Кездесуде уран өндіру саласындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Cameco «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрыннан келе жатқан сенімді серіктесі екенін атап өтті. Елімізде қызмет ете бастағаннан бері аталған компания 500 млн доллардан астам инвестиция құйған әрі технологиялар трансфертіне ықпал еткен.
Осы тұста Қазақстан алдағы уақытта үш атом электр стансасын салуды көздеп отырғаны айтылды. Еліміз атом саласында қолданылатын инновациялық тәсілдерге қызығушылық танытады. Өз кезегінде Тим Гитцель Президентке «Инкай» бірлескен кәсіпорнының қазіргі қызметі мен жоспарлары жөнінде ақпарат берді. Бұл компания Түркістан облысында орналасқан кен орнын ширек ғасырдан бері игеріп келеді.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Goldman Sachs Global Institute компаниясының жаһандық мәселелер бойынша президенті Джаред Коэнмен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық Goldman Sachs жетекші инвестициялық банкінің Қазақстан Ұлттық банкімен ұзақ мерзімді серіктестік орнатқанын атап өтіп, ықпалдастық деңгейіне жоғары баға берді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жасанды интеллект, қаржы экожүйесін цифрландыру салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытатынын жеткізді. Ал Джаред Коэн Goldman Sachs Digital Asset Platform цифрлық қаржы тұғырнамасының тәжірибесіне тоқталды.
PepsiCo қоры директорлар кеңесінің төрағасы Стивен Кихо да Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды. Кездесуде PepsiCo компаниясының Қазақстандағы инвестициялық жобасын жүзеге асыру барысы қарастырылды. Әлемге әйгілі бренд Алматы облысында снэктер шығаратын зауыт құрылысына кірісті. Инвестиция көлемі – 368 млн доллар.
Президент жобаны іске асырудан күтілетін экономикалық пайдаға назар аударды. Компания 900-ге тарта тұрақты жұмыс орнын ашудан бөлек, қытырлаққа арналған картопты жергілікті жерде өсіруге ниетті.
Стивен Кихоның айтуынша, қазір бағдарламаға Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Алматы және Жетісу облыстарынан 15-ке жуық шаруашылық қосылған. Бұдан бөлек, шикізатты сақтау базасын кеңейтіп, картоп өнімділігі мен сапасын арттыру үшін ғылыми тәсілге жүгіну жоспарланып отыр.
Әрі қарай Мемлекет басшысы Cerberus Capital Management компаниясының бас атқарушы директоры Фрэнк Бруномен жүздесті. Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның инвестицияларды басқару саласындағы жаһандық көшбасшылығын жоғары бағалап, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясындағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру ниетін құптады.
Президенттің айтуынша, компанияның стратегиясы Қазақстанның ұлттық экономиканы әртараптандыру жөніндегі басымдықтарына сай келеді. Еліміз көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға инвестиция тарта отырып, бағыттардың өткізу мүмкіндігін кеңейтуге қарқынды түрде кірісті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Вашингтонда Әзербайжан мен Армения арасындағы тарихи келісімге қол қойылуы Орта дәліздің маңызды сауда жолдарының бірі ретіндегі маңызының арта түсуіне оң әсер ететінін атап өтті. Соңғы бес жылда Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы тасымалданған жүк көлемі алты есе артты.
Әрі қарай Қасым-Жомарт Тоқаев Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уиртті қабылдады. Мемлекет басшысы корпорация еліміздің экономикалық дамуына зор үлес қосқанын атады. Тәуелсіздік жылдары Chevron Теңіз, Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарын игеруге атсалысып, Қазақстанға 55 млрд долларға жуық инвестиция құйды. Қазір әлемдегі ең ірі энергетикалық компания өндіретін жалпы өнімінің 25 пайызы Қазақстанға тиесілі.
Кездесуде келешекте Теңіз кенішінің аясын кеңейту жобасын іске асыру мәселелеріне, Қарашығанақта газ өндіру мен қайта өңдеу перспективасына, сондай-ақ әлемдік нарыққа көмірсутегін тасымалдау ісін дамытуға, соның ішінде Орта дәліз арқылы жеткізуге баса мән берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Educational Testing Service (ETS) компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Амит Севакты да қабылдады. Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы ETS компаниясының білімді тестілеу мен бағалау саласында көш бастап келе жатқанына ерекше назар аударды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан компанияның білім беру жүйесіндегі тәжірибесін зерделеу мен пайдалануға қызығушылық танытып отыр. Өз кезегінде Амит Севак та Мемлекет басшысына компанияның халықаралық жұмыс жоспары туралы мәлімет берді. Ұйым жылына әлемнің 180 еліне 50 миллионнан аса тест әзірлейді әрі әкімшілендіреді, сондай-ақ ұлттық білім беру жүйесіне арналған бейіндік шешімдерді ұсынады.
Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Смитсон институтының басшылығымен кездесіп, орталықтың халық шығармашылығы және мәдени мұра арнайы жобалары жөніндегі директоры Халле Батвинге қазақ мәдениетін АҚШ-та белсенді түрде дәріптеп жүргені үшін алғыс айтты.
Орталық жанынан құрылған Қазақстанның мәдени мұра қоры ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді насихаттаумен, сондай-ақ қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрі және рухани өмірін зерттеуге арналған бірлескен ғылыми жобаларды ұйымдастырумен айналысады.
Мемлекет басшысы мәдени дипломатия Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Институт әлемдегі ең ірі мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу кешендерінің бірі саналады. Оның құрамына 21 музей мен галерея, 14 ғылыми және білім беру орталығы, кітапханалар мен ұлттық зообақтар кіреді. Ел Президенті әлемге әйгілі Big Tech компаниялардың өкілдерін қабылдады. Әуелі Мемлекет басшысы Amazon компаниясының аға вице-президенті Дэвид Запольскимен кездесу өткізді.
Тараптар цифрландыру, байланыс және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықтың жай-жапсарын талқылады. Президент Amazon компаниясының еліміздің Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен, сондай-ақ «Қазақтелеком» компаниясымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарына қолдау білдірді.
Ынтымақтастық Қазақстан аумағындағы жылдамдығы жоғары интернетті қамтамасыз ету және киберқауіпсіздікті нығайту секілді стратегиялық маңызды бағыттарды қамтиды. Amazon тек елімізге қатысты жобаларды жүзеге асырумен шектелмей, Қазақстанды спутниктік байланыстың өңірлік хабын қалыптастыруға болатын алаң ретінде қарастырып отыр.
Осы басқосу кезінде «Қазақтелеком» және Amazon Kuiper компаниялары Kuiper спутник желісінің қызмет көрсетуіне қатысты дистрибьюторлық келісімге қол қойды. Соған сай Amazon Kuiper компаниясы Алматы, Ақкөл және Ақтау қаласында өзінің жердегі инфрақұрылымын жасақтауды көздейді. Бұл жобаға 200 млн долларға жуық инвестиция салу жоспарланған.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Meta компаниясының вице-президенті Янн Лекунды қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні зерттеу бөлімінің бас ғылыми жетекшісімен инновациялық технологияларды дамыту және қолдану жөнінде пікір алмасты.
Президент нейрожелілер саласындағы Янн Лекунның жаңашыл жетістіктерін жоғары бағалап, оның жасанды интеллектіні дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның жаппай цифрландыруды және жасанды интеллектіні дамудың басты факторы ретінде кеңінен қодануды қарастырып, дербес ЖИ экожүйесі мен Қазақ тілінің үлкен тілдік моделін (KazLLM) жасақтауға күш салып жатқанын жеткізді. Бұған қоса, Meta Platforms Inc компаниясымен Қазақстанда ЖИ технологияларын дамыту бойынша бірлескен акселерациялық бағдарламаны іске қосу жөніндегі келісімге қол қойылуын құптап, технология алыбымен өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.

Blackstone компаниясының негізін қалаушылардың бірі және басқарма төрағасы Стивен Шварцман да Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды. Президент Blackstone компаниясының инфрақұрылым мен технологияны дамытуға арналған ауқымды инвестициялау стратегиясын сөз етіп, Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инновация мен орнықты даму салаларындағы ұлттық басымдықтарымен тығыз байланысты екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойғанына егжей-тегжейлі тоқталды. Әңгімелесу барысында Қазақстанда дата орталық құрылысы жобасын бірлесіп іске асыру ұсынылды. Сондай-ақ еліміздегі қаржы технологиялары мен жылдам өркендеп келе жатқан компаниялар арқылы активтерді басқару саласындағы ынтымақтастық әлеуетін қарастыруға назар аударылды.
Президент ExxonMobil корпорациясының басқарма төрағасы және бас атқарушы директоры Даррен Вудспен де кездесіп, ілтипат білдіре отырып, Қазақстанның мұнай-газ саласындағы негізгі серіктестерінің біріне айналған коммерциялық ұйыммен ынтымақтастыққа жоғары баға берді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Даррен Вудс компанияның Теңіз және Қашаған кен орындарындағы перспективасы жөнінде пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Embraer компаниясының президенті Франсиско Гомес Нетомен кездесті. Бразилиялық Embraer авиа құрылыс компаниясы жетекшісімен кездесуде жүк тасымалдау саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Президент еліміздің Еуразия кеңістігіндегі негізгі көлік-логистикалық хабқа айналуға ұмтылатынын жеткізді. Әңгімелесу барысында Қазақстанда «Embraer» ұшақтарына техникалық қызмет көрсететін өңірлік сервистік орталық ашу перспективасы қарастырылды. Франсиско Гомес Нето Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетіне жоғары баға беріп, өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.
Сitigroup компаниясының бас атқарушы директоры Джейн Фрейзер де Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды. Кездесуде еліміздегі ауқымды жобаларды қаржыландыру мәселелері талқыланды. Джейн Фрейзер Қазақстанмен арадағы серіктестікті банктер тобы қызметіндегі ең маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастыратынын жеткізді.