Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Ливерпульде өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен боксшы Аида Әбікееваны салтанатты түрде құттықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қарағандылық спортшы алтын медаль жеңіп алып, өз үстемдігін дәлелдеп, әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. Аида Әбікееваның жетістігі мемлекет деңгейінде жоғары бағаланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оған «Құрмет» орденін табыстап, қаржылай сыйақы берді.

Ал туған қаласында чемпионға автокөлік сыйға тартылды, жеке бапкері Ислам Әбдраимовқа 5 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

– Барша облыс тұрғындарының атынан алғыс айтамын және құттықтаймын. Бұл – орасан зор жетістік! Сіздің жеңісіңіздің арқасында халықаралық аренада Қазақстанның Туы көтеріліп, 60-тан астам елдің алдында Әнұранымыз шырқалды. Біз мақтан етеміз және жаңа биіктерді бағындыруыңызды тілейміз! – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Жоғары бағамен қатар, алғысқа әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин мен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Аиданың жеке тәлімгері Ислам Әбдраимов та ие болды.

– Сіздердің еңбектеріңіз бен табандылықтарыңыз әлемдік деңгейдегі чемпионды тәрбиелеуге жол ашты, – деп атап өтті облыс әкімі.

Аида Әбікеева де көрсетілген құрмет пен қолдауға ризашылығын білдірді. Ол Англияға сапар алдында басты мақсатын айқындағанын айтты – әлемнің екі дүркін чемпионы болу. Спортшы сол межеге жетті.
Ендігі негізгі мақсат – 2028 жылғы Олимпиада ойындарына қатысу. Қазір спортшыға қысқа уақыт демалыс қажет. Ал келесі жылдан бастап Азия ойындары мен әлем кубоктарына дайындық басталмақ.
– Әлем чемпионатынан кейін кездесулер өте көп болып, толыққанды демалуға уақыт тапшы болды. Осындай зор қолдау үшін баршаңызға алғыс білдіремін. Қазақстан халқына, туған жеріме ерекше ризамын. Бұл – маған туған елімнен тарту етілген екінші көлік. Алғашқысын наурыз айында Сербияда өткен әлем чемпионатындағы жеңістен кейін алған едім, – деді чемпион.