Сонда 2,7 миллиондай жұмыс орнында кім істейді? Оның бәрі бос тұр ма? Жоқ. Жетіспеушілік байқалғанымен, дәл Ресейдегідей Қазақстанда кадр тапшылығы барлық салада аса өткір тұрған жоқ. Бұл жұмыс орнының басым көпшілігін азаматтар қоса атқарады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы «кіре тартар күрең аттай» нағыз еңбекқор адамдарға қатысты шектеу енгізілгенін жариялады.
Жұмыссыз ерлер және әйелдер теңелді
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанның 20,4 миллион халқының ішінде жұмыс күші 2025 жылдың бірінші жартысының қорытындысында 9 749 205 адамды құрады. Оның 5 025 037-сі – ер, 4 724 168-і – әйел адам. Соның ішінде, 9 300 414 тұрғын жұмыспен қамтылған. Тарата айтқанда, 4 815 009-ы – еркек, 4 485 405-і – нәзік болмыс иелері.
Кейде депутаттардың өзі: «Жұмысқа қабілетті әйелдердің көбі отбасы, ошақ қасынан аса алмай, үйбике болып, үйде отыруға мәжбүр», – деп ескі стереотиптің отына май құйып жатады. Ұлттық статорган мұны жоққа шығарды: тепсе темір үзетін тегеуріні бар көптеген еркек шөп басын сындырмай, әйелінің тапқанына немесе балаларының жәрдемақысына өмір сүретін көрінеді. Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) ресми дерегінше, республикада 448 791 адам жұмыссыз. Соның ішінде, жұмысқа жарамды еркегі – 210 028, әйелі – 238 763 адам.
Басты тақырыпқа қайта оралсақ, ҰСБ 2025 жылдың ІІ-ші тоқсанының қорытындысы бойынша, елде 9,3 миллион адам жұмыспен қамтылғанын мәлімдеді. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өзінде жұмыс істейтін азаматтар ашқан жеке зейнетақы шоттарының саны 12 408 751-ге жеткенін хабарлады. Соның ішінде, 456 440-ы – адамдардың өз бетінше аударатын ерікті зейнетақы жарналарына арналған шот. Бұл көрсеткіш бірқатар сарапшының 12 миллионнан астам жұмыс орны бары туралы тоқтамын бекемдей түседі.
Жазира (аты-жөнін толық жарияламауды өтінді – ред.) келісімшарт бойынша мемлекеттік ұйымда еңбек етеді. Сонымен бірге, белгілі дүкендер желісінің SMM-менеджері қызметін қоса атқарады. «2023 жылы Президент Жарлығымен біздің министрлік бөлшектеніп, жаңадан құрылды. Бұрынғы қарбалас тірлік жойылды, жұмыс ауқымы азайды, толассыз есептілік енді жоқтың қасы. Мұның сыртында 2022 жылы штат санын көбейтуге қойылған мораторий жойылып, ведомство жаңа қызметкерлерді қаптатып алды. Осының арқасында біраз қолымыз босап, көңiл жай тапты. Екінші жұмысқа тұруға мүмкіндік туды», – дейді ол.
Екінші жұмыс берушісінде Жазираның міндетіне күніне бір-екі рилс пен он шақты сторис жариялау, қысқа видеолар түсіріп, монтаждау, әлеуметтік желідегі парақшаларды жүргізіп, посттарды рәсімдеу, трендтер туралы хабардар ету, статистикалық талдауды жүргізу сияқты міндеттер кіреді. Жұмыстан босай сала, сондай-ақ сенбі-жексенбі күндері көлігіне отырып, сауда желісін бір аралап шығады, қажетті материалдарды жинайды. Қалған шаруаны үйінде отырып атқарады. Осы үшін қосымша 700 мың теңгеге дейін жалақы алады.
«Мемлекеттік мекеме төлейтін жалақы 200 мыңның айналасында ғана. Кейде бизнеске біржола кетіп қалғым келеді. Бірақ жыл сайынғы ақысы төленетін демалыс, материалдық көмек, ұлттық-мемлекеттік мерекелер сайын берілетін сыйақы және басқасы – бірінші орнымнан. Пәтерді де сол арқылы алғанмын. Алайда егер Еңбекмині қоса атқаруды шектеп тастайтын болса, перспективасы мол әрі жұмыс кестесі икемді бизнес секторды таңдаймын. 2 миллионға дейін табыс табатын таныс SMM-шілер бар», – дейді Жазира.
Түсініктеме неге түсінбеушілік тудырды?
Қызметкерлердің бірнеше жұмыс берушіде қатар жұмыс істеуі мәселесіне қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсініктемесі лайықты табыс табу үшін бірнеше жерде істеуге мәжбүр еңбеккерлерді мазалаған мәселелердің басын ашқан жоқ, керісінше қоғамда пікірталас туғызды.
Себебі ведомство Еңбек кодексінде бұл тұрғыда шектеу барын жариялады. «Оған сәйкес, қазақстандықтар бір уақытта бірнеше жұмыс орнында және әртүрлі жұмыс берушілерде еңбек ете алады, алайда келесі шектеулер міндетті түрде сақталуға тиіс: негізгі жұмыста 8 сағаттан артық, ал қосымша (қосалқы) жұмыста 4 сағаттан артық жұмыс істеуге болмайды. Яғни, жұмыс уақытының жалпы саны бір тәулікте 12 сағаттан аспауға тиіс», – деп мәлімдеді Еңбекмині.
2024 жылы жаңартылған Еңбек кодексінің 1-бабының 1-тармағының 56)-тармақшасына сәйкес, қосымша жұмыс – бұл жұмыскердің негізгі жұмысынан тыс уақытта еңбек шарты негізінде басқа тұрақты әрі ақылы жұмысты орындауы. Айтпақшы, Еңбекмині «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қосымша жұмыс істеуіне тыйым салынғанын ескертті. Өйткені олардың педагогикалық, ғылыми және шығармашылық қызметтен басқа, өзге ақылы қызметпен айналысуына құқығы жоқ. Демек, егер сыртта басқа жұмыстан табыс тауып жүргенін, мысалы, такси агрегаторына тіркеліп, ақыға жолаушылар таситынын жұмыс берушісі біліп қойса, жұмысынан шығарып жіберуі мүмкін.
коллаж: Елдар ҚАБА
Еңбек министрлігі кодекс талабына сәйкес, басқа жұмыс берушімен қосымша жұмысқа еңбек шартын жасасу үшін жұмыскер негізгі жұмыс орнынан еңбек жағдайлары мен сипаттамасын растайтын анықтама ұсынуы қажеттігін нақтылады. Анықтамада негізгі жұмыс орнының атауы, лауазымы, еңбек жағдайлары мәліметтері келтірілуі керек.
«Кодекстің 68-бабының 3-тармағына сәйкес, негізгі жұмыс орнындағы және қосымша жұмыстағы күнделікті жұмыс уақытының жиынтық ұзақтығы осы кодекстің 71-бабының 4-тармағында белгіленген күнделікті жұмыс уақытының ұзақтығынан 4 сағаттан артық болмауға тиіс», – деп қайталай нықтады еңбек ведомствосы. Қосымша жұмыс бойынша еңбек шарты негізінде жұмыс істейтін қызметкерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы негізгі жұмыс орны бойынша демалыспен бір мезгілде берілетіні қадап айтылды. Яғни, жұмысшы бірінші, екінші, бәлкім, үшінші жұмыс орнының әрқайсысынан жыл сайын 24 күннен – жалпы саны 72 күнге «отпуск» ала алмайды.
Егер қосымша жұмыс бойынша еңбек шарты шеңберіндегі жыл сайынғы ақы төленетін демалыстың ұзақтығы негізгі жұмыс орны бойынша демалыс ұзақтығынан аз болса, онда жұмыскердің өтініші бойынша жұмыс беруші демалыстардың ұзақтығындағы айырмашылық күндеріне жалақы сақталмайтын демалыс береді.
– Қорыта айтқанда, жұмыскер бір уақытта бірнеше жұмыс орнында және әртүрлі жұмыс берушілерде еңбек ете алады. Бірақ келесі шектеу сақталуға міндетті: негізгі жұмыста – 8 сағаттан, ал қосымша жұмыста 4 сағаттан аспауы керек, яғни барлығы бір тәулікте 12 сағаттан аспауға тиіс, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Айта кету қажет, Еңбек кодексінде (26-бабының 2-тармағының 5)-тармақшасында) қазақстандықтардың үлкен бір санатына қоса атқаратын жұмысты істеуге тыйым салыныпты. Оған сәйкес, 18 жасқа толмаған балаларды, сондай-ақ ауыр жұмыстарда, зиянды немесе қауіпті еңбек жағдайларында еңбек ететін жұмыскерлерді (медициналық қызметкерлерді қоспағанда) қосымша жұмысқа қабылдауға жол берілмейді. Бұларды қоса атқаратын жұмысқа алған жұмыс берушілер әкімшілік жаза тартатын көрінеді.
Шектеу жұмыс күшін жарға жығуы мүмкін
Ел екі-үш жұмысқа еріккеннен жегілмейтіні даусыз. Бір жұмыс орны шаш етектен табысқа кенелтіп отырса, өз еркімен тәнін тоздырып, жанын жүдететін жағдайға түсуге бармай, 8 сағаттық режимді сақтап, шалқи өмір сүрер еді. HR-маман Нұрлыбек Құрманұлы шектеулердің негізінен мемлекеттік қызметшілерге қатысты екенін айтады, олар кешкі алтыда үйлеріне тарайды.
– Жасыратыны жоқ, 8 сағаттық жұмыс кестесі мемлекеттік қызметтен басқасында сақтала бермейді. Кейбір ұлттық компанияда, жеке компанияларда жұмыскер жұмысқа қабылдау туралы келісімшартқа отырғанда, форс-мажор жағдай болмаса, тіпті жыл сайынғы демалысы кезінде де ұялы телефонын сөндіріп тастамауға және жұмыс орнынан қоңырауларға жауап беруге өз мойнына міндеттеме алады. Бұл не үшін жасалады? Қажет болғанда, жұмыскерді, маманды түн ішінде болса да кеңсеге шақыртып алу үшін керек. Еңбекмині не десін, бұл практика жасырын жалғасады, – деді Н.Құрманұлы.
Алайда бұл пікірмен жауапты шенеуніктер келіспейді, олар қатаң бақылау болатынын ескертті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафиннің айтуынша, қазіргі уақытта Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) жұмыс берушілермен жасалған еңбек шарттары туралы мәліметтер енгізіледі. Соның негізінде Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті мониторинг жүргізіп жатыр. Мониторингтің басты мақсаты – азаматтардың еңбек қатынастарын рәсімдеу және еңбек құқықтарын қамтамасыз ету. Жұмыс берушілер кадрлық істі осы жүйеде жүргізуге көшіріледі.
Әйткенмен, қазір мемлекеттік органдар ғана тексеріліп жатқаны айқындалды. «Еңбек кодексі бойынша адам бірнеше жерде бір уақытта толық жүктемемен істей алмайды. Мысалы, егер бір мекемеде толық жүктемемен жұмыс істесе, онда басқа жерде тек аз сағатқа қосымша жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Мұндай жағдайлар бірыңғай жүйе арқылы бақыланып отырады, тиісті ақпарат еңбек инспекторларына жолданады. Бүгінде мемлекеттік ұйымдар арасында тексеріс жүргізіліп жатыр», – деді Олжас Анафин.
Вице-министр мемлекеттік қызметте санда бар, сапта жоқ «өлі жандардың» жұмыс істеу жағдайлары тіркелгенін жасырмады. Аталған мониторинг, О.Анафиннің сендіруінше, бұл азаматтардың формалды түрде ғана жұмысқа орналасуы жағдайын болдырмау үшін жасалады. Яғни, құжат жүзінде жұмыс істейді деп көрсетілгенімен, іс жүзінде ешқандай қызмет атқармайтын мемқызметшілер әшкереленбек. Қоса атқаруға қатысты шектеулер елде жұмыссыздықтың өсуіне, халық табысының құлдырауына соқтырмай ма? Оны тәжірибе көрсетеді.
Елдос СЕНБАЙ