Астанада прокуратураның үйлестіруімен қалалық полиция есірткі қылмысына қарсы айлық өткізіп жатыр.
Зиянды жарнамаға – заңды тосқауыл
2,093
оқылды

Сарайшық ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен қоғамдық орындардағы күмәнді мазмұндағы граффитиді бояп, жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлық насихатының алдын алу бойынша рейдтік іс-шара өтті.

Қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында өткен рейдке депутаттар, аудандық полиция басқармасының қызметкерлері, аудандық прокуратура өкілдері, сондай-ақ «Жастар Рухы» жастар ұйымының мүшелері қатысты.  

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жасырын жарнамалар, граффитилер көбінесе көпірлердің астында, тұрғын үйлердің қасбеттерінде, трансформаторлық қосалқы станцияларда салынады. Сон­дықтан мұндай қалтарыстардағы жазуларды өшірудің өзіндік себептері  бар. 

«Бүгінгі шараның басты мақсаты – қала көшелерін күмәнді мазмұндағы жазулардан тазарту ғана емес, сонымен қатар құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу. Көше қабырғаларындағы мұндай граффитилер кей жағдайда заңға қайшы үгіт-насихатқа, жастардың теріс бағытқа бет бұруына себеп болуда. Сондықтан біз тек бояп, тазалап қана қоймай, тұрғын­дар арасында түсіндіру жұмыстарын да жүр­гізіп жатырмыз. Қала – бәріміздің ортақ үйіміз, оны таза әрі қауіпсіз ұстау – әрбір азаматтың міндеті», – деді Сарайшық аудандық полиция басқармасының номері 68 полиция пунктінің жұмысын ұйымдас­тыруға жа­уапты полиция майоры Нұрлан Жұмаділов. 

«Заң және тәртіп» қағидаты аясын­да елордада есірткі қылмысына қарсы айлық жалғасуда. Құқық қорғау органдары бірлескен рейдтер өткізіп, оқу орында­рын­да профилактикалық кездесулер ұйым­дас­тыруда, сондай-ақ тыйым салын­ған зат­тарды тарататын интернет-ре­сурс­тарды анықтау және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.

– Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастыру туралы тапсыр­масы аясында жастар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау іс-шарасы ұйымдастырылуда. Бұл жолы Арқар көпірінің астындағы түрлі жазулар­ды және есірткі қылмысын насихаттай­тын жасырын жарнамаларды өшіру акциясы өтті. Қазір ең өзекті проблемалар­дың бірі – синтетикалық наркотиктің таралуы. Сондықтан да біз оның алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ол тек қана жазуларды өшіру секілді акция­лармен тоқтамайды, идеологиялық тұрғы­да да жастармен кездесіп, түсіндірме жұмыс­тарын жүргіземіз. Оған полиция мен про­куратура өкілдері де қатысады. Өйт­кені кейбір жастар ақпараттың жет­кіліксіздігінен қиын жағдайларға ұшырап қалып жатады, – деді Астана қалалық мәслихат депутаты Мағзұм Арсланбек.

Сарайшық аудан аумағында бұған дейін «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Назар аударыңыз, балалар!», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдас­тырылып, жастар және жасөспірімдер арасында құқықтық тәртіпті сақтау бо­йынша акциялар өткен-ді.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ