Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Digital Bridge 2025 халықаралық форумына қатысып, сөз сөйледі. Ең алдымен Президент маңызды жиынға қатысу үшін арнайы келген меймандарға шынайы ризашылығын білдірді.
Жасанды интеллект игі мақсатқа қызмет етуі керек
6,059
оқылды

Алқалы жиынға Мажарстанның Президенті Тамаш Шуйок та келді. Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары мәртебелі мейманды ерекше атап, оның бастамалары цифрлық технология саласындағы ха­лықаралық серіктестікті нығайта түсетінін жеткізді. 

– Бүгінде Digital Bridge өте маңызды пікір алмасу алаңына айналды, бұл жерде жаһандық өзгерістер мен цифрлық экономиканың болашағы туралы өзекті ойлар айтылып, маңызды бастамалар көтеріледі. Осы уақыт ішінде форум жұмысына 67 мыңнан астам адам, 500-ден аса ІТ компания және 100 елдің өкілі қатысты. Қазақстан Еуразиядағы негізгі цифрлық хаб ретінде алдағы уақытта да осы маңызды жұмысты жалғастыра береді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңа технологияны адамзат игілігіне пайдалануды, оны прогресс пен ынтымақ­тас­тықтың қозғаушы күшіне айнал­дыруды басты міндет ретінде атады. Жаһан жұртшылығы жа­сан­ды интеллект дәуіріне қадам басты. Озық технологияның жо­ғары қарқынмен дамуы саясатқа, экономикаға және миллиардтаған адамның өміріне тікелей әсер етіп жатыр. 

– Сарапшылардың баға­лауынша, жасанды интеллектінің дамуына соңғы жылдары дүние­жүзі бойынша бір триллион доллардан артық инвестиция салынған. Ал аталған саланың әлемдік экономикаға қосатын үлесі таяу онжылдықта жеті трил­лион долларға дейін жетуі мүмкін. Әйтсе де, мұндай оң нәтижеге аталған технологияны жауапкер­шілікпен пайдаланған кезде қол жеткізуге болады. Қазір жасанды интеллект саласындағы жауапкер­шілік туралы қызу пікірталас жү­ріп жатыр. Әсіресе, ортақ реттеу ережелерін түзу және барлық елдің озық технология мен ре­сурс­тарға тең қолжетімділігін қам­тамасыз ету мәселелеріне ай­рықша назар аударылып отыр. Біздің міндетіміз – жаңа техно­логияны адамзат игілігіне пайда­лану, оны прогресс пен ынтымақ­тас­тықтың қозғаушы күшіне айналдыру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте Мемлекет басшысы 30 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздік жолын таңдап, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқанын еске салып, жасанды интеллект бейбіт мақсатта ғана қолданылуға тиіс деп батыл түрде мәлімдеді. Оның әскери салада, кибершабуылдарға және халық­аралық тұрақтылыққа қатер төн­діретін жобаларда пайда­ланылуы­на жол беруге болмайтынына на­зар аударды. 

– БҰҰ Бас Ассамблеясының таяуда өткен сессиясында мен Қазақстанның Ұйым аясында Жасанды интеллектіні басқару жө­ніндегі жаһандық диалог жұ­мысына атсалысуға дайын екенін растадым. Біз серіктестеріміздің бастамаларын, соның ішінде Қытайдың ЖИ саласындағы жаһандық ынтымақтастық ұйы­мын құру туралы ұсынысын қол­даймыз. Мен биыл халыққа Жол­дауымды цифрландыру және жасанды интеллект мәселесіне арнадым. Біз алдымызға нақты мақсат қойдық: Қазақстан үш жыл ішінде нағыз цифрлық ел болуы керек. Бұл – өте ауқымды міндет. Сондықтан біз қазір елі­міздің біртұтас цифрлық эко­жүйесін құру ісімен белсенді түрде айналысып жатырмыз, – деді Президент.

Бұған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өткенін айтты. Жиында білім беру мәселе­лері қаралғанын, әлемге танымал сарапшылармен бірге адам капи­талын дамыту мәселесі талқылан­ғанын, нақты міндеттер айқын­далғанын жеткізді. Ең бастысы, жасанды интеллект саласындағы тұңғыш зерттеу университетін құру туралы өте маңызды шешім қабылданғанына назар аудартты. 

– Сондай-ақ бүгін Alem.ai ха­лықаралық жасанды интеллект орталығы өз жұмысын бастайды. Бұл орталықты инновациялар мен тың идеялардың мекені деуге бо­лады. Жалпы, Қазақстан осы са­ла­дағы кез келген ынтымақтас­тыққа ашық. Сондай-ақ біз елімізде екінші суперкомпьютер кластерін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жасанды интеллект тек игі мақсатқа қызмет етуі керек. Адам игілігі басты орында тұрады. Alem.ai жасанды интеллектіні барынша тиімді әрі этикалық нормаларға сай қолданатын жаһандық орталық болуға тиіс. Жасанды интеллект технология­сын жауапкершілікпен қолдану өте маңызды. Сондықтан жаңа университет және Alem.ai орта­лығы біртұтас экожүйенің негізгі өзегі ретінде қызмет етуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент цифрландыру ұлтымыздың менталитетіне оң әсерін тигізетінін айтты. Цифр­лық мемлекет құру Қазақстанның келешегін айқындайтын стра­тегия­лық таңдау екенін атап өтті. Үш жылдың ішінде цифрлық басқару форматына толық өту міндеті қойылды. Бұл мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара қарым-қатынасын түбегейлі өзгертеді. Осы мақсатта елде Жа­санды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Жаңа ведомство цифрландырудың және тұрмыстың барлық саласына жасанды интеллектіні енгізудің басты локомотиві болады. 

– Еліміздегі қоғамдық өмір мүлдем өзге сипат алады. Техно­логиялық тұрғыдан анағұрлым заманауи болады, яғни ұлтымыз­дың менталитетіне оң әсерін ти­гізеді. Осылайша, біз өркениетке батыл қадам жасаймыз. Мен хал­қымыздың кейінге қайы­рылып, өткенмен өмір сүрмей, келешекке сеніммен көз тігуге тиіс екенін бұған дейін бірнеше рет айтқан едім. Маған «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің ЖИ тех­нологиясымен жұмыс істейтін вир­туалды мүшесінің қызметін көрсетті. Бұл – ұлттық супер­компьютер мен Қазақстандағы Alem LLM үлкен тілдік модель базасында іске асырылған Орталық Азиядағы алғашқы жоба. Ішкі үдерістердің бәрін оңтайлан­дыруға септігін тигізетін мұндай шешімнің маңызы зор, – деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздегі ұлттық компаниялар, отандық кәсіпорындар осындай инно­вациялық жобаларды белсенді түрде қолдануы керек екенін баса айтты. Осы тұста озық технология­ларды қолдану, бір жағынан, пайдалы және тиімді болғанымен, екінші жағынан, сын-қатері де аз емесін ескертті. Сондықтан жасанды интеллектіні пайдалану үшін тиісті заңнамалық негіз қалыптастыру – аса өзекті міндет. 

– Осы саладағы негізгі құжат – Цифрлық кодексті жедел қабылдау үшін нақты шаралар жасалуда. Кодексте экономика, білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларын жаппай цифрландыру жүйесі айқындалады. Жалпы, Цифрлық кодексті асығыс қабылдай салуға болмайды, бұл – шын мәнінде жауапты, күрделі жұмыс. Сол се­бепті Парламентте сарапшылар­дың, құзырлы мекеме өкілдерінің қатысуымен жасанды интеллек­тіні дамыту мәселесі бойынша арнайы тыңдаулар өткізілді. Бір апта бұрын Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады. Расында, бұл уақытылы қабылданған заң болды. Шетел мамандары да мұны еліміздің тұрақты цифрлық эко­жүйесін құру жолындағы маңызды қадам деп бағалап, жақсы пікір айтуда, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жай­барақат отыруға болмайтынын, алдымызда ауқымды жұмыс ба­рын алға тартты. Жасанды интел­лектінің орасан зор әлеуетін Әді­летті, Қауіпсіз және Қуатты Қазақ­станды құру үшін қолдануға бо­лады. Алайда жасанды интел­лект және цифрландыру мәсе­ленің бәрін бір сәтте шешіп тас­тамайды. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні тиімді пайдалану үшін өте маңызды үш міндетті қатар орындау керек. Атап айтқанда, осы салаға ресурс тарту, жаңа білімді меңгеру және әдеп нормаларын сақтау. Әділ әрі тиімді шешім қабылдай отырып, жылдам және ашық әрекет ету қажет. 

– Әрбір жаңа мемлекеттік қызмет көрсету ең әуелі цифрлық форматта жасақталуға тиіс. Бұрын ұсынылған мәліметтерді қайта сұратудың керегі жоқ. Бұдан бөлек, мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасына байланысты барлық нормативтік актілер бекітілгенге дейін міндетті түрде цифрлық сараптамадан өткізілуі қажет. Соның нәтижесінде, аза­маттар мен кәсіпкерлер бюро­кратия­дан құтылып, олардың мемлекеттік институттарға деген сенімі нығая түседі. Жалпы, ай­тылған барлық шаралар біздің аймақта жаңашылдық саналады. Бұл еліміздің цифрлық саясаты­ның ұзақмерзімді әрі жүйелі ба­ғытын көрсетеді. Ақылды техно­логиялар үлкен деректерді өң­­деу­ге, әлеуметтік саладан бас­тап негізгі экономикалық көрсет­кіштерге дейінгі көптеген саланы талдауға қабілетті. Яғни, стра­тегиялық жоспарлаудың тиімді­лігін айтарлықтай жетілдіреді. Сәйкесінше, азаматтардың әл-ау­қатын жақсартуға және эко­номика­лық өсімді арттыруға ық­пал етеді. Сонымен қатар халық несие беруден бастап мемлекеттік қызмет көрсетуге дейінгі алгоритм жүйелерінің қалай жұмыс істей­тінін білуі әрі түсінуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жасанды интеллект технологиясын экономиканың барлық саласына жаппай енгізу үшін тиісті заңнаманы да соған сәйкес бейімдеу қажет екенін еске салды. Бұл – еліміздің цифрлық және зияткерлік дербестігін қорғайтын нақты тетіктер болу керек деген сөз. Түптеп келгенде, цифрландыру және нейрожеліні кеңінен қолдану Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа философиясына айналуға тиіс. Бұдан соң Мемлекет басшы­сы форум атауын AI Bridge деп өзгертуді ұсынды. 

– Қазір әлем жұртшылығының алдында жасанды интеллектінің болашағына қатысты түрлі таңдау тұр. Оның кейбірі шексіз мүм­кіндіктерге жол ашады. Ал енді бірі үлкен сын-қатерлерге душар етуі мүмкін. Дегенмен бір нәрсе анық – келешегіміздің қандай болары біздің бірлесіп әрекет ете білуімізге байланысты. Жасанды интеллект – қазіргі заманның ақиқаты. Алдағы жылдары да адамзат дамуының негізгі бағдары жасанды интеллектіге тікелей байланысты болатыны анық. Сондықтан келесі жылдан бастап форумды AI Bridge деп атаған жөн деп санаймын. Бірақ форумның мақсат-міндеті өзгермейді. Осы бірегей алаң технология саласын­дағы алпауыттар мен түрлі стар­тап­тар, бизнес пен ғылым, мем­лекет пен азаматтар арасындағы дәнекер болып қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзін­ше, жаһандық өркениеттің кел­бетін өзгертетін басты күш ретінде жасанды интеллект бүгінде адам­зат өмірінің мәнін қайта саралауға мәжбүрлеп отыр. Сондықтан ин­же­нерлер мен басқа да кәсіп иелерін, сондай-ақ осы техно­логия­ның мәні мен даму беталы­сын пайымдай алатын гумани­тарлық сала мамандарының жаңа буынын тәрбиелеп шығару керек. 

– Жасанды интеллектіде түрлі қоғамның болмыс-бітімі, дәстүрі, құқықтық нормалары мен адам­гер­шілік қағидалары көрініс та­буға тиіс. Сондықтан оны дамы­туға философтар, әлеу­мет­тану­шылар және заңгерлердің атсалысатынына сенімдімін. Технология әлеуметтік теңсіздікті ушықтырмауы, азаматтардың мінез-құлқы мен таңдауына манипуляция жасамауы керек. Ол үшін тиімді шаралар қабылдауымыз қажет. Артық­шылыққа ие топтар алгоритмдерді пайдаланып, әлдебір құндылықтар мен ойлау моделін қоғамға таңуы ықтимал. Оған жол беруге бол­май­ды. Бұл әлемнің мәдени әралуандығына қиянат жасау болып саналады. Технология таңдаулыларға ғана емес, баршаға қызмет етуге тиіс. Әділ шешімі осы, – деп баса айтты Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев адам­ның шексіз әлеуеті және озық тех­нологиялардың бірегей мүм­кіндігі ұштасқанда ғана жарқын болашаққа даңғыл жол ашы­латынын жеткізді. 

– Біз мына маңызды мәселені де назарда ұстауымыз керек: жа­санды интеллектінің бойында сана бар, бірақ сезім жоқ. Жасан­ды интеллект талдау және болжам жасауға қабілетті болғанымен, адам сияқты армандап, қиялдай алмайды. Кім біледі, бәлкім, он-жиырма жылдан кейін мұндай ахуалдың өзі түбегейлі өзгеруі мүмкін, бірақ қазір Жасанды ин­тел­лектінің «жаны» әзірше жоқ. Адамзат жасанды интеллектінің игілігін көруі керек. Заманауи технологиялар қаншалықты озық болса да, адамның ой-санасы одан да жүйрік болуы қажет, яғни адам бұл тұрғыдан машинаның артында қалмауы керек. Осы мәселе бойынша көптеген тұжы­рым пайда болуда, тіпті, қызу пікірталастар жүріп жатыр. Бұл істе философия, мәдениет және білім айрықша рөл атқарады. Басқа сөзбен айтқанда, адамның шексіз әлеуеті және озық техно­логиялардың бірегей мүмкін­дігі ұштасқанда ғана жарқын бола­шаққа даңғыл жол ашылады, – деді.