Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар «Жасанды интеллект туралы», сондай-ақ мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау туралы заңдарды ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қабылдады. Сондай-ақ төрт халықаралық құжатты ратификациялады.
«Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды
2,063
оқылды

Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Құжатқа Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде жасанды интеллект технологиясын дамыту үшін депутаттар бастамашы болды. Түзетулер 2025 жылдың 14 мамырында бірінші оқылымнан өткен. 

Заң бойынша жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева өз баяндамасында түзетулердің Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытудың құқықтық негізін қалайтынын атап өтті. Сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, деректерді қорғау мен инновацияларды қолдауға бағытталғанын айтты.

– Жасанды интеллектіні әзірлеу және енгізу үшін Ұлттық платформа құрылады. Ол деректер кітапхана­ларына, жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу және пайдалану ортасына қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Ашық, жабық және жергілікті жүйелер санаттары енгізіледі. Жабық ортада оқытылатын және жұмыс істейтін жергілікті жүйелер мен модельдерге ерекше назар аударылады. Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Жергілікті үлгілер ұлттық ЖИ жүйелерінің негізіне айналуға тиіс, – деді депутат.

Заңда ЖИ жүйелерін пайдалану кезінде азамат­тардың құқықтарын қорғауға ерекше мән берілген. Екатерина Смышляева пайдаланушылар жүйенің жұмысы туралы ақпаратты алуға, оның шешімдерін қайта қарауды және түсіндіруді талап етуге және ЖИ-мен өзара әрекеттесуден бас тартуға құқылы екенін айтты.

Бұл ретте адамның мінез-құлқын манипуля­циялауға, эмоцияларды пайдалануға, әлеуметтік бағалау жүргі­зуге немесе келісімсіз жеке деректерді жинауға бағытталған цифрлық технологияларды пайдалануға тыйым салынады. Осы талаптардың сақталуын қамтамасыз ету үшін ЖИ жүйелеріне міндетті аудит енгізіледі.

Бұдан басқа барлық жүйе тәуекел деңгейлері мен дербестік дәрежесіне қарай жіктеледі. Тәуекел деңгейі жоғары жүйелер ақпараттық-коммуни­кациялық инфрақұрылымның маңызды нысандары болып саналады және арнайы бақылауға алынады. Олардың жұмысы тек заңмен реттелетін болады.

Заңдағы жаңалықтар авторлық құқыққа да әсер етеді. Жұмыс тобы жетекшісінің айтуынша, адамның шығармашылық қатысуынсыз тек ЖИ жасаған жұмыстар заңмен қорғалмайды. Дегенмен авторлық және сабақтас құқықтар туралы заңға сәйкес, пайда­ланушылардың шығармашылық тұрғысындағы сұраулары зияткерлік меншік болып танылуы мүмкін және авторлық құқықпен қорғалады.

«Жасанды интеллект туралы» заңды талқылау қорытындысында Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстан мұндай құжатты қабылдаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі екенін атап өтті.

 – Мемлекет басшысы таяудағы Жолдауында алдымызға үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық елге айналдыру жөнінде ауқымды міндет қойды. Бұл прогрессивті идеяны Президентіміз бүгін әлемнің ең басты мінбері – Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінен де жариялады. Бұл жаһандық үрдіс екенін көріп отырмыз. Президент атап өткендей, жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні кеңінен қолдану еліміздің ұлттық басымдығына айналды. Бүгін қабылданып отырған Жасанды интеллект туралы заң – осы бастаманы іске асыру жолындағы іргелі қадам. Ол еліміздің цифрлық дамуын жаңа деңгейге шығаруға жол ашатыны анық, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Ерлан Қошанов бүгінгі қабылданған заң жасанды интеллект саласы үшін, жалпы мемлекетіміздің дамуы үшін үлкен серпіліс беретінін атап өтті. Оны әзірлеуде цифрландырудың әлемдік озық тәжірибесі мен барлық ықтимал тәуекел ескерілген және әділдік, заңдылық, ашықтық, адам құқықтары мен жеке деректерді қорғау сияқты негізгі қағидаттарға көңіл бөлінген.

Мәжіліс мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Құжат 2025 жылғы 26 ақпанда бірінші оқылымнан өтті.

Жұмыс тобының жетекшісі Ринат Зайыттың айтуынша, заңда мәдениетке ерекше мән берілген. Отандық әдебиетті дамыту және кітапхана қорын сақтау шаралары күшейтіледі. Сонымен қатар мемле­кеттік кітапханаларға білім беру және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру құқығы беріледі.

Түзетулерге сәйкес, халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары мен олардың тәлімгерлері біржолғы төлемақы алады. Мүмкіндігі шектеулі ба­лаларды тәрбиелеп отырған немесе I топтағы мүге­дектерге күтім жасайтын түлектер мемлекеттік грант­ты міндетті өтеуден босатылады. Мемлекеттік білім беруді қаржыландыру енді университеттер мен колледждердің рейтингтеріне байланысты бөлінеді.

– Сондай-ақ балаларға арналған ұйымдарды санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласында және балалардың құқықтарын қорғау саласында мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібі реттеледі. Бұдан бөлек, мемлекеттік аттестаттауды жаңа тәртіп­пен өткізу нормалары қарастырылған, – деді Р.Зайыт.

Құжатты екінші оқылымға дайындау барысында отбасыға қатысты түзетулер енгізілген. Бала асырап алудың басым құқығы баланың туыстарына, ал олар болмаған жағдайда некедегі ерлі-зайыптыларға беріледі. Қамқоршы ретінде тағайындалуы мүмкін тұлғалардың қатары кеңейтілді. Оған патронаттық тәрбиешілер, асырап алушылар және кәсіби патронаттық тәрбиешілер кіреді. Бұл ретте қорған­шылық органдары кандидаттардың белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруге міндетті.  

Жалпы отырыс барысында депутаттар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау халықаралық орталығын құру туралы келісімді ратификациялады. Құжатқа 2023 жылғы 13 қазанда Бішкекте қол қойылған. Құжатты Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов таныстырды.

Қаржы және бюджет комитетінің басшысы Татьяна Савельеваның айтуынша, келісімнің негізгі мақсаты – ТМД елдерінің қаржы жүйелері мен экономикасын ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру қаупінен қорғау шарттарын жақсарту.

– Халықаралық қаржылық барлау орталығы – ТМД-ға мүше мемлекеттердің қаржылық барлау бөлімшелері арасындағы ынтымақтастықты жеңілдетуге арналған халықаралық ақпараттық жүйе. Бұл орталық қылмыскерлер қолданатын үрдістер мен әдістерді, соның ішінде жаңа технологияларды зерттейді деп жоспарланып отыр. Орталық елдерге трансшекаралық қауіптерді талдау, статистикалық ақпарат алмасу, тәуекелдерді азайту бойынша ұсынымдар әзірлеуге және халықаралық тәсілдерді өз стандарттарына сәйкес үйлестіруге мүмкіндік береді, – деді Т. Савельева қосымша баяндамасында.

Марокко Корольдігімен қылмыстық құқық саласындағы ынтымақтастыққа қатысты үш келісім де ратификацияланды. Құжаттарға 2024 жылы 12 желтоқсанда Рабат қаласында қол қойылған. Келісімдер жобасы туралы Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев баяндады.

Жұмыс тобының жетекшісі Жарқынбек Амантай ұстап беру туралы келісім Қазақстан мен Марокконы қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе сот үкімін орындау үшін өз аумақтарында орналасқан адамдарды бір-біріне ұстап беруге міндеттейтінін айтты. 

Сотталғандарды беру туралы келісімде тараптардың бірінде бас бостандығынан айыруға сотталған азаматтарды жазасын өз елінде өтеу үшін оларды еліне қайтару қарастырылған.

Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы келісімге сәйкес, тараптар дәлелдемелерді алуда, адамдар мен заттардың орналасқан жерін анықтау мен сәйкестендіруде, куәлардың, жәбірленушілердің және сарапшылардың келуін қамтамасыз етуде, басқа да процессуалдық әрекеттерді жүргізуде бір-біріне көмектесетін болады.

Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар: Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орындау мәселелері бойынша заң жобасы мен Қылмыстық-процестік кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулер; Қазақстан мен Моңғолия үкіметтері арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы.

Жалпы отырыс соңында Мәжіліс депутаттары өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 14 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram арнасында жарияланды.