Бағанашыл шағын ауданында орналасқан №2 Балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері уақытша №1 мектеп-интернатқа көшіріледі, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков хабарлады.
"Орталық ғимаратына жөндеу жүргізу кезеңінде балалар уақытша Торайғыров көшесі, 1 мекенжайындағы №1 мектеп-интернатқа орналастырылады. Ондағы ғимараттың жалпы аумағы 1 113,1 шаршы метр болады. Бұл балалардың жайлы тұруы мен оқуы үшін барлық жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.
Мұнда 100 тәрбиеленуші тұрады, олардың 13-і – мектепке дейінгі жастағы бала, ал 87-сі – мектеп оқушысы. Бұған дейін БАҚ-та балаларды облысқа көшіру мәселесі талқыланған. Алайда барлық тәрбиеленушінің Алматыда қалатыны туралы шешім қабылданды.