Қарағандыда Қазақстаннан және шет мемлекеттерден келген мыңға жуық жас маман, студент, кәсіпорындар мен білім беру ұйымдарының өкілдерінің басын қосқан Халықаралық жұмысшы жастар форумы өтті.
Жұмысшы жастарды біріктірген басқосу
1,945
оқылды

«Ұрпақтан-ұрпаққа: болашаққа жол бүгіннен басталады» атты форум аясында жұмыспен қамту, мансаптық өсу, кәсіби даму мәселелері талқыланып, қатысушылар тәжірибе мен идея алмасып, болашақ серіктестікке негіз болатын жаңа байланыстар орнатты. Қонақтар қатарында АҚШ, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген делегациялар болды.

– Сіздер – еңбектен қашпайтын, өсу­ге, дамуға және жауапкершілікті өз мой­нына алуға дайын жас буынсыздар. Дәл осындай мамандар өндіріс, энер­ге­ти­ка, көлік пен құрылыс саласын ілгері­ле­теді. Форумда айтылған барлық ұсы­ныс пен идея ескерілетін болады. Мем­ле­кет тарапынан әрқашан қолдау бар. Пре­зиденттің бастамасымен бұл жыл Жұ­мысшы мамандықтары жылы болып жа­рияланғаны да осының дәлелі. Бұл – елі­міздің болашағы үшін жас маман­дар­дың маңызын айқындау. Бүгінде өңірде мың­­ға жуық зауыт пен фабрика жұмыс іс­тейді. Онда 130 мыңнан астам адам ең­бек етсе, олардың 23 мыңға жуығы – жас­тар. Ел ертеңі – осындай жігерлі жас­тар­дың қолында, – деген Қарағанды об­лы­сы­ның әкімі Ермағанбет Бөлекпаев фо­рум­ға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Форумда жас буынға жігер беретін оқи­ғалар да айтылды. ECO Network жо­ба­сы­ның негізін қалаушы Евгений Мұ­ха­меджанов жастарды армандаудан қо­рықпай, жаңа бастамаларға батыл қадам жа­сауға шақырды:

– Жастардың қуаты – шексіз. Бас­ты­сы – сәтті жіберіп алмау, –  деді ол.

Көпшіліктің жүрегіне әсер еткендер­дің бірі – протезбен жүгіріп, Қазақстан чем­пионы атанған әрі халықаралық жа­рыс­тардың жүлдегері, IT-маман Айсұлу Сүлейменова. Ол өмірінің ауыр сынақ­тарын еңсеріп, берілмей алға ұмтылға­нын әңгімеледі. Форум диалог алаңы ға­на емес, еңбектің үздіктерін мара­пат­тай­тын мәртебелі сахнаға айналды. Осы орай­да «Еңбек жолы» республикалық кон­курсының аймақтық кезеңінде жұ­мыс­шы мамандықтарының абыройлы өкіл­дері марапатталды.

Шахтинск қаласынан келген Во­ло­ки­тиндер әулеті «Үздік еңбек әулеті» но­минациясын жеңіп алды – бұл еңбек­тің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатынының айқын үлгісі. Ал балқаштық Ерлан Сыз­дықов «Жұмысшы жастың үздік тәлім­гері» атанды. Қазақстан темір жолы «Жүк тасымалы» филиалының жетекші ин­женер-технологы Жұлдызай Бай­дүй­сен «Үздік жас өндіріс қызметкері» но­ми­нациясында оза шапты. Оның отба­сы­ның барлығы теміржол саласында ең­бек етеді, сондықтан мамандық таң­дауы бала кезінен айқын болған.

– Мен еңбек жолымды қабылдап-тап­­сырушы қызметінен бастадым. Оқы­дым, іздендім, еріктілікпен айналыстым. Бүгінде жауапты қызмет атқарып жүр­мін. Жұмысшы мамандықтары үлкен мүм­кіндіктерге жол ашатынын өз тәжі­ри­бемнен білемін, – деді Жұлдызай.

Форумның ең әсерлі сәттерінің бірі – Kemel Keleshek жастар сыйлығын та­быстау болды. 16 номинация бойынша өн­діріс, көлік, спорт, мәдениет саласына бү­гіннен бастап елеулі үлес қосып жүр­ген жастар марапатталды. Мәселен, Жез­­­қазған мыс балқыту зауытының жұ­мысшысы Дархан Желібаев «Мәдени жә­не әлеуметтік дамуға қосқан үлесі үшін» сыйлығына ие болды. Ол мұндай кездесулердің маңызын ерекше атап өтті.

–  Бұл –  өзге өңірлерде жастарды қол­­­дау бағдарламалары қалай жүзеге асы­рылатынын білуге, тәжірибе бөлісуге жә­не жаңа серпін алуға тамаша мүм­кін­дік. Бүгін жұмысшы мамандықтарының бо­ла­шағы зор. Бастысы –  әрекеттен қо­рықпау, –  деді ол.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы