Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Италия Президенті Серджо Маттарелламен жүздесті. Әуелі Ақордада құрметті қонақты салтанатты қарсы алу рәсімі өтіп, Президенттер бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Ынтымақтастықтың жаңа парағы ашылды
2,605
оқылды

Бұдан кейін екі тарап келіссөз жүргізу­ге көшті. Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Мат­тарелланың Қазақстанға сапары екі ел ара­сындағы ынтымақтастықты одан әрі ны­ғайтуға тың серпін беретінін атап өтті. Пре­­зиденттің айтуынша, бұл сапар Қазақ­стан мен Италия арасындағы достық пен бұ­рын­нан келе жатқан серіктестікті рас­тайды.

– Президент мырза, Сізді мәртебелі мей­ман ретінде қарсы алғаныма қуаныш­ты­мын. Қазақстанға жасаған алғашқы са­п­арыңыз ынтымақтастығымыздың жаңа парағын ашатыны сөзсіз. Қазақстан мен Италия арасында тығыз ықпалдастық ор­наған. Сіздің еліңізге құрметіміз ерек­ше. Өзара сауда дәйекті түрде дамуда. Біз­дің экономикалық байланыс­тары­мыз­дың негізі берік. Түрлі саладағы қарым-қа­тынасымыз жоғары нәтиже көрсетіп ке­ле­ді. Мемлекет басшысы ретінде екі­жақ­­ты ық­палдастықты нығайтуға үлес қо­суға әзір­мін, – деді Қазақстан Президенті.

Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, өзара қарым-қатынасты одан әрі арттырудың маңызына тоқ­талды.

– Сіздің былтыр қаңтар айында Римге жа­саған сапарыңыздан кейін Астанада кездескеніме қуаныштымын. Өзіңіз атап өткендей, елдеріміз арасындағы қарым-қа­ты­нас ұдайы нығайып, тығыз әрі та­быс­ты сипат алды. Екі елдің сауда-эко­но­ми­ка­лық, мәдени салалардағы ынтымақ­тас­ты­ғы жыл­дан жылға ілгерілеуде. Уни­вер­си­теттер ара­сында серіктестік жолға қо­йыл­­ғанын көріп отырмыз. Достық көңіліңізге алғыс ай­тамын, – деді Италия Президенті.

Тараптар екіжақты қарым-қатынастың не­гізгі бағыттары, сондай-ақ өңірлік және ха­лықаралық күн тәртібіндегі өзекті мә­селелер туралы пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пай­да­ланып, Италия Премьер-министрі Джорджа Мелониге сәлемі мен ықыласын жолдады.

Одан әрі Қазақстан мен Италия пре­зи­денттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүр­гізді. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Италия арасындағы көпжоспарлы ын­тымақтастық берік саяси диалогқа, қар­қынды экономикалық серіктестікке және тығыз мәдени-гуманитарлық бай­ла­­­ныстарға арқа сүйейтінін атап өтті. Серд­жо Маттарелланың Астана мен Рим ара­сын­дағы серіктестікті нығайтуға ай­тар­лықтай үлес қосқанына назар ау­дарыл­ды.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Римге жа­саған ресми сапары барысында Қазақ­стан–Италия ынтымақтастығына тың сер­пін берген маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілгеніне тоқталды.

– Италия Қазақстанның үш ірі сауда серік­тестерінің бірі болып қала береді. Эко­номикалық ықпалдастығымыз өте қар­қынды дамып келеді және оны одан әрі арттырудың әлеуеті зор. Сіздің еліңіз­дің экспортты ұлғайту жөніндегі жоспа­рын құптаймыз. Италияның соңғы жиыр­ма жылда экономикамызға құйған инвес­ти­циясы 7,6 миллиард долларға жетті. Бү­гінде қазақ жерінде 250 италиялық ком­пания табысты жұмыс істеп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ынтымақтас­тықты тереңдетудің перспективті бағыттарын айқындады. Оның ішінде аса маңызды шикізат материалдары, мұнай химиясы, машина жасау, көлік-логис­тика, жеңіл өнеркәсіп, тағам өнімдерін қайта өңдеу, жасанды интеллект, қаржы, туризм және білім беру салаларына баса мән берілді.

Тараптар екі ел БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар аясында белсенді ықпалдастық орнатқанын атап өтті. Жемісті жұмыстардың үлгісі ретінде «Орталық Азия плюс» диалог алаңын, сондай-ақ биыл мамыр айында Астанада өткен «Орталық Азия–Италия» бірінші саммитін айтуға болады. Қазақстан тарапы Италияның аталған бастаманы іске асыруға қолдау көрсеткенін жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонимен өткен достық кездесуді, сондай-ақ оның Астана халықаралық форумында басты спикер ретінде баяндама жасағанын ықыласпен еске алды. Кездесуде тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелеріне де ерекше көңіл бөлді. Осы орайда Қазақстан Президенті Астананың орталық көшелерінің бірін саяхатшы Марко Поло есімімен атау жөнінде шешім қабылданғанына тоқталып, мұны қос мемлекеттің берік достығының символы ретінде қарастыратынын мәлімдеді.

Италия Президенті серіктестікті одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, екі ел арасындағы сенімді диалог пен өзара түсіністікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын жеткізді.

– Біз үшін бұл сапардың мәні зор. Сіздің былтыр Римге жасаған сапарыңыз өзара қарым-қатынастың маңызды кезеңі ретінде ынтымақтастығымыздың одан әрі нығаюына берік негіз қалады. Бұл қадамдар серіктeстігімізге барлық бағытта ерекше сипат береді. Мәдениет саласындағы ықпалдастығымыз белсенді дамып келеді. Италия Орта Азиядағы алғашқы мәдениет орталығын Астанада ашқан болатын. Елорданың бір көшесін Марко Полоның құрметіне атау туралы ұсынысыңыз қос мемлекеттің байланысын одан әрі тереңдетуге бейіл екеніңізді көрсетеді. Бұл қолдауыңыз үшін Сізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Серджо Маттарелла.

Келіссөз соңында тараптар Президент  Серджо Маттарелланың ресми сапары Қазақстан–Италия қарым-қатынасы тарихының жаңа парағын ашатынына сенім білдірді. 

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан және Италия арасындағы дос­тық пен ынтымақтастықты нығайтуға айрықша үлес қосқаны үшін Президент Серджо Маттареллаға І дәрежелі «Дос­тық» орденін салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ бұл қазақ елінің шынайы құрметі, барша Италия халқына деген достық пейілі мен ыстық ықыласының айғағы екенін жеткізді. Мемлекет басшысы Италия Президентіне халықтың қолдауына ие болған көшбасшы, әлемге танымал беделді саясаткер деп баға берді.

– Сіз еліңіздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңіріп келесіз. Бүгінде Италия барлық салада толайым табысқа жетті. Әлемдік көшбасшылар қатарына кіретін мемлекеттің бірі. Еліңізде экономика, инновациялық технология саласында тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Экология, «жасыл» энергетика бағытында озық бастамаларыңыз бар. Италияның терең тарихы, бірегей мәдени мұрасы – бүкіл адамзаттың құнды қазынасы. Сіздер аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті сақтау ісінде маңызды рөл атқарып жатсыздар. Халықаралық мәселелерді шешуге белсене атсалысып келесіздер. Бұл – Сіздің салиқалы саясатыңыздың жемісі. Өзіңіздің басшылығыңызбен Италия алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра береді деп сенемін, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың екі ел қарым-қатынасын дамытуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанына назар аударды.

– Саяси диалогымыз жоғары деңгейде жүріп жатыр. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс қарқынды дамып келеді. Көпжақты құрылымдар аясында тығыз ықпалдастық орнаттық. Мен Сіздің бұл бағыттағы еңбегіңізді ерекше бағалаймын. Бірлес­кен күш-жігеріміздің арқасында қос халықтың достығы нығая береді. Бүгінгі келіссөздер мен уағдаластықтар стратегиялық серіктестігімізді күшейте түседі деп ойлаймын. Біз осы жолда бірлесіп әрекет етуге дайынбыз, – деді Президент. 

Ал Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа Италияның ең жоғары наградасы – «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденін тапсырды.

– Еліміздің бұл жоғары наградасы Италиямен достық қатынасты нығайтуға үлес қосқан мемлекеттер басшыларына ғана беріледі. Сіздің әлемдік тәртіпті қамтамасыз етуге және бейбітшілікті қолдауға бағытталған қызметіңізді жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ Италия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ұдайы атсалысып келе жатқаныңыз үшін ризашылық білдіреміз. Сізге табысталып отырған бұл марапат – біздің Республикамызға сіңірген еңбегіңіздің бағасы, – деді Италия Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың қолынан Италияның жоғары мемлекеттік наградасын алу зор мәртебе екенін жеткізіп, алғыс айтты. 

Бұдан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Президенті Серджо Маттарелла БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдеме жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Қос мемлекеттің түрлі бағыттағы ынтымақтастығы уақыт өткен сайын арта түсуде.

– Саяси диалогымыз жоғары деңгейде жүріп жатыр. Сауда-экономика саласында берік ықпалдастық орнаттық. Былтыр екі ел арасындағы алыс-беріс көлемі 20 миллиард долларға жетті. Биылғы 8 айда бұл көрсеткіш 11,3 миллиард доллар болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Италия Президентімен мазмұнды келіссөз жүргізілгеніне назар аударды. Кездесуде Президенттің былтыр Римге жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылаған. Cонымен қатар тараптар ықпалдастықты күшейтудің жаңа бағыттары туралы әңгімелескен. 

– Өзара сауда-саттық көлемін одан әрі арттыруға келістік. Тауар түрін көбейту үшін, ең алдымен, іскер топтардың байланысын одан әрі нығайту қажет. Бұл – маңызды міндет. Сондай-ақ біз екі елдің мүддесіне сай келетін жаңа инвестициялық жобаларды қарастыратын болдық. Әсіресе, энергетика, ауыл шаруашылығы, машина жасау, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі салаларына баса назар аудардық. Осы жұмысқа екі елдің Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы баса мән беруі қажет деп санаймыз. Көлік-логистика саласындағы байланысты нығайту мәселесін пысықтадық. Халықаралық көлік дәліздерінің, соның ішінде Транскаспий дәлізінің әлеуетін сөз еттік. Логистика инфрақұрылымы және қайта өңдеу өнеркәсібі секторындағы ықпалдас­тық мүмкіндіктерін талқыладық, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттер цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізудің маңызына тоқталып, жасанды интеллекті мен үлкен дерекқорларды пайдалануға қатыс­ты тәжірибе алмасу туралы пікірлескен.

– Мен бұл салаларда бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздім. Ертең Президент Маттарелла аймақтағы ең ірі IT стартап паркі – Astana Hub-қа баратын болды. Еліміздің осы бағыттағы жетістіктерімен танысады. Бұған қоса, қаржы және туризм саласындағы тың жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға уағдаластық. Жалпы, Қазақстан өз нарығында жұмыс істеуге ниетті Италия компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту ісіне мән берілген. Келесі жылы Италияда «Көшпенділер алтыны» көрмесі өткізілмек. Сондай-ақ Неапольдегі көне Сан Карло театрында «Абай» операсын қою жоспарланған. Биыл Рим қаласында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының мүсіні орнатылады. Президент игі бастамаға қолдау білдіргені үшін Италия халқына шынайы ризашылығын жеткізіп, мұны қазақтың мәдени мұрасына көрсетілген құрмет пен шынайы достық пейілдің көрінісі деп қабылдайтынын айтты. Тараптар келіссөз кезінде білім саласына да айрықша тоқталғаны белгілі болды.

– Қазір Италияның үздік жоғары оқу орындарында Қазақстанның төрт мыңнан астам студенті білім алып жатыр. Сол үшін Италия Үкіметіне алғыс айтамын. Биыл Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің негізінде Марке политехникалық университетінің филиа­лы жұмыс істей бастады. Оқу орны жас ұрпақтың жоғары сапалы білім алуына мүмкіндік береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Серджо Маттарелламен бірқатар халықаралық өзекті мәселе бойынша пікір алмасқанын жеткізді.

– Қазіргідей күрделі кезеңде қарулы қақтығыстардың ушығуына қатысты алаңдаушылық білдірдік. Қос тарап барлық түйткілді Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысына сәйкес бейбіт және саяси-дипломатиялық жолмен шешу керек деп санайды. Қазақстан мен Италия халықаралық ықпалдастықты күшейтуге мүдделі. Жаһандық тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайту ісіне белсене атсалысуға дайын. Біз бір-біріміздің бас­тамаларымызды үнемі қолдап келеміз. Көпжақты дипломатияны одан әрі дамытуға ерекше мән береміз. Осы орайда, «Орталық Азия–Италия» диалог алаңы аймақтық деңгейдегі әріптестігімізді жандандыра түсері анық. Италия тарапының бастамасымен оның алғашқы отырысы биыл Астанада өткенін білесіздер. Осылайша, халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастығымыз нығайып келеді. Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстанды дамыту орталығын ашу туралы бастамаға қолдау көрсеткені үшін Италия тарапына зор алғыс айтамын, – деді Президент.

Серджо Маттарелла Италия мен Қазақстаның арасындағы берік достықты бекемдей түсу үшін Астанаға арнайы келгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сапар екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беріп, оны одан әрі өркендетуде маңызды рөл атқарады. 

– Италия мен Қазақстанның ғасыр­лардан тамыр тартатын мәдени және тарихи дәстүрі бар, археологиялық және көркемөнер мұрасы өте бай. Бұл біздің гуманитарлық саладағы өзара ықпалдастығымызды тереңдетуге берік негіз қалайды, – деп түйіндеді Италия Президенті.