Онлайн режимде оңай табыс туралы жарнамаларды әлеуметтік желілерде жиі кездестіруге болады. Сенгіш қолданушыларға инвестиция салуды немесе биржада ойнауды ұсынып, мың пайызға дейін жететін пайда уәде етеді. Бұл – алаяқтардың әрекеті. Төменде олардың схемасы туралы толығырақ айтамыз.
Қалай басталады?
Алаяқтар әлеуметтік желілерде «инвестициялық платформа» немесе «қор биржасы» туралы жарнамалар орналастырады. Онда азғана қаражат салып, қысқа мерзімде орасан табыс табуға болатыны айтылады. Қызыққан адам жарнамаға кіріп, телефон нөмірін қалдырған сәтте оған өзін «менеджер» немесе «куратор» деп таныстырған адам қоңырау шалады. Ол жеңіл табыс схемасын әдемілеп түсіндіріп, аздаған ақшаға виртуалды жеке кабинет ашуды ұсынады. Одан кейін «куратор» алғашқы «сауданы» жасауға шақырады, басында азғана сомаға, мысалы, мың теңгеден бастап.

Бұл алаяқтар екені түсінікті. Бірақ бұған біреу сене ме?
Алаяқтар құрбанның сенімін өшіріп тастайды. Өйткені бастапқыда жіберген аз сомаға жасалған «саудадан» жәбірленушінің шотына «пайда» түскендей етіп көрсетеді.
Бұдан кейін құрбан «үлкен олжаға» сеніп, барлық жинағын немесе тіпті несиеге алынған ақшасын «инвестициялағанда», алаяқтар біржола байланысқа шықпай қояды.
Бұл ақшаны қайтарып алуға бола ма?
Жоқ, әдетте мүмкін емес. Себебі алаяқтар ақшаны дропперлер деп аталатын жалған тұлғалардың есепшоттарына жібертеді. Сіздің қаражатыңыз алдымен сол дроппердің шотына түседі, содан кейін алаяқтарға жөнелтіледі. Алаяқтар көп жағдайда шетелде отырады, оларды кейде халықаралық байланыстармен, ұйымдармен де табу қиын.
Құқық қорғау органдары дропперлерді табады, бірақ олар тек шағын комиссия алады және көбіне, әлеуметтік осал адамдар болады, яғни, зиянды өтейтін мүлкі де, қаржысы да жоқ.
Сонымен қатар жәбірленуші «сауда жасай отырып», ақшаны жеке тұлғаның шотына өз еркімен аударады және оны тауар не қызмет ақысы емес, «жеке аударым» ретінде растайды. Сондықтан мұндай жағдайда алаяқтықты немесе сапасыз қызмет көрсетуді дәлелдеу өте қиын, кейде мүлде мүмкін емес.

Ал банк менің аударымдарымды жай ғана кері қайтара алмай ма?
Жоқ. Заң бойынша, банк алушының келісімінсіз оның жеке картасына жасалған аударымды қайтарып ала алмайды.
Мұндай алаяқтарды алдын ала қалай тануға болады?
Тануы оңай. Міне, негізгі белгілері:
- Олар шектен тыс табыс уәде етеді.
Нағыз брокерлерге заң бойынша клиентке қандай да бір табысқа кепілдік беруге тыйым салынған. Әсіресе, аз қаражат салып, қысқа мерзімде үлкен пайда табу туралы уәде – алаяқтықтың айқын белгісі.
- Олар клиенттерді өздері әлеуметтік желілер арқылы табады.
Нағыз брокерлер әлеуметтік желілерде жарнама жарияламайды және ешкімге өз қызметін тықпаламайды.
- Олар шешім қабылдауға асықтырады.
Алаяқтар сізді жеке кабинет ашуды дәл қазір, мысалы, «жеңілдік әлі бар кезде» жасау керек деп иландыруы мүмкін.

Олардың құрбаны болмау үшін не істеу керек?
Біріншіден, интернеттегі жеңіл табыс табуға шақырған уәделерге ешқашан сенбеңіз.
Екіншіден, бейтаныс адамдардың жеке шоттарына ақша аудармаңыз. Әсіресе, қомақты қаражатты жоғалтқыңыз келмесе.
Үшіншіден, егер инвестицияны бастауды ұйғарсаңыз, брокерлік компанияны таңдауға барынша жауапкершілікпен қараңыз. Компания туралы барлық ақпаратты зерттеңіз және оның мемлекеттік лицензиясы бар екеніне көз жеткізіңіз.
Төртіншіден, ешкімге және ешқандай жағдайда өз картаңыздың PIN-кодын, мобильді банк қосымшаларына кіру кодтарын, картаңыздың CVC/CVV кодын, SMS арқылы келетін кодтар мен құпиясөздерді хабарламаңыз.
«Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» кампаниясының аясында өзін брокер ретінде көрсететін алаяқтар туралы бейнеролик шығарды. Онда мұндай схеманың қалай жұмыс істейтінін көре аласыз.
Естеріңізге сала кетейік, Kaspi.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен ең көп тараған алаяқтық схемалар туралы бейнероликтер сериясын түсірді. Бұл адамдардың алданбауы үшін жасалған.
Жаңа бейнероликтер әр екі апта сайын Kaspi.kz-тің ресми YouTube арнасында жарияланады.