Қоғамға елдің өткен кезеңін, даңқты тұлғаларын еске салып, құрметін бейнелеп тұратын ескерткіштер жетерлік.
Ескерткіш сапасы ескерусіз қалмауға тиіс
1,645
оқылды

Өнер туындысы әрі жәдігер саналатын оның ұрпаққа берері мол. Дегенмен бұл салада да аз-кем олқылықтар шығып жатқаны жасырын емес. Айтылған мәселеге байланысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пікір білдірді.

Алдымен ведомство басшысы жуырда аса көрнекті мәдениет және өнер қай­раткері, біртуар композитор Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай туған жері – Алматы облысындағы Өтеген батыр ауылында ұлы тұлғаның ескерткіші бой көтеріп, жаңа мәдениет үйі ашылғанын хабарлады. 

«Салтанатты іс-шара барысында Мемлекет басшысы өзінің құттықтау сөзінде Нұрғиса Тілендиевтің тұғырлы ескерткіші халқымыздың әйгілі тұлғаға деген айрықша құрметі мен ыстық ықы­ласының белгісі екенін атап өтті. Нұрғиса ағаның ескерткіші жоғары көркемдік талғаммен жасалып, ерекше үйлесім тапқан. Осы орайда, еліміздегі ескерткіш орнату мәселесіне тоқтала кеткім келеді. Әрине, тарихта есімі қалған тұлғаларды ұлықтау өте маңызды. Алайда екерткіш орнату үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өкінішке қарай, елімізде ескерткіштерді заңсыз орнату фактілері жиі кездесіп отыр», – деп жазды Аида Балаева.

Бұған қоса ведомство басшысы Мәдениет және ақпарат министрлігінің жүргізген талдау есебін де көрсеткен. Ай­туынша, кейінгі бес жылда еліміздің он өңірінде 49 ескерткіш заң талаптарын сақтамай орнатылған. Ең көп заңсыз орнатылған ескерткіштер Түркістан (17) және Қостанай (15) облыстарында тіркелген. Тіпті республикалық комиссия қолдамаған жобалар да өз бетімен орнатылып кеткен. Кейбір ескерткіштер жекеменшік аумақтарға қойылып, кейде ескерткіш пен шағын архитектуралық нысанның айырмасы да мүлде ескерілмей жатады. 

«Сондықтан ескерткіш орнату – тек ықылас пен ниет емес, ең алдымен тәртіп пен жауапкершілік екенін ескеру керек. Әсіресе, игі ниетпен қолдау білдіріп жүрген демеушілер, меценаттар бұл мәселені ұдайы назарда ұстаса дейміз. Ал жергілікті атқарушы органдар заң­сыздыққа жол бермей, қатаң бақылауға алуы керек», – деді министр.

Сонымен қатар Аида Ғалымқызы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңға сәйкес, әрбір жаңа ескерткіш монументалды өнер құрылыстарын орнату жұмыстарын об­лыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асыратынын жеткізді. Монументалды өнер құрылыс­тарын орнату тәртібі министрлік қағида­ларымен реттелген.

Ал Әкімшілік құқық бұзушылық ту­ра­лы кодексте монументалды өнер ны­сан­дарын орнату ережесін бұзғандарға айыппұл қарастырылған. Нақтырақ айт­қанда, жеке тұлғаларға – он, лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъек­тілеріне – елу, орта кәсіпкерлік субъек­тілеріне – жүз, ірі кәсіпкерлік субъекті­леріне – екі жүз елу айлық есептік көр­сет­кіш көлемінде, сондай-ақ жүргізіліп жатқан жұмыстарды уақытша тоқтату қарастырылған.

«Кей жағдайларда ескерткіштер жекеменшік аумақтарға орнатылып, қоғамдық кеңістіктің эстетикалық келбеті ескерілмей жатады. Мұның бәрі түптеп келгенде тарихи тұлғаларға деген құрметтің лайықты деңгейде көрініс табуына кері әсерін тигізеді. Тарихқа адалдық тәртіптен басталады. Өйткені ескерткіш — бұл тек өткенге құрмет белгісі ғана емес, сонымен бірге келер ұрпаққа деген ортақ ама­на­тымыз», – деп түйіндеді Аида Балаева.