Аймақаралық ынтымақтастықтың артуына алғышарт

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен екінші «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысты.

Алдымен жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырған Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға алғыс айтқан Қазақстан басшысы Орталық Азия және Ресей арасында шынайы достық пен ынтымақтастыққа назар аудартты. Сондай-ақ стратегиялық серіктестікті нығайтуға үлкен үлес қосқаны үшін Ресей Президенті Владимир Путинге ризашылығын білдірді.

– Орталық Азия – қарқынды дамып келе жат­қан әлеуеті мол аймақ. Оның жаһандық үде­рістердегі қазіргі және келешектегі рөлі зор. Мұны әлем мемлекеттері мойындап отыр. Бү­гінгідей келіссөздерге қызығушылықтың ар­туы осының дәлелі. Тарихи, саяси, эконо­ми­калық, гуманитарлық факторлар тұрғысы­нан алғанда, Қазақстан үшін Ресейдің орны ай­рықша. Бір ғана деректі айталық: елде­рі­міз­дің арасын әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жа­тыр, яғни 7591 шақырым. Бұрын-соңды бол­маған геосаяси дүрбелеңге, әлем эко­но­ми­ка­сының тұрақсыздығына қарамастан, Ресей Қа­зақстанның стратегиялық серіктесі әрі одақ­тасы саналады. Орталық Азия өңіріндегі ахуал кейінгі жылдары саяси ынтымақтастық, эко­номикалық ықпалдастық, мәдени және ру­хани бірлікке қарай бет алғаны қуантады. Бұл оң үрдіс енді кері сипат алмайды және ай­­­мағымыздың Ресей мемлекетінің перс­пек­тивті әрі беделді серіктесі ретіндегі салмағын үс­тей түседі, – деді Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы үш жыл бұ­рын Астанада өткен алғашқы «Орталық Азия – Ресей» саммиті көп­жақты форматтағы ықпал­дас­тықтың жемісті бастауы болғанын атап өтті.

– Бүгінгі кездесу Ресеймен ара­дағы ұзақмерзімді әрі көп­жақ­ты байланыстарға тың серпін бе­ру­ді көздейді. Көпжоспарлы ын­ты­мақтастық анағұрлым табысты да­муы үшін Орталық Азияның тұрақ­тылығын нығайту маңызды. Ме­нің ойымша, мұндай серік­тес­тік­тің негізгі міндеті – осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы тұста Мемлекет басшысы был­тыр Қазақстан мен Ресей ара­сын­дағы сауда көлемі 28 миллиард дол­ларға жеткенін айтты. Пре­зи­дент аймақ пен Ресей арасындағы екі­жақты және көпжақты ық­пал­дастықтың бірқатар өзекті ба­ғы­ты­на қатысты ойымен бөлісті. Бі­рін­ші басымдық ретінде сауда жә­не индустриалды қарым-қаты­насты дамытуға тоқталды.

– Алғашқы саммитте эко­но­ми­калық ынтымақтастықтың жаңа үлгісін қалыптастыру бағы­тын­да жұмыс істеуге келіскен едік. Бүгін қабылданатын Бірлес­кен іс-қимыл жоспары 50-ден аса ша­раны қамтиды. Бұл – өте құнды құ­жат. Сол себепті оны уақтылы іс­ке асыруға барынша күш жұ­мыл­дыру қажет. Орталық Азия ел­дерінің Ресеймен сауда көлемі бар­лық тауар айналымының үш­тен бірін құрайды. Өткен жылдың қо­рытындысы бойынша бұл көр­сет­кіш 20 пайыз өсіп, 50 миллиард дол­лардан асты. Аталған көлемнің жар­тысынан көбі Қазақстан мен Ре­сей арасындағы саудаға тиесілі. Был­тыр оның көлемі 28 миллиард дол­ларға жетті. Ресей Қазақстан эко­номикасына қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына енді. Инвестиция көлемі 26 миллиард дол­лардан асты. Былтырдың өзін­де Ресейден тікелей келетін ин­вес­­тиция ағыны 33 пайыз ұл­ғайып, 4 мил­лиардтан аса дол­­­ларға кө­бей­ген. Жалпы құны 21 миллиард дол­ларды құрайтын 114 инвес­ти­циялық жоба жүзеге асырылды. Қа­зіргі уақытта 33 жоба бойынша жұ­мыс жүріп жатыр. Оның инвес­ти­ция көлемі 4,5 миллиардтан ас­там долларды құрайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, тараптар сауда кедергі­ле­рін жоюды, өзара сауданы жан­дан­дыруды және тауар айналымы но­менклатурасын кеңейтуді қол­дайды. Президент  Қазақстан мен Ресей арасында астықты терең өңдеудің бірлескен кластерін құру жобасын қарастыруды ұсынды. Ауыл шаруашылығындағы бір­лес­кен жұмыстардың мүмкіндігі көп еке­нін мәлімдеді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-ло­гистика секторын нығайтуды тағы бір маңызды бағыт ретінде атады.

– Ресей – өңір мемлекеттерінің әлем нарығына шығатын негізгі қақ­пасы. Қазақстан аумағы ар­қылы 11 халықаралық көлік дәлізі өте­ді, яғни бес темір жол және ал­­ты автокөлік жолы. Оған Азия мен Еуропа арасында құрлық ар­қылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы тиесілі. Соңғы 15 жылда са­­ланы кешенді жаңғыртуға 35 мил­­­лиард доллардан аса қаржы жұм­­­салды. Ресейден Орталық Азия­­ға Қазақстан арқылы темір­жол­мен тасымалданған жүк кө­ле­мі соңғы үш жылда 26 пайыз ар­тып, 30 миллион тоннадан асты. Бұл ретте кері бағыттағы транзит ша­мамен 50 пайыз ұлғайды. Со­нымен қатар Ресейден Қытайға елі­міз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 3 есе артып, 5 миллион тон­наға жетті, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақ­стан Үкіметінің алдында Ресейдің жә­не Орталық Азия елдерінің Үкі­меттерімен бірге өңірдің, жал­пыеуразиялық кеңістіктің за­ма­науи, қауіпсіз, орнықты көлік-ло­гистикалық инфрақұрылымын да­мыту мақсатында белсенді жұ­мыс­ты жалғастыру міндеті тұрға­ны­на назар аударды. 2030 жылға дейін 5 мың шақырымнан аса жаңа теміржол төсеп, 11 мың ша­қы­­рым жолды жөндеу жоспар­лан­ған. 

– «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» автокөлік дәлізінің өткізу мүм­кіндігін арттыру үшін нақты қа­дам жасалуда. 2030 жылға қарай Қы­зылорда қаласынан Ресей ше­ка­расына дейінгі учаске төрт жо­лақ­ты қозғалысқа ауыстырылады. Ре­сейлік және түрікмен серік­тес­терімізбен бірлесіп «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дә­лізінің шығыс тармағын дамы­та­мыз. 2027 жылға қарай аталған кө­л­ік жолының өткізу мүмкіндігін еселеу жоспары тұр. Былтырғы қо­рытынды бойынша ондағы жүк та­сымалы 2,5 миллионға жуық тон­наны құраған. «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің шығыс тар­мағын инвестициямен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша бірлескен бағдар­ла­маны іске қосу бағдардың әлеуетін толық ашуға әрі қажетті қаржыны тартуға септігін тигізер еді. Қа­зақ­стан мен Ресей ведомстволары осы мәселені менің 12 қараша кү­ні Мәскеуге жасайтын са­па­рым­ның алдында талқылауына бо­лады. Бірлесе күш жұмыл­ды­рып, аталған мәселелерді жедел шешу үшін «Солтүстік – Оңтүстік» дә­лізі аясындағы еуразиялық ба­ғытты дамыту кеңесін құруды ұсы­намын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы энер­ге­ти­ка саласындағы ықпалдас­тық­тың әлеуетіне жоғары баға берді. Ре­сей, Қазақстан және Өзбек­стан­ның үшжақты газ одағының ар­қасында өңірде жаңа энер­гети­­калық жүйе қалыптасып келе жатқанын айтты. Бұған қоса, Каспий құбыры кон­сорциумының маңызына арнайы тоқ­талды. Былтыр осы желі ар­қы­лы шамамен 63 миллион тоннаға жуық отандық мұнай тасы­мал­дан­­ды. 

– Аталған проблеманы терең тү­сініп, нақты шаралар қабыл­да­ған құрметті Владимир Вла­ди­мирович, Сізге алғыс айтамын. Қа­­зақстан Ресей мұнайын Қы­тай­ға тасымалдауда маңызды рөл ат­­­­­қарады. Біз арқылы жылына 10 мил­лион тоннаға дейін мұнай жет­­кізіледі. Дегенмен өткен жылы та­сымалданған мұнай көлемі бұл көрс­еткіштен асып түсті. Бірнеше күн бұрын Санкт-Петербор қа­ла­сында Қазақстан мен Ресей ара­сында газ саласындағы ынты­мақ­тастық жөнінде маңызды құжатқа қол қойылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент кейінгі жылдары Ресеймен атом энергетикасы са­ла­сындағы ынтымақтастық сер­пін алғанын айтты. Осы орайда «Ро­сатом» компаниясының қа­ты­суы­мен Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу стра­­­тегиялық серіктестікті жаңа дең­гейге көтереді.

– Атом өнеркәсібіндегі ық­пал­дастық бірқатар жанама са­ла­ның дамуына берік негіз бола ала­ды. Қазақстанда Ядролық отын циклі және радиоактивті қал­дықтармен жұмыс істеу сала­сындағы өңірлік құзыретті кеңес құруды ұсынамыз. Алматыда МИФИ Ұлттық зерттеу ядролық уни­верситетінің филиалы ашыл­ды. Жақында Ғылым жөніндегі кеңестің отырысын өткіздім. Ық­пал­дастық орнату үшін әлеуеттің бар екені анықталды әрі оны пай­далануға болады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кас­пийдің су ресурстарын сақтау бойын­ша мемлекетаралық бағ­дар­ламаны іске асырудың маңы­зына тоқталды. Өз кезегінде жа­сан­ды интеллект технологияларын енгізу арқылы цифрлық транс­фор­мация жүргізу өзекті міндетке ай­налғанын да айтты. Қазақстан бұл салада кешенді жұмыс жүр­гі­зіп жатқанына мән берді. 

– Жақында ғана Астанада Ха­лық­аралық жасанды интеллект ор­талығы ашылды. Сонымен қа­тар ұлттық суперкомпьютер іске қо­сылды. Екінші суперкомпью­тер­дің жұмысын жолға қою мін­де­ті жүктелді. 400 мыңнан астам сту­дентті қамтитын арнаулы мем­ле­кеттік бағдарлама жүзеге асы­ры­лып жатыр. Ғылыми және өн­дірістік инновация бойынша әлем­дік көшбасшылардың бірі са­налатын Ресеймен ұзақмерзімді әрі нәтижелі ынтымақтастық ор­натуға ерекше қызығушылық та­нытамыз,– деді Президент.

Мемлекет басшысының ай­туын­ша, аймақ елдері бұрын-соң­ды болмаған экологиялық сын-қа­терлермен бетпе-бет келіп отыр. Оны еңсеру үшін үкіметтер мен салалық ведомстволар бас­шы­лары деңгейінде жүйелі шара­лар қабылдау қажет. 

– Осыған орай Экология мә­се­лелері жөніндегі Ресей және Ор­талық Азия елдерінің ми­нистр­лер кеңесін бекітуді ұсынамыз. Транс­шекаралық өзендер мен Кас­­пий теңізінің жағдайына баса на­зар аудару керек. Су ресурстары мен ауыл шаруашылығы жер­ле­рі­нің жай-күйін бақылау, төтенше жағдайларды болжау үшін ғарыш­тық мониторинг бойынша бірлес­кен бағдарлама жасақтауды және іске асыруды ұсынамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Ресей мен Орталық Азия елдері сан қырлы мәдени-гу­манитарлық байланыстарды да­мытуға баса назар аударуы қа­жет деп санайды.

– Бұл орайда елдерімізді бірік­ті­ретін, жалпы ортақ құндылы­ғы­мыз саналатын орыс тілінің орны ерек­ше. Бірлескен күш-жігердің ар­қасында Халықаралық орыс тілі ұйы­мын құрғанымыз қуантады. Оның штаб-пәтері Сочи қала­сын­да орналасқан. Ел алдында сөй­ле­ген сөздерімде қазақ жастарының орыс тілін жетік меңгергені маңыз­ды екенін айтып жүрмін. Бі­р­ақ бұл талап қазақ тілінің мем­лекеттік мәртебесін одан әрі ны­ғайтуға бағытталған жүйелі жұ­мыс­тарға кедергі келтірмейді. Құ­дай берген ана тілдеріміз конс­титуциялық тәртіппен мемлекет­тік мәртебеге ие болды. Сондық­тан қазақ тіліне бұрынғыдай көңіл бө­ліне береді. Жастарымыз би­лік­тің қолдауымен екі, тіпті үш-төрт тіл­ді оңай меңгере алатынына се­німдімін. Еліміздің әр азаматы өзі­не ыңғайлы тілде сөйлеуге құ­қылы. Бұл – «Бірлігіміз – әра­луан­дықта» деп аталатын ұлттық сая­сатымыздың өзегі, – деді Мем­ле­кет басшысы.

Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Ресей» форматындағы ал­ғаш­қы ректорлар форумын Қа­зақ­станда өткізуді ұсынды. Осы орай­да жоғары білім саласындағы бай­ланысты дамытудың мәні ерек­ше арта түскенін жеткізді. Бү­гінде Қазақстанның 60 универ­си­теті Ресейдің 50 жоғары оқу ор­нымен ынтымақтастық орнат­қан. Ресейде 60 мыңнан аса қазақ­стандық студент оқиды. 

– Елімізде Ресейдің жетекші оқу орындарының 9 филиалы жұ­мыс істейді. Олардың қатарында биыл пайдалануға берілген Мәс­кеу мемлекеттік халықаралық қа­тынастар институтының фи­лиа­лы да бар. Елдеріміз арасында ғы­лым-білім саласы бойынша ты­ғыз байланыс орнағанын еске­ріп, «Орталық Азия – Ресей» фор­матындағы алғашқы ректорлар фо­румын Қазақстанда өткізуді ұсы­намын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, қауіп­сіздікті қамтамасыз ету – маңыз­ды мәселенің бірі. Қазір халықаралық жағдай күрделі әрі сәт сайын құ­былып тұр.

– Қазақстан үшін терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қи­мыл­дың тиімділігін арттыру маңыз­­д­ы мін­дет саналады. Есірт­кінің, оның ішін­де синтетикалық есірткінің заң­сыз айналымы алаңдаушылық ту­ғызып отыр. Орталық Азияның өңір­лік ақпараттық үйлестіру ор­талығы, ШЫҰ Есірткіге қарсы ор­талығы және тағы басқалары қол­дауды күшейте түсуі керек. Қауіп­сіздік кеңесі хатшыларының бір­лескен жұмысын «Орталық Азия – Ресей» форматында жал­ғас­тыру қажет деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ду­шан­бе саммитінің қорытын­ды­лары өңірлік ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынына се­нім білдірді. Мемлекет басшысы Ауғанстандағы ахуал өңірлік қауіп­сіздікті нығайтудың ажы­ра­мас бөлігі болып қала беретінін атап өтті. Президент бұл елді өңір­дегі экономикалық үдеріске тарту бойынша үйлестірілген жұмысты жал­ғастыру қажеттігін жеткізді.

– Бұл арада Ауғанстанға қол­дау көрсету бойынша Біріккен Ұлт­тар Ұйымының миссиясы пай­даға жарайды. Бұған дейінгі та­ғайындаулар Ауғанстанға қа­тысты барлық жағдайда тиімсіз бол­ғанын көрсетті. Бұл міндетті ше­шуге жақында құрылған БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жө­ніндегі аймақтық хабы үлес қо­са­ды деп үміттенеміз, – деді Президент.