Түркістан облысында оқушысын зорламақ болған 38 жастағы дене шынықтыру мұғаліміне үкім шықты, – деп хабарлайды Аikyn.kz
Тергеу мәліметінше, ер адам сегізінші сынып оқушысын айдалаға апарып, оны қорламақ болған. Қыз қашып үлгерген. Оқушы қыз болған оқиғаны туыстарына айтып берген. Содан жәбірленуші тарап полицияның көмегіне жүгінген.
Orda.kz-тің хабарлауынша, жасөспірімнің анасы мұғалімдер бұл оқиғаны жасырғысы келетінін айтқан еді. Алайда сотта мұғалім кінәні мойындамады. Соған қарамастан тергеу мәліметтері бойынша ер адамның кінәсі толық дәлелденді.
«Ол қызды кездесуге өзі шақырды. Біз барлық қоңырауларды зерттедік. Сонымен қатар ер адам қызды құшақтап, денесіне қол тигізіп, басқа да әдепсіз әрекеттер жасаған», – деді Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ғани Құлдасов.
Сот ер адамды кінәлі деп тауып, оны 12 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Сонымен қатар оған білім беру саласында жұмыс істеуге біржола тыйым салынды. Сотталушы – бес баланың әкесі. Мектепте 16 жыл жұмыс істеген. Соттың соңғы отырысына оның туыстары да, отбасы да келмеді.