Маңғыстау облысында мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаз қаза тапты, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
6 қазан күні «Үстірт» шекаралық бекетінде жазатайым оқиға болды. Ресми мәліметке сәйкес, сағат 21:10 шамасында «Үстірт» шекара бөлімінің бастығы, капитан Асу К. қатардағы Еркебұлан Сағындықты жанармай қоймасына жіберген. Сарбаз дизель қондырғысының радиаторын тазалауға қажет бензинді әкелуі керек еді. Алайда ол бензин буымен уланған. Сағат 21:20-де оны электр-дизелист ес-түссіз жатқан күйде тапқан.
Капитан Асу К. алғашқы медициналық көмекті көрсеткенімен, оған көмектесе алмаған. Тіпті, дәрігерлердің көмегіне қарамастан, Еркебұлан Сағындық қаза тапты. Осы жағдайға байланысты қызметтік тергеу басталып, Ақтау гарнизонының әскери полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабы («Қызметке немқұрайлы қарау») бойынша қылмыстық іс қозғады.
Айта кетейік, бұған дейін 5 қазан күні Алматы облысында қаза тапқан сарбаздың туыстары Алматы қаласындағы орталық мәйітханадан оның денесін ала алмай отырғанын хабарлады.