2023 жылы ол 48 келі салмақта алтын медаль жеңіп алса, екі жылдан кейін 50 келіде осы бір жетістігін қайталады.
Екі дүркін әлем чемпионы Олимпиадаға бара алмайды: себебін Тұрсынғали Еділов айтты
Сурет: Сали Сабиров
2,909
оқылды

Бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы Санжар Тәшкенбайдың алдағы мансабы туралы тосын ақпарат тарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты sportarena.kz сайтына сілтеме жасап.

2023 жылы ол 48 келі салмақта алтын медаль жеңіп алса, екі жылдан кейін 50 келіде осы бір жетістігін қайталады.

Бірақ қазір Санжар Тәшкенбай өнер көрсетіп жүрген салмақ – олимпиадалық емес. Халықаралық Олимпиада комитеті мен World Boxing бекіткен жаңа ережеге сәйкес, медальдар үшін дода 55 келіден басталады. Ендеше қос әлем чемпионы не істемек? Бұл жөнінде Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов өз пікірін білдірді.

"Өкінішті жағдай болды: Санжардың салмағын аяқ астынан олимпиадалық бағдарламаға қоспай тастады. Әлемнің талай мықты боксшылары басты додадан шет қалды. Менің ойымша, Санжарға 55 келіге өтудің қажеті жоқ: ол жерде Махмұд Сабырхан бар, әрі Санжардың өзі де бұл салмақта толық ашыла алмайды. Сол өз салмағында қалып, қажет болса кәсіпқой боксқа ауысқаны дұрыс. Бірақ міндетті түрде мансабын жалғастыруы қажет. Мүмкін, ол біздің ерлер арасындағы бокста тарихта тұңғыш рет үш дүркін әлем чемпионы атанар. Санжарда ондай мүмкіндік бар", – дейді даңқты бапкер Тұрсынғали Еділов.