Telegram-ның негізін қалаған адамды көру 500 ауыл баласы үшін ұмытылмас күн болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
"Ол тамаша шеберлік сабағын өткізіп, балаларға тың дүниелер айтты. Өзім де қызығып тыңдадым. Оқушылар жасанды интеллект, болашақ мамандықтар мен жаңа трендтер туралы сұрақты қарша боратты. Павел мектептегі кезінен, балалық шақтағы арманын, тіпті бұзық болған сәттерінен де сыр шертті. Таңғаларлығы – әлеуметтік желілерде, әсіресе балаларға, уақытты шектеу керек екенін айтты. Мессенджер жасаған адамның аузынан мұны есту күтпеген жағдай",-дейді А.Рахымбаев.

Әлемнің түкпір-түкпірінде миллиондаған жұмысы бар, қолданушылары 1 миллиардқа жеткен адам ауыл балаларына бірнеше сағат уақытын арнады. Шын мәнінде, осындай қарапайым қадамдар үлкен адамдарды айқындайды. Өткен жылдан бері Павел – IQanat мектебінің қамқоршысы. Себебі ол Қазақстан ауылдарынан шыққан 12 балаға грант тағайындаған еді. Әрқайсысын өзі таңдады, бағасы мен отбасылық жағдайына дейін сұрап, жіті мән берді.

Суретте – сол шәкірттері. Соның бірі – Ақмола облысындағы шағын Бұлақсай ауылының 10-сынып оқушысы Тимур. Әкесі – өрт сөндіруші, анасы – қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Бала кезінен программист болуды армандаған. Бірақ барлық мектепте небәрі 30 оқушы, ал өзі екі-ақ баладан тұратын сыныпта оқыды. Мүмкіндік аз болды.
Енді оның қамқоршысы – Павел Дуровтың өзі. Павел оның Telegram-ботын, мектептегі ІТ жобаларын жоғары бағалап, тіпті видеоойындар туралы да әңгімелесті. Шыны керек, олардың «бағдарламашылар тілін» толық түсінбедім, бірақ Тимурдың жанары ерекше жанып тұрды.
Міне, ауылдың қарапайым балалары осылайша арманына бір табан жақындайды. IQanat-та күн сайын осындай ғажайыптар болып жатады. Айқанаттықтарға жұғысты болсын! Ертең олар да Дуров сияқты мықты мамандар, табысты кәсіпкерлер атансын,- деп жазды кәсіпкер.
Айта кеткен жөн, бұған дейін Telegram әлеуметтік желісінің негізін қалаушы Павел Дуров Қазақстанда жасанды интеллект зертханасын ашқанын жазып едік. Енді жоба Alem.ai ғимаратында іске қосылып, елдің суперкомпьютерлік кластерімен бірлесіп жүзеге асады.