Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен кездесті.
Екіжақты әріптестік нығая бермек
6,450
оқылды

Тараптар ынтымақтастықты одан әрі арттыруға қатысты өзекті мәселелерді талқылап, екі елдің парламентаралық іс-қимылының басым бағыттарына назар аударды.

Мәулен Әшімбаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, сапар бағдарламасының ауқымды екенін тілге тиек етті. Соның аясында Мажарстан Президенті Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­пен бірге Digital Bridge 2025 Ха­лық­аралық IT-форумына қатыс­қанын айта кеткен жөн. Сенат Төрағасы атап өткендей, мұндай мазмұнды сапар бауырлас елдер екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығай­туға мүдделі екенін көр­сетеді.

Сондай-ақ Қазақстан мен Ма­жарстан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған отыз жыл ішінде қос мемлекет ара­сында сенімді саяси диалог, берік эко­номикалық ынтымақ­тастық және тығыз мәдени-гу­манитар­лық бай­ланыс қалып­тасқаны сөз болды.

«Кейінгі жылдар Қазақстан мен Мажарстан ынтымақтастығы үшін өте нәтижелі болды деуге то­лық негіз бар. Бұл ретте Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың былтыр Будапештке жасаған алғашқы мемле­кеттік сапарын айрықша атап өткен жөн. Соның қорытын­дысы бойынша екі елдің стра­тегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға және ортақ бастама­ларды іске асыруға бейіл екенін көрсететін бірлескен мәлім­деме қабылданды. Одан бөлек, сауда-экономикалық салада бір­қатар маңызды келісімге қол қо­йылды. Сіздің сапарыңыз мемле­кетаралық өзара іс-қимыл мен ын­­­ты­­мақ­тастыққа тың серпін бе­ріп, екі­жақты қатынастардың күн тәртібін жаңа маз­мұнмен ба­йыта түседі деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сұхбат барысында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы өзара іс-қимылды арттыруда парламент­аралық диалог маңыз­ды рөл ат­қаратыны айтылды. Осы­ған орай достық топтары мен парламент­аралық ұйымдар аясындағы ынтымақтас­тықты және парла­ментаралық бай­­ла­ныс­­тарды әрі қарай жандандыру те­тік­теріне баса мән берілді.

«Біз Қазақстан Парламенті мен Ма­жарстан Мемлекеттік жина­лы­сы ара­сында қалыптасқан достық байланысты жоғары бағалаймыз және оны әрі қарай нығайтуға мүд­де­ліміз. Парламент­аралық ынты­мақтастығымыз Еуропа кеңесінің, Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының, сондай-ақ Пар­ламент­аралық Одақтың Парла­мент­тік Ассам­блеялары аясында да көпжақты форматта дамып келеді. Мажарстан байқаушы ретінде қатысатын Түркі мемле­кеттерінің Парламенттік Ассам­блеясы аясын­дағы өзара іс-қи­мылымыз да ерек­ше маңызға ие», – деді Сенат Төрағасы.

Сұхбаттасушылар цифр­лан­дыру және жасанды интеллект саласындағы жаңа тәсілдерге ерекше назар аударып, алдағы ынтымақтастықтың, оның ішінде білім беру саласындағы бірлескен іс-қимылдың басымдықтарын бел­гіледі.

Мәулен Әшімбаев рухани дип­ло­матия­ны дамытудың маңызына тоқталып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­лары съезінің мақсаттарына қол жеткізуге қосқан елеулі үлесі мен көрсеткен белсенді қолдауы үшін мажар тарапына ризашылық білдірді.

Өз кезегінде Тамаш Шуйок жан-жақты ынтымақтастық үшін алғыс айтып, Қазақстан мен Мажарстанның көптеген салада мүддесі мен ұстанымы ұқсас еке­нін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол бауырлас елдер арасындағы ын­тымақтастықты одан әрі нығайтуға бейіл екенін жеткізді.