Алматы облысындағы жұқпалы аурулар ауруханасында екі жасар қыз қайтыс болды. Бүлдіршіннің ата-анасы әділ тергеу жүргізуді сұрап отыр, деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Бүлдіршіннің анасы Фатиманың сөзінше, дәрігерлер екі жасар қызына дер кезінде көмек көрсетпеген.
- Қызым 1 қазанда ауруханаға түсті. Ал 5 қазанда ұстамасы басталды. Іші ауырып жатқанын қолымен көрсеткен. Әйелім бірден кезекші дәрігерге барған. Ол бізді хирургтарға жіберді. Хирургтар “бәрі дұрыс” деді. Артынша КТ, УДЗ жасап, қызымыз ұйықтап қалуы үшін анальгин мен демидрол берді, дейді бүлдіршіннің ата-анасы.
6 қазанда таңертең екі жасар қыз жансақтау бөліміне түскен. Ал сағат 11.40-та бала қайтыс болған.
Анасының айтуынша, артынан полиция шақырған.
-Тергеушілер келді. Біздің арызымызды қабылдап, артынша ауру тарихын алды. Оның өзін бес сағат күттік. Дәрігерлер полицейлерге баланың ауру тарихын бес сағат бойы бермеген. Біреуге айып таққымыз келмейді, тек әділ тергеу жүрсе дейміз. Ертеңгі күні басқа балалар да менің баламның жағдайына түспесе дейміз, -дейді баланың ата-анасы.
Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша, баланың ішегі түйіліп қалған.