Себебі мұнда түрлі мүдде мен сыртқы саяси күштің ықпалы басым. Кейінгі 2 жыл бойы Газа секторына бағытталған әскери шабуылдар тоқтамады, саяси айыптаулар мен БҰҰ мәлімдемелерінің де әсері аз. Бірақ дәл осы ұйым мінберінен жаһанның бірқатар елі Палестинаның тәуелсіздігін мойындады. Енді не болмақ?
Қуаты жоқ қарарлар
Алдымен 2023 жылды бір еске түсіріп көрсек, сол жылдың 7 қазанында палестиналық ХАМАС қозғалысы алдымен Газа секторынан Израильге 5 мыңға жуық зымыран атып, кейін содырлар елге басып кірді. Оған жауап ретінде 8 қазанда Израиль үкіметі елдің соғыс жағдайына өткенін хабарлап, Газа секторында арнайы операция бастады. Әуелде ұлттық қауіпсіздік үшін басталғандай көрінген операцияның уақыт өте сипаты түрленді. Нақтырақ, қолдан қырғын жасау ісіне ұқсайтынын айтушы көп.
Содан бері Газа секторында қаза тапқандар саны 63 мыңнан асты, жараланғандар 161 мың шегіне жақындады. Әрине, басым бөлігі қолында еш билігі мен күші жоқ қарапайым халық. Кейінгі кездері Израильдің әрекетіне қатысты «геноцид» термині жиі аталып жүр. Таяуда әлемнің БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те Газадағы ахуалдың төтенше шекке жеткенін мәлімдеді.
– Газадағы қасірет үшінші жыл қатарынан жалғасып келеді. Бұл – адамдықтың ең басты құндылықтарына қайшы шешімдердің салдары. Содан бері аштық дендеп, қантөгіс бұрынғыдан да күшейді. Халықаралық соттың талап еткен шаралары толық әрі дереу орындалуға тиіс, – деді ол.
Сондай-ақ ол БҰҰ Халықаралық сотының геноцид қылмысының алдын алу туралы Конвенцияға сәйкес заңды күші бар уақытша шаралар қабылдағанын, бірақ соған қарамастан жағдайдың ушыға түскенін еске салды.
Қазір Палестинаны мемлекет ретінде мойындаған елдердің қатары артып жатыр. Жақында бұл қатарға беделді кәрі құрлық елдері – Ұлыбритания, Канада, Аустралия, Португалия және Франция қосылды. Бұл шешім халықаралық қоғамдастықтың аймақтағы жағдайға көзқарасына елеулі ықпал етуі мүмкін, Палестинаны тану Таяу Шығыстағы бейбітшілік процесіне жаңа серпін бермек. Алдағы уақытта тағы бірнеше ел осындай мәлімдеме жасауы мүмкін. Дегенмен мәселе Израиль билігінің көзқарасына да байланысты. Олардың пікірі «Палестина мемлекеті болмайды» дегенге сайып отыр.
Бұл арқылы біз БҰҰ қарарларының күшін жоққа шығарғымыз келмейді. Алайда ескеретін бірнеше дүние бар. Біріншіден, көптеген қарар «ұсыныс», «ұйымдастыру», «қоңырау шалу» сияқты сипатта, яғни заңды міндеттемесі жоқ немесе орындауды мәжбүрлемейді. Бас Ассамблея шешімдері біраз күш көрсете алады, әйтсе де тікелей құқықтық міндеттеме жүктемейді.
Екіншіден, Қауіпсіздік Кеңесінің кейбір шешімдері заңды міндеттемелер туғызуы мүмкін, бірақ Израиль көбіне оларды орындамайды, кейбіреуіне қарсы шығады. Тіпті, алпауыт елдің бірі вето қолданса да Израиль міндеттен құтылады. Мысалы, Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблея жасаған «1967 жылы басып алынған жерлерден шығу», «пропалестиналық босқындардың қайтарылуы», «Израильдің еврей олжаларын кеңейту саясатын тоқтату» секілді талаптар толық орындалмай қалғанын көз көріп отыр.
Қазақстанның ұстанымы қандай?
Қазір әлемде 120 қақтығыс ошағы бар болса, соның ішінде ең ауқымдыларының бірі ретінде Газадағы жағдай аталады. Таяуда Нью-Йорк қаласына жұмыс сапарымен барып, БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясының Жалпы дебатында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті бұл жайтты ескерусіз қалдырмады. Әлемдегі қауіпсіздік архитектурасын қайта қалпына келтіру бастамасын ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайдың тым күрделі екеніне тоқталды.
– Газадағы гуманитарлық дағдарыстың ауқымы тіпті қорқынышты. Оған бейжай қарау мүмкін емес. Бұл қақтығыстың тарихи тамыры тым күрделі. Біз осы жауласудың түпкі себебін ескерусіз қалдыра алмаймыз. Қазақстан әскери іс-қимылды дереу тоқтатуға, бейбіт тұрғындарды толық қорғауға және халықаралық гуманитарлық құқық аясындағы көмектің кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге шақырады. Қазақстан Таяу Шығыстағы өңірлік бітімгерлікке бағытталған Арабтың бейбіт бастамасы, Нью-Йорк декларациясы, Ибраһим келісімі секілді дипломатиялық ұсынымдарды қолдайды, – деді Мемлекет басшысы.
Таяу Шығыстағы тыныштыққа Қазақстан неге мүдделі? Бұл халықаралық қауіпсіздік жағынан ғана емес, экономика тұрғысынан да маңызды өңір. Мысалы, Қазақстанға өңірлік азық-түлік жеткізушіге айналу үшін Таяу Шығыстың тыныш болғаны дұрыс. Еліміз әлемдегі ең ірі бидай мен ұн экспорттаушыларының қатарына кіреді. Түркия, Қытай, Иран және Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің әріптестік кеңесінің нарығына жол ашылуда. Сондықтан логистикалық балама бағыт пен азық-түлік нарығының жай-күйі Таяу Шығысқа байлаулы.
Сыртқы күштер мен ХАМАС-тың ықпалы
Халықаралық сарапшы, саясаттанушы Жанат Момынқұловтың сөзінше, Палестина мен Израиль мәселесінде «Нью-Йорк декларациясы» саяси тұрғыдан іргелі қадам саналады. Көптеген батыс елдерінің Палестинаны ресми қолдауы Израильге қысым түсіріп, гуманитарлық жағдайды жақсартуына, атысты тоқтатуына және тұтқындарды босатуына ықпал етпеді.
– Бірақ құжаттың өзі міндетті сипатқа ие емес, сондықтан іске асыруда қиындықтар болады. «Күштінің арты диірмен тартатын» реализмді ешкім әлі жоққа шығара алмас. Израильдің қауіпсіздік параноясы мен оның артында тұрған Американың мүдделері кедергі. Әлбетте, кейінгі мәлімдемелер Палестинаның дипломатиялық өрісін кеңейтіп, екіжақты қатынастар мен халықаралық ұйымдарға қатысу мүмкіндіктерін арттырады. Десек те, БҰҰ-ға толық мүшелік жылдам болмайды, өйткені ол үшін Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынымы, АҚШ-тың ұстанымы өзгеруі қажет. Еуропа елдерінің бір бөлігі Палестинаны тануы – үлкен геосаяси оқиға. Алайда нақты өзгерістер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері немесе ірі державалардың ықпалы арқылы ғана іске асуы мүмкін, – дейді маман.
Момынқұловтың айтуынша, АҚШ пен басқа да елдердің сыны БҰҰ-ны реформалау қажеттігін тағы айқындап берді. Оны Қазақстан тарапы да ұсынып отыр. Алдағы кезеңде Қауіпсіздік Кеңесіндегі вето мәселесі, бітімгерлік пен гуманитарлық шешімдер қабылдау тетігі қайта қаралуы мүмкін. Бірақ мұндай жаһандық сипаттағы құрылымдық өзгерістер бірден болмайды, ол үшін үлкен геосаяси оқиғалар болуға тиіс, сондықтан процесс ұзаққа созылады.
– Бұл жолғы Бас Ассамблея кейбір жағымды жаңалықтарды әлемге паш етті: Палестинаға қатысты халықаралық консенсус күшейді, Украина бойынша бейтарап келіссөз алаңдары талқыланып, ірі мемлекеттер БҰҰ-ны реформалау қажеттігін ашық қолдады. Талқылаулар екі шиеленісті аймақта да бейбітшілікке апаратын жолдың саяси негізін салуы мүмкін. Дегенмен екі қақтығыс та АҚШ, Израиль, Ресей, Еуропа, Қытай сынды ірі елдің стратегиялық мүдделеріне және жоспарларына, болуы мүмкін келісімдерге тіреліп тұр, – деді саясаттанушы Жанат Момынқұлов.
Көріп отырғанымыздай, БҰҰ қарарынан бұрын, мәселеге ірі мемлекеттер шын жанашырлықпен араласуға тиіс. Әрине, қақтығыстың басты себебі – жер дауы. Екі тарап та өз астанасы санайтын Иерусалим – мұсылмандар үшін де, иудейлер үшін қасиетті мекен. Одан бөлек, бұл қақтығыстың діни және этникалық факторлары да бар. Еврейлер арабтардың болмысын, палестиналықтар еврейлердің өмір сүруге деген құқығын мойындауға тиіс.
Газадағы бейбіт халықты екі оттың ортасында қалғандай суреттеуге болады. Себебі Израиль тарапының шабуылынан бөлек, секторды басқарып отырған ХАМАС ұйымы тағы бар. Бұл ұйым «халықты қорғап отыр» деп байлам жасай алмаймыз, кейде кесірін де тигізеді. Егер Палестина мемлекет атанар болса, бұл ұйым тыныш қаларына сенім аз.
– Қарулы Күш әрі саяси-діни экстремистік ұйым ретінде ХАМАС «Палестина мемлекеті құрылады» деген кез келген сценарийді өте күрделі етеді. ХАМАС қарудан тез бас тартпайды, ықпалынан айырылуға кепілдік бермейді. Нәтиже мемлекет құру шарттарына байланысты болмақ: қауіпсіздік тетігі кімнің қолында болады, бірыңғай қауіпсіздік жүйесі құрыла ма, оның кепілдігіне аймақтық және халықаралық қатысу деңгейі қандай болады? ХАМАС жәй қарулы топ емес, саяси және әлеуметтік қыры бар қарсыласу қозғалысы. Ондаған жыл бойы Газаны басқарып, әлеуметтік қызмет көрсетіп, халықтық заңдылыққа ие болды. Сондықтан кез келген саяси шешімде оның әскери әлеуетін емес, саяси-әлеуметтік қырын да ескеру керек, – дейді Момынқұлов.
Араб сарапшыларының пікірінше, Палестина мемлекетінің танылып, биліктің нақты құрылымы қалыптасуы – халықтың сенімі үшін бәсекелестік туғызуы ықтимал. Бұл жағдайда мемлекет халыққа нақты пайда әкелсе, ХАМАС-тың рөлі әлсірейді. Бірақ ол тек символдық емес, шынайы түрде іске асуы қажет.
ХАМАС белгілі шарттар орындалмайынша қаруды тапсырудан бас тартуы мүмкін, бірақ ынталандыру болса саяси трансформацияға бара алады. Сарапшылар егер саяси-қауіпсіздік тұрғысынан тиімді болса, ХАМАС қақтығысты азайтуы немесе ішінара өзгеріске баруы мүмкін екенін айтса, басқалары мұндай өзгеріс болмайтынын ескертіп жүр.
– Иран, Қатар, Түркия сияқты мемлекеттердің қолдауы ХАМАС-тың өміршеңдігін қамтамасыз етеді. Керісінше, ірі араб елдерінің біріккен қысымы немесе ынталандыруы ғана ұйымды ымыраға итермелеуі мүмкін. Сараптамалар ұйымның тағдыры тек ішкі мәселе емес, аймақтық факторларға тәуелді екенін атап өткен. Күшті Палестина билігі мен бірыңғай қауіпсіздік күштері құрылып, халықаралық бақылаумен реконструкция мен азаматтық құқықтарға кепілдік болса, халықтың қарулы топтарды қолдау ынтасы азаяды. Мұндай алғышарттар қалыптаспайынша ХАМАС ықпалын сақтап қалып, жағдайды ушықтыруы мүмкін, – деді сарапшы.
Жанат Момынқұловтың сөзінше, егер Палестина мемлекеті биліктің нақты транзиті болып, аймақтық-халықаралық қолдау арқылы кезең-кезеңімен қарусыздандыруға көшетін болса, ХАМАС-тың әскери рөлі біртіндеп әлсіреп, саяси күшке айналуы ықтимал.
Палестина мемлекеті құрылса да, ХАМАС-тың ықпалын толықтай жою бірден мүмкін емес. Оның заңдылығы халық арасында әлі де бар. Егер жаңа мемлекет нақты билікті қолға алып, қауіпсіздік пен әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарта алса, халықтың бұл ұйымға тәуелділігі азаяды. Дегенмен қарусыздандыру мен саяси трансформация бірден жүзеге аспайды. Сондықтан Палестина мемлекет болып құрыла қалған жағдайда да, ХАМАС келесі бір мәселе ретінде жол тосуы мүмкін.
Мадияр ТӨЛЕУ