Жауаптылар «қаңғыбас иттерді аулап жатырмыз» дегенімен, одан жапа шеккендердің саны азаймауда. Биылдың өзінде Тараз қаласында 507 адам итке таланған. Бұл санаға салмақ салатын статистика. Сонда қаңғыбас иттердің ауланып жатқаны көзбояушылық болғаны ма?
Бұған дейін қаңғыбас иттердің көп жүретін жерлері көпқабатты үйлердің ауласы болатын. Алайда кейінгі кездері иесіз иттер саябақтар мен негізгі көшелерге дейін шығып, орталық алаңға да жетті. Орталықта облыс пен қала әкімдігінің ғимаратынан бастап, барлық мемлекеттік мекеме орналасқан. Сала мамандарының жүйесіз жұмысының көрінісі – осы. Яғни, қаңғыбас иттердің бақылаусыз кеткені соншалық, олар ит аулаушыдан да, басқасынан да қорықпайтын күйге жетті. Ал одан тұрғындар жапа көріп, мектеп жасындағы балалар итке талануда.
Алдыңғы жылы Қаратау қаласында 7 жасар баланы қаңғыбас ит талап, оның бет-аузын және екі аяғын қатты жарақаттағанын ел ұмытқан жоқ. Бала ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілді. Дәл солай Шу ауданында болған жағдай да бүкіл облысты дүрліктірді. Оқиға кезінде жарақат алған қызды жедел жәрдем қызметкерлері көтеріп алып бара жатқан сәт бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желілерде кең таралды. Қансыраған қыздың әлсіз дауысы мен ауырсынып ыңырсыған сәті талайдың жүрегін ауыртып, көптің көзіне жас үйірді.
Ал Тараз қаласы «Барысхан» алқабында бір ит мектеп оқушысына шабуыл жасағаны ата-ананың үрейін алды. Сол оқиғадан екі-үш күн бұрын Айша бибі ауылында топтасқан қаңғыбас иттер мүмкіндігі шектеулі бір қызды талап тастаған еді. «Шалғай Қарасу» алқабының тұрғындары да күн ұясына батысымен көшеге шығудан қалғандарын айтып дабыл қақты.
– Кейінгі кезде қалада қаңғыбас иттердің қаптап кетуі бәрімізді алаңдатып отыр. Әсіресе, мектеп жасындағы балаларымыздың қауіпсіздігіне қорқыныш күннен күнге күшейіп барады. Таңертең мектепке аттанған балаларымыздың қаңғыбас иттерден аман жетуін тілеп отырамыз. Балаларымыз сабақтан кейін еркін ойнаудың орнына, жан-жағына үреймен қарап, ит көрсе шошып, қашып жүретін болды. Сондықтан біз тиісті органдардан нақты әрі шұғыл шаралар қабылдауды сұраймыз. Қаңғыбас иттерді бақылаусыз көбейте бермей, заң аясында қауіпсіздік жұмыстарын күшейтіп, әсіресе, мектеп маңын қадағалау қажет, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Сұңқар Тілеп.
Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Талғат Қожабергенов қаңғыбас иттердің көбеюі – ит иелерінің жауапсыздығы деп отыр.
– Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жануарлардың иелері иелігіндегі жануарларын ветеринариялық-санитариялық, гигиеналық талаптарды сақтай отырып, асырауға және ұстауға, есепке алуға, уақытылы вакцинация жасатуға, қоршаған ортаның, қоғамдық орындардың ластануына жол бермеуге және тұқым алу қажет болмаса өз қаражатынан үй жануарларына кастрация немесе стерилизация жасатуға міндеттелген, – дейді басқарма өкілі.
Оның айтуынша, 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап тұрғындар үй жануарларын тіркеуге міндетті. Тіркеу үшін ветеринарлық клиникалар мен мекемелерге жүгінуге тиіс. Чиптер, болюстер немесе басқа сәйкестендіру бұйымдары орнатылғаннан кейін жануар туралы мәліметтер «IT-cor» ақпараттық жүйесіне тегін енгізіледі. Өткен жылы «IT-cor» дерекқорына барлығы – 4 111, ал биыл 8 айда 5 701 ит тіркелген.
Мамандар қаңғыбас иттерді аулаудың өзіндік заңдылығы бар екенін алға тартады. Мәселен, қазір иттерге атыс қаруын қолдануға тыйым салынған. Яғни, қаңғыбас ит болса да оның денесіне жарақат салуға болмайды. Аулау гумандық әдістерді, атап айтқанда, құрық және торларды қолдана отырып жүргізіледі. Егер жануар адамдардың денсаулығына қауіп төндірсе немесе құтырған болса ғана ұйықтататын препараттар пневматикалық шприцтер арқылы салынады.
Гуманды түрде ауланған қаңғыбас иттердің жаңа иелерін іздеу мақсатында олар уақытша ұстауға жіберіледі екен. Қаңғыбас иттерді күтіп-ұстау аз қаржыны қажет етпейтіні белгілі. Ал бұл бюджеттің бір бұрышына түскен салмақ. Есесіне, қаңғыбас иттерден жапа шеккендерін айтып, шағымданып жатқан халықтың саны күн санап артуда. Мәселен, биыл 8 айда «Жамбыл 109» диспетчерлік орталығына түскен өтініштер бойынша облыс аумағында 15 998 бас қаңғыбас ит ауланған. Ал Тараз қаласында өткен жылы 10 414 ит ауланған болса, биыл әзірге 8 009 итті қамаған.
Қазір Тараз қаласымен қосқанда Мойынқұм, Жуалы, Байзақ, Сарысу, Жамбыл, Меркі және Талас ауданында питомниктер жұмыс істеп тұр. Ал Т.Рысқұлов, Шу, Қордай аудандарында ит ұстайтын орындардың құрылысы жүргізілуде. Жарайды, жан-жануарға қатысты бұл шараларды құп көрейік. Алайда питомниктер ашқаннан мәселе шешімін тауып жатыр ма?
Алдыңғы жылдары қаңғыбас иттерді атыс қаруымен аулау жүйесі қолданыста бар еді. Алайда өткен жылы «итімді атып кетті» деп бір тұрғын шу шығарғаннан кейін, ит аулаушыларға айыппұл салынып, тіпті қылмыстық іс қозғала жаздаған. Содан кейін ветеринария саласына қызметке тұруға ниеттілердің саны күрт азайып, ит аулаушылар «мұндай жұмысы құрысын» деп қолдарын бір сілтеп кеткен. Сол жағдайдан кейін қала көшелерінде ит аулап жүрген мамандарды көрмейтін болдық. Ветеринария басқармасы ресми 6 маман ит аулаушы ретінде мекемеде тіркелгенін айтқанымен, олардың бүгінде қарасы да байқалмайды. Демек, салаға қызметке келуге құлықтылар жоқтың қасы деген сөз. Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда иттердің құқығын қорғайтын заң болса, адамдардың қауіпсіздігін кім қамтамасыз етеді?
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы