Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру жөнінде тапсырма бергені белгілі. Президент мақсаты – елді 3 жыл ішінде жаппай цифрлы мемлекетке айналдыру. Жақында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы құжатқа қол қойды. Құжатқа сәйкес, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі болып қайта құрылды.
Ал инновациялық қызмет саласындағы функциялар мен өкілеттіктер Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілген. Министр Саясат Нұрбектің мәліметінше, инновациялық гранттар бөлу, өнеркәсіптік инновациялық жобаларды қаржыландыру, инвестициялық қорлар құру, арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, акселерация және бизнес-инкубацияны жүргізу, білім беру және ғылыми-технологиялық бағдарламаларды енгізу істері енді Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырында болады. Ал жаңа министрлікті кім басқаратыны әзірге жарияланбады.
Ерте басталған үдеріс
Бүгінде әлемнің бірқатар елі ЖИ технологиясына ерекше мән беріп отыр. Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай, Эстония және Тәжікстан білім беру бағдарламасына да өзгеріс қосып, мектеп оқушыларына ақылды жүйе негізінде арнайы пән оқытуды міндеттеді. Қазақстан ЖИ министрлігін құрған алғашқы ел емес. БАӘ ЖИ министрлігін алғашқылардың бірі болып 2017 жылы ұлттық стратегия негізінде ашқаны бар. Абу-Даби билігі 2027 жылға дейін «ЖИ-ға негізделген әлемдегі алғашқы әрі толыққанды Үкіметке» айналуды көздейді.
Бәрінен бұрын айды аспанға шығарған Албания билігі болып тұр. Dielle – Албанияның Ақпараттық қоғамның ұлттық агенттігі жасап шығарған жасанды интеллект. Мемлекет Еуропалық одаққа кіру, цифрлы елге айналу, сыбайлас жемқорлықты азайту сынды мақсатқа жету үшін жасанды интелектіні министр ретінде тағайындаған. Қазір ол мемлекеттік сатып алуларды қадағалайтын жасанды интеллект-министр ретінде қызметін бастап кетті. Есімі албан тілінде «күн» деген мағына беретін министр 2025 жылдың қыркүйегіне дейін 36 мыңнан аса құжат жүргізу мен 1 мыңға жуық қызмет көрсетуге көмектескен.
Су үнемдеу мәселесіне де араласқаны жөн
«Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі немен айналысады?» деген сұрақ бәрінің көкейінде қалғаны рас. Біз ЖИ құралын өз саласында қолданып жүрген мамандардың жаңа министрліктің жұмысына қатысты ұсыныс-пікірін білуге тырыстық. Агро-сарапшы Қайрат Сұлтанбек ЖИ технологиясын пайдалану арқылы елдегі көптеген проблеманы шешуге болатынын айтады. Егер министрлік дұрыс сипатта жұмыс жүргізсе, Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында суды үнемдейтін, өнімі жоғары, қаржылай тұрақты жүйеге ие елге айналатынын жеткізді.
– Ұсынысым, министрлік тек IT саласы немесе цифрлық білімге көңіл бөлмей, агроөнеркәсіптік кешеннің цифрлық трансформациясына нақты жауап беретін құрылым болуы керек. Бүгінде еліміздің ауыл шаруашылығы ішкі нарықты толық қамти алмай отырғаны рас. Басты кедергінің бірі – өнімділіктің төмендігі мен су тапшылығы. ЖИ бұл мәселелерді шешуде бірнеше бағытта нәтижелі жұмыс істей алады. Мысалы, ЖИ жер серіктерінің және климаттық деректерді талдап, нақты қай аймаққа қанша су қажетін болжай алады. Бұл су шығынын азайтып, үнемдеуге мүмкіндік береді. Егістік жағдайын талдап, қай жерге қандай дақыл егу тиімді болатынын анықтайды, егіс мерзімін, тыңайтқыш мөлшерін, аурулар мен зиянкестердің тарау қаупін алдын ала анықтайды. Сонымен қатар ЖИ арқылы су тапшылығы бар өңірлерде тамшылатып суару, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды қолдану, агротехниканы оңтайландыру сияқты шешімдерді автоматты түрде ұсынуға болады, – дейді ол.
Сарапшы тиімді агротехнологияларды пайдаланып, жоғарыда айтылған жағдайға жіті мән берсе, шығын азайып, өнім көлемі артып, судың әр литрі тиімді жұмсалатынын түсіндірді. Мұның бәрі министрліктің сапалы жұмысына тікелей байланысты екенін айта келіп, ұсыныс-тілегін де жеткізді.
– Ауыл шаруашылығы деректерін бірыңғайландырып, фермерлердің жер, техника, өнім, климат бойынша деректері бір платформада жиналып, талдануға тиіс. Агроинновацияларды қолдап, ЖИ-ді енгізу үшін стартаптарға, ғылыми-зерттеу институттарына грант және қаржыландыру тетіктерін арттырған жөн. Су және жер ресурстарына мониторинг жүргізіп, дрон, спутник, сенсорлық жүйелер арқылы ел көлемінде нақты карталар жасау керек. Фермерлерге онлайн кредит беру, агросақтандыру, форвардтық келісімшарттар сияқты құралдарды ЖИ-мен интеграциялау маңызды. Ең негізгісі – кадр дайындау мәселесі. ЖИ-ді ауылдағы агрономнан бастап мемлекеттік қызметкерге дейін қолдана алатындай білім беру жүйесін құру қажет, – деді сарапшы.
Шалғайдағы ағайынға интернет керек
Жақында Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде депутат Асхат Аймағамбетовтің төрағалығымен «Әлеуметтік салада жасанды интеллектіні қолдану» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Денсаулық сақтау министрлігі алдағы үш жылдық бюджет аясында 2026 жылға дейін ЖИ мен телемедицинаны дамытуға 500 млн теңге бөлуді жоспарлаған. Бұл жаңалықты естіген «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Аралбайұлы жасанды интеллектіні енгізуге қатысты шешілмеген мәселе көп екенін тілге тиек етті. Ол интернеттің әлсіздігі, медициналық мекемелердегі ескірген серверлер, сапасыз мәлімет базасы, білікті мамандардың тапшылығы, клиникалық хаттамалардың әлі күнге цифрлық форматқа көшірілмеуі сияқты мәселені атап айтты.
– Денсаулық саласына ЖИ-ді енгізген күннің өзінде орталықтан шалғайда тұратын, шекаралық елді мекендерде өмір сүретін ағайын қашанғыдай игіліктен құр қалайын деп тұр. Ал алыстағы азаматымызды аман алып қалу үшін телемедицина мен ЖИ-ді қолданамыз десек, алдымен Қазақстанның түкпір-түкпірін сапалы интернетпен қамтамасыз ету қажет. Оған ведомствоаралық бірлік пен біріккен қадамдар қажет. Себебі қазіргідей тапшылық кезінде елдің барлық аумағына сапалы интернет тартуға бюджеттен қаржы бөліне ме? Бұл – үлкен сұрақ, – дейді Н.Аралбайұлы.
Расымен де, ЖИ технологиясы деп аспанға құлаш ұрғанымызбен, шалғайдағы халыққа жайлылық болмай ма деген қорқыныш бар. Ангиохирург, флеболог Әлібек Абайұлы ауыл, аудан, тіпті қалалық жерлерде де медицина саласын ұйымдастыруда мәселенің көбін айтты.
– Қазір дәрігерлердің толтыратын қағазы көп, науқастар бізге дұрыс көңіл бөлмейді деп шағымданады, пациенттер ұзын-сонар кезектен шаршайды, уақытылы дәрігерге қарала алмайды. Егер ЖИ министрлігі құрылса, қарапайым мәселелерді жылдам шешкені дұрыс. ЖИ технологиясы ем алушылардың кезек күтуін азайтуға көмектесіп, дәрігерлердің жұмысын оңтайландыра алады. Кезекке тұру, дәрігерге жазылу, вакцина алу уақытын белгілеу, стационарда жұмыс істейтін мамандардың қағазбастылығын азайту, клиникаға хабарласқан пациент қандай дәрігерге бару керегін нұсқау секілді қажеттіліктерді ұйымдастыруға ЖИ-дің көмегі керек. Бұл дәрігердің артық жұмыстан босап, ары қарай науқасқа көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді, – дейді Ә.Абайұлы.
Ангиохирург дәрігер айтқан жайттар реттелсе, халыққа қолжетімді болу үшін елді толық интернетпен қамтамасыз ету керек. Ал депутат Н.Аралбайұлы интернетке қосылған аймақтарда орналасқан медициналық мекемелердің өзінде серверлердің ескіргені, базалардың есептеу қуаттылығының жеткіліксіздігі, ақпараттық жүйелердің бытыраңқылығы және интеграцияның бірыңғай стандарты жоқ екенін мәлімдеді. Демек, жаңа бастаманың әсерінен қордаланған мәселенің өзі-ақ қопарылып шыға бастады.
Жасанды интеллект адам орнын баса алмайды
Ә.Абайұлы ЖИ жүйесін медициналық қызметтерді ұйымдастыруды оңтайландыруда ғана қолданып, ал дәрігер тек ЖИ-ға көмекші құрал ретінде қарап, өзіне сенуді, білім-білігін дамытуды ойлау керегін айтты. Оның баяндауынша, қазір дәрігердің бақылау-басқаруымен робот-апараттар ота жасап жатыр. Дәрігер бір қалада отырып, басқа қаладағы роботты пультпен басқарып ота жасай алады. Америка, Қытай медицинасында Da Vinci деген робот-хирург жұмыс істейді, соған ұқсас құралды Астанадағы Ұлтттық нейрохирургия орталығынан таба аласыз. Ғалымдар сол аппаратқа ЖИ технологиясын кіріктіріп, енді науқастарға дәрігердің көмегінсіз де ота жасап жатыр. Қытайда дәл сондай технологиямен науқасқа холецистэктомия жасаған, яғни өттегі тасты алған екен.
– Басты принципім – ЖИ дәрігерге тек қосымша құрал ретінде қарау. Дәрігер – адам баласы, адамда интуиция, эмоция бар, ЖИ мұны жеткізе алмайды. Екіншіден, ЖИ-ға көптеген алгоритм қосу керек. Хирургия саласында қаншама экстремал жағдай болады. Мұндайда тез шешім жасау керек, оның бәрі дәрігер үшін тәжірибемен келеді. ЖИ отаны 100% сәтті жасай алмайды. Өзім тамырдың хирургі болғандықтан, әр адамның анатомиясы, ішкі органы, тамырлар жүйесі әртүрлі екенін жақсы білемін. Тамырдың әртүрлі комбинациясы болады, сондай жағдайда ЖИ қателесуі әбден мүмкін. Ол қателік өте ауыр кеселге әкеп соқтырады, бұл медициналық мекемеге де, науқасқа да оңай емес, – деді Ә.Абайұлы.
Ерте ме, кеш пе ЖИ жүйесімен достасу заман талабы болып қала бермек. Дей тұрғанмен, жаңа дәуірге аяқ басамыз деп жүріп, өзге түйткілдерді естен шығармаған дұрыс.
Айсұлу СЪЕЗХАН