Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің бұрынғы ректоры Әсет Қалиев кәсіпкер Инесса Мутургановадан пара алғаны үшін сотталды, – деп жазады Aikyn.kz сайты.
Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылдың қыркүйегінде Қалиев БҚМУ ректоры лауазымына орналасқан соң Мутургановаға оған Samruk-Kazyna Trust қорынан қаражат алуды ұсынған. Сөйтіп, ол университет жанындағы онкологиялық науқастарды оңалту бөліміне қаражат алу үшін қорға жүгінбек болады.
2023 жылдың қыркүйегінде университет пен қор арасында 249 миллион теңгеге қайырымдылық көмек туралы келісім жасалады. Осыдан кейін Мутургановаға тиесілі Aspasia LTD ЖШС, KIFMED ЖШС және "Власова" ЖК компаниялары ректордың қолдауымен бірнеше рет тендер жеңіп, жалпы 196 миллион теңгеге жабдық жеткізген.
"Мутурганова Қалиевқа 11 640 000 теңге көлемінде пара беру мақсатында 28 мамырда сағат 12:05-те Ақтөбеге келіп, сағат 21:35-те "Дастан" қонақүйінің жанында тапсырды", – деп жазылған сот материалында.
Сол күні кешке Антикор Қалиевтің үйін тінтіп, Мутургановадан алған ақшаны қауіпсіздік қызметкерлері мұздатқыштан тапқан. Ректор мен кәсіпкер кінәсін мойындамады. Қалиев те, Мутурганова да 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұған дейін, Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының маңындағы Жаңа өмір (бұрынғы Шаған) ауылында әйелін өлтірген ер адам қамауға алынғанын жазған болатынбыз.