Қазақстан аумағының 45% астамы жойқын жер сілкініс қаупі бар аймақтарға жатады.
Жер сілкінісі қаупі жоғары аймақтарда құрылыс талаптары күшейтіледі
Фото: istockphoto
483
оқылды

Мәжілістің жалпы отырысында Құрылыс кодексінің жобасы бірінші оқылымда қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жаңа кодекстің негізгі бағыттарымен таныстырып, құжаттың құрылыс саласын реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыруға, қауіпсіздік пен сапаны арттыруға бағытталғанын атап өтті. Министрдің мәліметінше, кодексте сейсмикалық қауіпті аймақтардағы құрылысқа ерекше көңіл бөлініп, халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауға арналған жаңа нормалар енгізіледі,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Министрдің айтуынша, Қазақстан сейсмикалық қауіптілігі жоғары елдердің қатарында. Ел аумағының 45% астамы жойқын жер сілкінісі қаупі бар аймақтарға жатады. 

Әсіресе, Алматы қаласы мен Алматы облысы, сондай-ақ халық пен инфрақұрылым шоғырланған Жамбыл, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары.

Осыған байланысты ұлттық қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету мақсатында жаңа Құрылыс кодексінде осы мәселеге арналған жеке тарау енгізіледі. Нормалар кешенді түрде сейсмикалық қатерді бағалауды, жаңа нысандарды сейсмо-оқшаулау технологиясымен жобалауды, құрылыс алаңдарын таңдау мен бірінші деңгейдегі маңызды нысандарға инженерлік-сейсмометриялық бақылау жүргізуді көздейді,  деп нақтылады министр.

Сонымен қатар құжатта қауіпті бағалау – аймақтың ерекшелігі мен нысандардың сипатына қарай ықтимал шығындарды есептеу, тәуекел карталарын жасау, ғимараттардың төзімділігін бағалау мен қауіпті өңірлердегі нысандарды техникалық паспорттау шаралары да қамтылған.

Бұл ретте сейсмикалық микроаймақтарға бөлу ерекше маңызға ие. Оның карталары қала құрылысын жоспарлау кезінде міндетті түрде пайдаланылатын болады. Сондықтан жаңа Кодекске сейсмикалық қауіпсіздік бөлімін енгізу – стратегиялық маңызды қадам. Ол халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауға, салаға заманауи ғылыми-технологиялық негіз қалыптастыруға жағдай жасайды,  деді Ерсайын Нағаспаев.