Осыған байланысты Бас прокурор Берік Асылов X әлеуметтік желісінде жазба жариялады.
Құқық қорғау органдары академиясына жаңадан ректор тағайындалды
academy-gp.kz
714
оқылды

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бұйрығымен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры лауазымына Нұрғалым Мәжитұлы Әбдіров тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Осыған байланысты Бас прокурор Берік Асылов X әлеуметтік желісінде жазба жариялады. Ол Құқық қорғау органдары академиясының ұжымына жаңа ректор – 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, PhD докторы Нұрғалим Мәжітұлы Әбдіровты таныстырған. Бас прокурордың айтуынша, ол – өңірлерде және Бас прокуратурада басшылық қызметтер атқарған тәжірибелі прокурор.

Бас прокурор академияның алдына мынадай маңызды міндеттер қойғанын жазды:

– білім беру бағдарламаларын жасанды интеллектке басымдық бере отырып жаңғырту;

– киберқылмысқа және өзге де заманауи сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы іс-қимылда жасанды интеллектіні тиімді қолдана алатын сертификатталған прокурорлар мен өзге де құқық қорғау органдары қызметкерлерін даярлау;

– ғылыми зерттеулердің қолданбалы сипатын күшейту;

– Академияның ғылыми басылымдарының халықаралық беделін арттыру;

– курсанттардың тұлғалық қасиеттерін тәрбиелеуге – тәртіпке, қызметке және мемлекетке адалдыққа ерекше көңіл бөлу;

– шетелдің бейінді білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты күшейту.

"Біз бірге Академияны прокуратура мен құқық қорғау органдары үшін кадрлар мен ғылымды даярлау орталығы ретінде нығайтамыз деп сенемін",  – деп жазды Б. Асылов.