Ауылы аман, шаруасы бүтін елдің экономикасы тұрақты. Өз азығын өзі өндіреді, ұпайы да түгел. Президент те халыққа Жолдауында бұл басымдықты басып айтты. Әсіресе, жерді басқарудағы түбегейлі өзгерістерді, цифрлық технологиялардың күші және қолданбалы ғылымның әлеуетін айқындап берді. Бірақ миллиондаған гектар жердің бос жатуы, алыпсатарлықтың белең алуы және азық-түлік құнының қымбаттауы сияқты мәселелер қоғамды алаңдатып отыр. Жерді кім иеленуге тиіс? Ауыл шаруашылығы қайтсек алға басады? Бұл сұрақтарды Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиевке қойған едік.
– Президент Жолдауында жер мәселесіне ерекше тоқталды. Сіздіңше, жерді басқаруда қандай түбегейлі өзгерістер керек?
– Жер – стратегиялық ресурс болғандықтан, ол кім көрінгеннің қолында емес, жердің қадірін білетін, оны игеріп, ел игілігіне жарататын азаматтардың қолында болуға тиіс. Мысалы, соңғы төрт жылдың ішінде мемлекет меншігіне 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылғанымен, әкімдер соның тек 6 миллионын ғана қайта үлестірген. Бұл – жай ғана статистика емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мәселе. Ауылдың қаншама адамы егіндікке жер таппай отырғанда, кең-байтақ аумақтың бос жатуы ақылға қонымсыз. Сондықтан алдағы жылдың ортасына дейін әкімдер қайтарылған жердің барлығын нақты айналымға енгізіп, ауылдағы жайылым тапшылығын түбегейлі шешуге тиіс.
Бұл мәселеде алыпсатарлардың да үлесі жоқ емес. Сол себепті жерді оңды-солды аукцион арқылы сатып, делдалдардың қолына өткізуге жол берілмеуі қажет деп есептеймін. Сондай-ақ жаңа иеленушілерге де қойылатын басты талап мемлекеттен алған жерді игеріп, өндіріс ошағына айналдыру болып отыр. Бұл ауыл шаруашылығының дамуына ғана емес, халықтың кейінгі тұрмыс-тіршілігіне де тікелей ықпал етеді.
Президент сонымен қатар заманауи технологияларды енгізуді міндеттеді. Ауыл шаруашылығы жерлерін спутник арқылы бақылап, жасанды интеллект көмегімен олардың сапасын, егіннің шығымын, дақылдардың жай-күйін терең талдау қажет. Жердің бірыңғай цифрлық картасы жасалып жатыр, оған кадастрлық мәліметтерден бастап, инфрақұрылым мен жер қойнауын пайдалану жайлы деректер енгізіледі. Осы картаның арқасында қазір бос жатқан миллиондаған гектар жердің нақты жағдайы анықталып, оны халықтың қажетіне жаратуға мүмкіндік туады.
Жаңа иеленушілер алған жерін бос жатқызбай, шынымен егін егіп, мал жаюы тиіс. Бірақ мұнда тағы бір үлкен мәселе бар – жердің әділетті бөлінуі. Біз оны кім көрінгенге қағаз жүзінде беріп қойып, оны кейін иесі пайдаланбай бос қалдырған жағдайға жол бермеуіміз керек. Осыны қадағалауда электронды конкурс пен цифрлық бақылаудың рөлі зор. Бүгінде жерді спутник арқылы бақылап, жасанды интеллект көмегімен қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқанын көруге болады. Бұл – үлкен жетістік. Бірақ жемқорлық пен заңсыздық жойылмайынша, нәтиже толық болмайды.
Сондықтан ауыл шаруашылығына арналған жерді нақты шаруаларға, яғни егін егіп, мал ұстап отырған азаматтарға беру қажет деп ойлаймын. Сонда ғана жердің шынайы құны артып, елдің азық-түлік қауіпсіздігі де нығая түседі.
– Азық-түлік қауіпсіздігі демекші, жақында ғана ет бағасының күрт қымбаттауына не себеп болды деп ойлайсыз?
– Ет бағасының шарықтап кетуінің бірнеше себебі бар. Ең біріншіден, соңғы жылдары халықтың ауыл шаруашылығынан алыстап, сауда-саттық пен қызмет көрсету саласына кетуі – басты факторлардың бірі. Сондықтан болар Президент Ауыл шаруашылығы министрлігіне мал шаруашылығын дамыту үшін арнайы жоспар әзірлеп, оны қаржыландыруды бастап, сонымен бірге осы саланың экспорттық әлеуетін күшейтуді тапсырған болатын. Өйткені бағасы 6 мың теңгеге дейін көтерілді. Нарыққа шығарылып жатқан малдың өзі бізде өсірілген емес, көбіне көршілес елдерден әкелініп, бордақыланған импорттық мал болып отыр.
Осы себептен бізге ата кәсіпті жүйелі түрде дамытып, өзіміздің мал шаруашылығын кеңейту қажет, әйтпесе халықты арзан етпен қамтамасыз ете алмаймыз. Сыртқы нарықта баға қымбат болса да, етке сұраныс жоғары болғандықтан, саудагерлер көбірек табыс табуды ойлайды, ал оларды кінәлауға да келмейді, себебі нарық заңы солай.
Дегенмен күн сайын шамамен 150 мың бас малдың қара нарық арқылы көрші елдерге кетіп жатқаны қауіпті құбылыс екенін ашық айтуымыз керек. Ұлан-ғайыр даламыздың көп жері бос жатса да, ауыл тұрғындары мал жаятын жер таппай отыр. Жайылымға жарайтын аумақтар бар болғанымен, ол жерлерде су болмағандықтан, мал бағуға келмейді. Егер баяғыдай қойшы ауылдарды көбейтіп, мал шаруашылығын өркендетсек, бүгінгі ет бағасы мұншалықты қымбаттамас еді.
Мал ұстайтын үй шаруашылығы азайды, ал сұраныс керісінше өсті. Екіншіден, жайылым тапшылығы қатты сезілуде. Су жеткізілмеген, инфрақұрылымы жоқ жайылым жерлер пайдаланылмай отыр. Үшіншіден, экспорт саясаты жүйеленбеген. Мұның барлығы ет бағасына тікелей әсер етеді. Егер біз инфрақұрылымды дұрыстап, жайылымды тиімді игеріп, малды бақылау жүйесін күшейтсек, бұл мәселе шешімін табар еді.
– Қолданбалы ғылымсыз агроөнеркәсіп бәсекеге қабілетті бола алмасы анық. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қандай нақты қадамдар жасалуда немесе жасауға тиіспіз?
– Әрине, агроөнеркәсіп өндірісін әртараптандыру үшін агроғылымды дамыту керек. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, Түркия, Қытай, АҚШ сияқты елдер ауыл шаруашылығын қолданбалы ғылым арқылы өркендетіп отыр. Жаңа тұқымдар, озық агротехнологиялар, малдың асыл тұқымын көбейту тәсілдері – бәрі ғылымның жемісі. Бізде өкінішке қарай, ауыл шаруашылығындағы ғылым екінші орында қалып келеді. Ал шын мәнінде, агрономия, мал шаруашылығы, топырақтану салаларына мемлекет тарапынан көбірек қаржы бөлініп, ғылыми орталықтар мен тәжірибелік шаруашылықтар қайта жандануға тиіс.
Мемлекет басшысы да қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамытудың мүмкін еместігін қадап айтты. Қолданбалы ғылым бұл саланы ғылыми дәлдікпен жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы айтқандай, ғылымға қомақты қолдау көрсетіліп жатқанымен, қайтарымы болмай жатыр. Ғылым мен технология жұмыс істемесе қай салада болмасын терең өңдеуді қалай іске асыруға болады? Ізденіс болмаған істе серпіліс болмайды.
Мәселен, Түркия ішкі нарығын азық-түлікпен қамтамасыз ететін, экспорттық әлеуеті жоғары бірден-бір мемлекет. Импортқа да аса тәуелді емес. Өйткені онда да көптеген елдегі сияқты ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін қолданбалы ғылымды пайдаланады. Түрік университеттерінде бұл салада зерттеулер жүргізіп, инновациялық жобаларды жүзеге асырумен айналысатын, жаңа технологияларды ойлап табатын мамандарды арнайы даярлайды. Қытайда да агротехнология, мал және балық шаруашылығын шарықтау шыңына жеткізіп жатқан қолданбалы ғылым. Алып АҚШ та қолданбалы ғылым озық технологиялар мен ғылыми жетістіктер ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен тиімділігін арттыру, өсімдіктердің жаңа сорттары мен асылтұқымды мал басын көбейту үшін жұмыс істеп тұр. Онда жасанды интеллект пен цифрлық технологияға сүйенеді. Жалпы алғанда қолданбалы ғылым агрономиялық бағытта – өнім өсіру мен өндіру, отын, жем-шөп, талшық алу, мелиорацияны, ал мал шаруашылығында етті және сүтті тұқымды төл өсіруде жетістікке жеткізеді. Сондықтан Мемлекет басшысының бастамаларын сөзсіз қолдап, іске асуына атсалысу керек. Елімізде агротехнология хабы ретінде қайта құрылатын Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы осы мақсатта нәтиже көрсетеді деп сенеміз. Сол сияқты цифрлық технологияларды қолдануға және саланың өнімділігін арттыруға арналған ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары жақсы түзіледі деп күтеміз.
– Ғылымды сөз еткенде кешенге құйылған инвестцияны айналып өте алмаймыз. Соның арқасында қазір агроөнеркәсіп өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындардың қатары көбейіп келеді. Дегенмен бұл саланы әрі қарай дамыту үшін нендей кедергілерді еңсеруіміз қажет?
– Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін ірі жобалар іске асып жатқаны қуантады. Бұл жобаларға отандық және шетелдік инвесторлар қаржы құйып отыр. Президенттің айтуынша, салаға 2 миллиард доллардан астам инвестиция тартылып, үш мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірілген өнімдер тек ел ішінде ғана емес, шетелге де шығарылады.
Өңірлердің ерекшелігіне қарай, өнімді өндіруден бастап дүкен сөресіне жеткізуге дейінгі жүйені дамытуға мүмкіндік бар. Ол үшін халыққа қолдау көрсетіліп, бизнес бастауға жер мен қаражат берілуге тиіс. Егер банктер Қытайдағыдай халыққа 1 пайызбен несие таратса, бұл кәсіпкерлерге үлкен көмек болар еді. Өйткені қазіргі жоғары пайыздар ірі компанияларды да қысып отыр, ал бұл бизнестің болашағына қауіп төндіреді.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығында терең өңдеуді жолға қоюды, тәжірибелі агрохолдингтердің үлгісін таратып, өндірісті цифрландыруды тапсырды. Түркістан облысындағы «Бөрте-милка» кәсіпорны цифрлық жүйені енгізіп, сүттің түрлі өнімін шығарып отыр. Мұнда қағазбастылық жоқ, ашықтық бар, сондықтан бұл үлгі басқа өңірлерге де пайдалы.
Қазір инвестициялық жобалар мақтадан жіп иіру, мата тоқу, киім тігу, май шығару, малға жем жасау сияқты салаларды қамтып отыр. Бірақ ең басты мәселе – жем-шөптің жетіспеуі мен қымбаттығы. Егер Сауд Арабиясы мен Қытайдағыдай кең жерлерді көгалдандырып, жем-шөп өндірісін жолға қойсақ, еттің бағасы да тұрақтар еді.
Ауыл халқының қалауы қарапайым: сүтті, етті, тері мен жүнді, егін өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар керек. Қытай мен Үндістанда халықтың көбі осындай ұсақ кәсіппен айналысып, күнделікті тұтынатын тауарларды шығарып отыр. Тіпті, қоқыстан да табыс тауып жатқанын көреміз. Біз де ауыл шаруашылығы өнімдерін күнделікті тұтынуға ыңғайлап, өңдеуді жолға қоюымыз керек.
Мысалы, қымыздан косметика шығаруға болады, сиырдың сүтінен құрт-май өндіретін шағын цехтар ашуға болады. Түйе сүтін де фармацевтика саласында кәдеге жаратуға болады. Ол үшін бізге агрономдар, ветеринарлар, технологтар сияқты көп маман қажет. Білікті мамандар көбейсе, ауыл шаруашылығы да бәсекеге қабілетті болады. Сондай-ақ жиналған өнімді сақтау үшін заманауи қоймалар мен элеваторлар салу қажет. Сапалы өнім алу үшін сапалы тұқым керек. Сондықтан тұқым шаруашылығын қолдаудың жаңа жолдары қарастырылады. Түркістан облысында жаңа сортты мақта егіліп, мол өнім алынуда. Бұл мақта сапасы жоғары, жіп иіруге және мата тоқуға қолайлы.
Қазір тұтынушылар сапаға қатты мән беріп отыр. Сондықтан біз де өнімнің түрін емес, сапасын басты орынға қоюымыз керек. Егер осы айтылғандардың бәрі жүзеге асса, Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін тек өсіріп қана қоймай, оны терең өңдеп, сапалы өнім шығаратын елге айналады.
Негізінде, ауыл шаруашылығы – адамзаттың ең ежелгі кәсібі әрі ең сенімді табыс көзі. Өндіріс пен сауда кейін пайда болды ғой, ал адамзаттың тіршілігі әу бастан-ақ жерге, малға, егінге байланған. Сондықтан технология қанша қарыштап дамыса да, адамдар азық-түлікке тәуелді болып қала береді. Жаһандық саясаттағы қақтығыстар, азық-түлік дағдарысын саланың стратегиялық мәнін арттыра түсті. Егер біз мал шаруашылығы мен егіншілікті жаңа деңгейге көтерсек, ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқы экспортта да мықты ойыншыға айналар едік.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Кәмила ДҮЙСЕН