Осы жоба арқылы салаға серпін беріп, өндіріс орындары қайта жанданды. Қазір рельс пен темірбетон шпал зауыттары толық қуатта жұмыс істесе, бұрын тоқтаған қиыршық тас зауыттары қайта іске қосылған.
Достық – Мойынты: Қазақстанда алғаш рет теміржол қозғалысын басқарудың отандық жүйесі енгізілді – Саят Бакиров
323
оқылды

«Integra Construction KZ» ЖШС-нің бас директордың орынбасары Саят Бакиров жақында ғана  іске қосылған Достық – Мойынты екінші теміржол желісі маңыздылығын айтып, соңғы 10 жылдан бері елімізде мұндай ауқымды инфрақұрылымдық жоба іске асырылмағанын сөз етті, - деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Оның айтуынша, жұмыс қарқынды жүрген. Теміржол құрылысы бір мезгілде 836 шақырым бойында басталған. 

– Жобаны Мемлекет басшысының қолдауымен 2022 жылы «ҚТЖ» жүзеге асыруды мойнына алып, жұмысқа бірден кірісіп кеткен. Негізі құрылыстың жобасы норматив бойынша 5 жылға жоспарланған. Алайда теміржол желісінің құрылысын мерзімнен 2 жыл бұрын, яғни 3 жылға жетпей толығымен аяқтадық. Құрылыс кезеңінде мердігерлік ұйымдарды қоса есептегенде шамамен 6 мың жұмыс орны ашылды. Оның жұмысына тек жергілікті мамандар тартылды. Қаражат уақтылы бөлініп, құрылыстың маусымына қарамастан жұмыс тоқтамады, – деді Саят Қанатұлы. 

«Достық – Мойынты» учаскесіндегі екінші жолдың құрылысына жауапты болған Саят Бакиров жұмыс барысында қиындықтың болғанын жасырмады. 

– Әрине, құрылыс барысында қиындықтар кездескені рас. Екінші жол құрылысы жұмыс жасап тұрған темір жол бойында жүргізілгендіктен, ең бастысы – қауіпсіздікті қатаң сақтау қажет  еді. Сонымен қатар, учаскедегі жүйелердің бұзылмауын қамтамасыз етіп, технологиялық толазкесін алу қажеттілігі туындады. Бұл мәселені шешу үшін көптеген жиын өткізіліп, «ҚТЖ» мамандары мен мердігер ұйымдардың бірлескен күш-жігерімен қосымша шаралар қабылданды, – дейді ол. 

Саят Бакиров құрылыстың мерзімінен бұрын аяқталуы «ҚТЖ»-на бірнеше жыл бұрын кіріс әкелуіне мүмкіндік беретінін айтты. Атап айтқанда: жүк транзитінен, ішкі жүк айналымынан, қосалқы қызметтерден қосымша түсімдердің түсуі.  Жүк ағыны екі-бес есеге ұлғаяды. Бұл компания табысының және бюджетке салық түсімдерінің айтарлықтай өсуін қамтамасыз етеді. Ең бастысы - жобаға салынған инвестициялар ел ішінде сақталып, Қазақстан экономикасын ұлғайтатынына сенімді. 

– Достық – Мойынты екінші теміржол желісінің ашылуы – еліміздің теміржол саласында маңызды оқиға. Бұл жоба саланың жаңаруы мен дамуының жаңа кезеңін көрсетті. Теміржол саласы тоқырауға ұшырап, отандық құрылыс компанияларын жоғалтып алу қаупі туындаған болатын. Осы жоба арқылы салаға серпін беріліп, өндіріс орындары қайта жандандырылды. Қазір рельс пен темірбетон шпал зауыттары толық қуатта жұмыс істейді. Бұрын тоқтаған қиыршық тас зауыттары қайта іске қосылды. Оған қоса, көпір құрылыстары жаңғыртылды. Құрылыс барысында 100% отандық материалдар қолданылды. Қазақстанда алғаш рет теміржол қозғалысын басқарудың отандық, микропроцессорлық МПЦ-QZ жүйесі енгізілді, – «Integra Construction KZ» ЖШС-нің бас директордың орынбасары Саят Бакиров.