"Біздің бастамамызбен әзірленген жаңа заң қабылданды. Қандай маңызды жаңа нормалар бар?
Мектептердің күрделі жөндеуі
Президент өз Жолдауында мектептердің уақытылы жөнделуін қамтамасыз етуді тапсырды. Осыған орай, біз жаңа норма енгіздік: енді Оқу-ағарту министрлігі осы жөндеулерді қаржыландыру ережесін бекітеді, ал әкімдіктер жыл сайын мектептердің күрделі жөндеуіне және реконструкциясына міндетті түрде қаржы бөлуге тиіс болады.
Бірінші сынып оқушыларын қолдау
Жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік тілде оқуға баратын, бірақ әзірге тілді толық меңгермеген балалар үшін арнайы бейімделген бағдарлама ұсынылады. Яғни, олар қосымша тілдік сабақ ала алады. Мақсат айқын: балалар қатарынан қалып қоймай, білімді жеңіл әрі күйзеліссіз алуы тиіс. Мұндай тәжірибе Финляндия, Канада, Эстония және Германияда бұрыннан бар.
ЖОО және бәсекелестік
2027 жылдан бастап сапасын іс жүзінде дәлелдеген үздік университеттерге көбірек еркіндік беріледі: олар өздері білім беру бағдарламаларын айқындап, ғылыми дәрежелерді тағайындай алады. Қосымша академиялық еркіндік керек пе? Онда сапаңды көрсет.
Ашықтық
Мектептер мен балабақшалардың штаттық кестесі енді жария түрде қолжетімді болуға тиіс (заңнамадағы жеке деректерді қорғау талабын ескере отырып). Мысалы, қай балабақшада қанша күзетші, әлеуметтік педагог немесе әдіскер бар екені ашық көрінетін болады. Ол«жұмыс істемей жалақы алатын жандарға» қарсы нақты шара.
Әдістемелік кабинеттер
Бұрынғы заңда тек «әдістемелік кабинет» ұғымы ғана болған. Сол себепті тексерушілер әдістемелік орталықтардың қызметін заңсыз деп танып, олардың қаржыландыруына және қызметкерлерге қосымша төлемдерге күмән келтіретін. Біз бұл олқылықты жойдық: енді заңда әдістемелік кабинеттермен қатар әдістемелік орталықтар да бекітілді. Яғни, әдістемелік орталықтардың қызметкерлері теңестіріліп, өздеріне тиісті үстемақыларды алады.
Колледждер және аттестация
Білім ұйымдарының мемлекеттік аттестациядан өту тәртібі өзгерді. Сондай-ақ колледждерді рейтингтеу нормасы енгізілді: енді олардың қаржыландыруы сапасына қарай бөлінеді. Бұл да Президенттің тапсырмасы", - деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Енді Оқу-ағарту министрлігі осы жөндеулерді қаржыландыру ережесін бекітеді, ал әкімдіктер жыл сайын мектептердің күрделі жөндеуіне және реконструкциясына міндетті түрде қаржы бөлуге тиіс болады
Мәжіліс депутатының айтуынша, өткен аптада олардың бастамасымен әзірленген маңызды құжат заң жүзінде бекітілген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.