Чемпионатқа 16 мен 22 жас аралығындағы 70-ке жуық студент пен жас маман қатысты
TurkicSkills-2025: Маңғыстаулық ұстаз ірімшіктен балмұздақ жасап шығарды
баспасөз орталығы
348
оқылды

TurkicSkills-2025 чемпионаты аясында өткен халықаралық «Caspian» фестивалінің көрмесінде Маңғыстау туризм колледжінің өндірістік оқу шебері Нұрай Еламан өз авторлық тағамын таныстырды,- деп хабарлайды Аikyn.kz

Ол ірімшік негізінде дайындалған балмұздақты ұсынды. Ұлттық дәстүр мен заманауи технологияны ұштастырған бұл десерт көрме қонақтарының үлкен қызығушылығын тудырды.

— TurkicSkills-2025 техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі қатысушылары үшін зор мүмкіндіктер алаңына айналды. Мұнда қатысушылар өздерінің үздік жобалары мен жетістіктерін таныстырып қана қоймай, тәжірибе және білім алмасуға да бірегей мүмкіндік алды, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ақзира Қасымова.

Көрме аясында Маңғыстау өңірінің гастрономиялық ерекшеліктері, шұбаттан жасалған коктейльдер, жантақпен қайнатылған шай, талқаннан жасалған макарон өнімдері, құрт пен шоколадтың үйлесімі, жент қосылған тәттілер, түйе сүтінен дайындалған балмұздақ, сары қант секілді ұлттық тағамдардың заманауи интерпретациялары кеңінен ұсынылды. Сондай-ақ, көрмеде туризм саласындағы студенттердің стартап жобалары да таныстырылды.

Айта кетейік, кәсіби шеберлікке арналған халықаралық TurkicSkills-2025 чемпионаты Ақтау қаласында өтіп жатыр. Іс-шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған. Чемпионатқа 16 мен 22 жас аралығындағы 70-ке жуық студент пен жас маман, сондай-ақ Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Венгрия, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен келген 90-ға жуық жоғары білікті сарапшы қатысуда.

Шараны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырады. Жобаны жүзеге асырушылар – ҚР ОМ жанындағы «Talap» КЕАҚ және Маңғыстау облысы әкімдігі.