ЖИ терапевт 30 емханада сынақтан өткізілуде.
Қазақстандағы емханаларда ЖИ терапевт іске қосылды
Фото: istockphoto
1,750
оқылды

«Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин Digital Bridge форумы алаңында компанияның стартаптармен әріптестігі медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталып отырғанын айтты. Осы ретте ол еліміздегі 30 емханада жасанды интеллектке негізделген электронды терапевт сынақтан өткізіліп жатқанын атап өтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz

Бағдат Мусиннің айтуынша, компания соңғы жылдары тек интернет инфрақұрылымымен шектелмей, әлеуметтік маңызы бар жобаларды да іске асыруға ден қойып отыр.

«Қазақтелеком» сияқты ірі операторлар үшін негізгі мәселе – ішкі құрылымдағы бюрократия. Компанияны түбегейлі қайта құру өте қымбат әрі күрделі процесс. Сондықтан қазір стартап-индустриямен серіктестікке ерекше мән беріп отырмыз. Осы мақсатта 2024 жылы Activation Hub іске қосылды. Бар болғаны бір жылдың ішінде 200-ге жуық стартап өтінім келіп түсті», - деп атап өтті Бағдат Мусин.

Мысалы, қазір компания Денсаулық сақтау министрлігімен әріптестік орнатып, медициналық стартаптарды жеткізуші рөлін атқарып отыр.

– Бүгінде жасанды интеллектке негізделген Askell атты электронды терапевт 30 емханада сынақтан өткізілуде. Бұл шешім дәрігерлерге қабылдау кезінде пациенттің шағымдарын талдап, ұсыныстар беруге көмектеседі. Жоба оң нәтиже көрсетсе, оны еліміздегі барлық медициналық ұйымдарға енгізу жоспарланып отыр, - деді Мусин.

Сонымен қатар компания фельдшерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында видеожетон жобасын іске асырып жатыр. Құрылғы Samsung аппаратының негізінде жасалған, бейнеаналитика бөлігін басқа компания әзірлеген.

«Өнім жақында нарыққа шығып, жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі. Себебі қазір жедел жәрдем қызметкерлеріне дөрекілік танытып, қол көтеру жағдайлары жиілеп кетті. Біз осы мәселені шешуге үлес қосқымыз келеді», – деді ол.

Оның айтуынша, мұндай жобалар ірі корпорациялар мен стартаптардың ынтымақтастығының нәтижесінде жүзеге асып отыр.