Негізінен, өңірдің білім саласындағы былық пен шылық биыл басталған жоқ. Соңғы жылдары салада сұмдық жайттар жиі бой көрсетіп, қоғамның ашу-ызасын туғызып келеді. Оның ішінде білім саласындағы қаржылық қитұрқылықтар, оқушылардың топтасып төбелесуі, білім сапасының төмендеуі көпті толғандырады.
Биылғы жаңа оқу жылы тағы Сыр өңірінің білім саласында жайсыз оқиғалардан басталды. Әсіресе, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы бассыздықтар елді есеңгіретіп тастады. Соның ішінде балабақшаларды жайлаған келеңсіздіктер сын садағына ілігіп тұр.
Бұл тұрғыда ай-күннің аманында жеке балабақшада қайнаған суға күйіп қалған бүлдіршіннің оқиғасы ата-ана үшін ауыр соққы болса, қоғамды дабыл қағарлық күйге жеткізді. Қызылорда қаласындағы «Сыр болашағы» балабақшасында болған бұл сұмдық жағдай білім мекемелеріне шұғыл түрде тексеріс жүргізуге түрткі болды. Нәтижесінде, кішкентай Еркежанның оқиғасынан кейін атышулы балабақшаға мемлекеттік қаржыландыру тоқтатылып, кейіннен аталмыш бөбекжай мүлдем жабылды деген қауесет желдей есті.
Облыстық Білім басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, өңірде балабақшалар мен мектептердің көптеп ашылуы, оның ішінде жекеменшік білім беру ұйымдарының артуы жоғары нәтижеге ие. Нақты уақытта облыста 577 мектепке дейінгі ұйым мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейді екен. Оның 532-сі – балабақша, 45-і – шағын орталық ретінде құрылымданған. Бұл мекемелерде 45 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік тапсырыссыз жұмыс істейтін 96 жекеменшік ұйым болса, онда 14 703 бала қамтылған. Сонымен қатар мемлекеттік мектептерде 172 мыңнан астам бала болса, 39 жекеменшік мектепте 15 мыңнан астам оқушы білім алады деген ақпар бар. Дей тұрғанмен, бұл білім орындарындағы білім сапасы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың әлі де ақсап тұрғаны аңғарылады.
Бұл аз десеңіз, соңғы күндері қоғамда балабақшалардағы балалар тасымалына қатысты тағы да дау шықты. Оның ішінде бала тасымалдайтын көліктерге қатысты жол-көлік оқиғаларының жиілеуі елді дүрліктіріп жіберді. Соның бірі – 16-қыркүйекте Қызылорда қаласындағы КБИ шағын ауданында кешкі 6-лар шамасында болған көлік апаты жығылғанға жұдырық болды. Кейіннен соқтығысқан көліктердің бірі жеке балабақшаға тиесілі тасымалдау көлігі екені анықталды.
Осы оқиғадан кейін өңірдің білім саласына қатысты басшылар аяғынан тік тұрып, шұғыл әрекет жасауы – заңдылық. Соңғы дерекке сәйкес, аталмыш жағдайдан кейін қаладағы барлық балабақшадағы тасымал қызметінің тоқтатылғаны мәлім болды.
«Балаларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру ең басты міндетіміз саналады. Осы арқылы өзін қауіпсіз ортада сезініп өскен бүлдіршін қоғамға тез бейімделетіні белгілі. Өкінішке қарай, кейде балалардың құқығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келетін жағдайлар да кездеседі. Соңғы кездері балабақшаларда балаларды тасымалдау қызметіне қатысты бірқатар мәселе байқалды. Бүгінге дейін 374 жекеменшік балабақшаның 106-да балалар тасымалы ұйымдастырылып келген. Әрине, жұмыс уақытында көптеген ата-ана балаларды жеткізудің мұндай қызметіне жүгінетіні белгілі. Бірақ саладағы тәртіпсіздіктің салдарынан соңғы айларда екі рет жол-көлік оқиғасы тіркеліп, қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып тұр. Негізінен, қолданыстағы заңнама бойынша балаларды тасымалдауға қойылатын талап өте қатаң. Бұл мәселе әрдайым біздің ерекше бақылауымызда тұр. Алдағы уақытта да облыстық Білім басқармасы тарапынан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тиісті органдармен бірлесіп қатаң шаралар қабылданатын болады. Біздің ең басты ұстанымымыз – балалардың өмірі мен денсаулығы әрқашан бірінші орында болуы тиіс, – деді аталмыш мәселеге орай өткен шұғыл жиында Қызылорда облыстық Білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.
Балабақшалардағы тасымалдау қызметінде кездесіп отырған олқылықтар көптен бері көпшіліктің талқысынан түсер емес. Соның ішінде жекеменшік ұйымдардағы көліктердің талапқа сай келмейтіні, оның балалардың өміріне тікелей қауіп төндіру мүмкіндігі жиі айтылады. Ендігі кезекте бұл түйткілді шешу үшін нақты шаралар қабылдау қажет екені өздігінен сұранып тұр.
Облыс бойынша балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балабақшалардағы тасымал жұмыстарының жүйелі жүргізілуін ұйымдастыруда Полиция департаментінің де маңызы орасан. Осы ретте аймақтағы білім ошақтарында оқитын әрбір оқушының жолдағы, мектеп ауласындағы және мерекелік шаралар кезіндегі қауіпсіздігі күн тәртібінен түспеуге тиіс.
«Бүгінде өңірімізде жол-көлік оқиғаларының тыйылмауы өзекті мәселенің біріне айналып тұр. Өкінішке қарай, жол апаттарының негізгі себебі – көлік жүргізушілердің жолдағы жауапсыздығына тікелей байланысты болады. Оның ішінде көлік жүргізу кезінде маневр жасау ережелерін бұзу, қарама-қарсы бағытқа шығу, басып озу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу сынды өрескел заңбұзушылықтар жол апатына бірден-бір себеп. Осыған байланысты жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Бұл тұрғыда жыл басынан бері «Балабақша» бағытындағы рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Тек соңғы іс-шара барысында 265 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 28 көлік айып алаңына қойылды. Сол сияқты тағы 23 көліктің мемлекеттік нөмірі тәркіленді. Бұдан өзге, облыс бойынша балаларды тасымалдаумен айналысатын 83 көлік құралының 61-і тексеріліп, техникалық жай-күйіне байланысты 29 әкімшілік шара қолданылды. Алайда әзірге тек жазалау шарасымен толғақты мәселені шешу мүмкін емес. Сондықтан тиісті жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады», – дейді бұл жөнінде Қызылорда облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ермахан Абдраманов.
Полиция департаментінің дерегіне сәйкес, жаңа оқу жылынан бері балалар қауіпсіздігін, оның ішінде оқушылардың мектепке бару және қайту кезінде қайғылы оқиғалардың алдын алу бағытында тиісті шаралар үздіксіз жүргізіліп жатқанын алға тартады. Соның негізінде білім беру ұйымдарының айналасында орналасқан жол қозғалысын реттейтін техникалық құрылғыларға зерделеу жұмыстарын жүргізу, кемшілік анықталған қондырғыларды қайта қалпына келтіру, жол белгілері мен жаяу жүргіншілерлің жолүсті жолақтарын жаңарту бағытындағы жоспарлы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын мәлімдеп отыр.
Дерекке сәйкес, Қызылорда облысы жеке балабақшалардың ашылуы жағынан республика бойынша облыстар арасында үшінші орында екен. Алдыңғы шепте Түркістан мен Алматы облысының еншісі басым. Бірақ Сыр өңірі бөбекжайдағы бассыздықтардан, оның ішінде тасымалдау кезінде шамадан тыс бала мінгізу, жол апатының жиі болуы, улану, ұрып-соғу секілді жайсыз жағдайлар бойынша да есе жіберер емес. Соның айғағындай, бүгінгі күнге дейін түрлі келеңсіздік салдарынан 93 балабақшаға ескерту беріліпті. Алдағы уақытта аталмыш ұйымдарға қатысты тиісті кемшіліктер түзелмесе, бұл балабақшалар да мемлекеттік қаржыландырудан қағылғалы тұр. Бұл жөнінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбетов арнайы өткен жиында мәлім еткен еді.
Қорыта айтқанда, Қызылорда облысының білім беру ұйымдарындағы балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі майшаммен қарайтын жағдайға жетіп тұр. Соның ішінде балабақшалардағы қауіпсіздік шараларын кеңейту, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу сияқты күрмеулі мәселелерді жедел шешу қажеттілігі сезіледі. Сонда ғана мектеп пен балабақшаларда жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырудың маңызы арта түсері сөзсіз.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы