15 қыркүйекте «Отбасы банк» зейнетақы жинақтарын тіс емдеуге пайдалану өтінімдерін қабылдауды тоқтататынын хабарлады.
Тіс емінен бас тартқан қазақстандықтар енді көру қабілетін қалпына келтіруге қаржысын «жұмсап» жатыр
428
оқылды

Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын енді стоматологиялық емге емес, офтальмологиялық қызметтерге жиі пайдалана бастады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты naryk.kz сайтына сілтеме жасап.

Көз емдеуге сұраныс күрт артты

2025 жылдың қыркүйегінде офтальмологиялық қызметтерді төлеу үшін 1,4 млрд теңге көлемінде 1611 өтінім орындалған. Бұл тамызбен салыстырғанда 5,8 есе көп, ал сома жағынан өсім 7 есеге жеткен. Соңғы 12 айдың орташа көрсеткішімен салыстырғанда да рекордтық өсім байқалды — тиісінше 7,9 және 9,3 есе жоғары.

Өзгеріс неліктен болды?

15 қыркүйекте «Отбасы банк» зейнетақы жинақтарын тіс емдеуге пайдалану өтінімдерін қабылдауды тоқтататынын хабарлады. Себебі осы бағытта көптеген жалған өтінім мен заңсыз схема анықталған.

Көктемде енгізілген қосымша бақылау шаралары да нәтиже бермей, Денсаулық сақтау министрлігі стоматологиялық қызметтерге арналған төлем нормасын алып тастау жөнінде түзетулер жобасын жариялады. Қазір кейбір күдіктілер бойынша іздестіру шаралары жүріп жатыр.

«Тіс» бағытындағы қаражаттар кері қайтты

Қыркүйекте зейнетақы жинағын пайдалану бойынша жалпы өтінімдер аздап қана төмендегенімен (тамызбен салыстырғанда 4–6%), қайтарылған қаражат көлемі күрт артқан.

Тек қыркүйекте 21,8 млрд теңге – 27,3 мың өтінім бойынша БЖЗҚ-ға қайта түскен. Ал тамызда бұл көрсеткіш 3,7 млрд теңге және 6,3 мың өтінім болған. Бұл — кей өтінімдердің жалған немесе мақсатына сай болмағанын білдіреді.

Көз емі мен баспана бағыты тұрақты

Офтальмология бойынша кері қайтарылған өтінімдер аз — бар болғаны 83 өтінім, сомасы 48 млн теңге, яғни айтарлықтай өзгеріс жоқ.

Ал тұрғын үй бағытында керісінше өсім байқалды: 128,9 мың өтінім орындалып, 73,3 млрд теңге аударылған — бұл тамызбен салыстырғанда 20% жоғары.