары болмақ.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы