Мәндірбай қордаланып қалған мәселелерді мәністеп, хаттап-шоттап жоғары жаққа айдап жіберді.
Тиісті мекемеге жіберілді
1,764
оқылды

Алғашында қазақбайшалап үшбу хатын поштамен арнайы тапсырыспен жіберген еді, «эгов арқылы электронды нұсқада жіберіңіз» деген жауап алды. Оны халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы ғана немесе телефон арқылы да жіберуге болады екен. Мәндірбайда мұндай сауаттылық қайдан болсын, салып ұрып орталыққа келді.

Япырай-ай, қаладағы адамдардың барлығы осында көшіп келген бе, араның ұясындай гүжілдеп жатыр. Мәндірбай да кезек алды. Күн тас төбеге тырмысқанда кезегі де келді-ау шаршатып. Компьютер басында отырған қыз әлде келіншек таза қырсық суына малып алған жан екен. Екі сағат айтысып, өзінен кейін кезекте тұрғандармен тартысып жүріп үшбу хатын тиісті министрлікке жолдады әйтеуір.

Ал содан күтсін келіп. Обалы не керек, жауап құстай ұшып жылдам келді. «Сіздің шағымыңыз тиісті мекемеге қарау үшін жіберілді» делініпті жауапта. «Е, бәсе! Еститін құлақ бар екен ғой» деп Мәндірбай қуанып қалды. Бекер қуаныпты. Арада екі күн өткенде телефонына тағы да хабарлама келіп түсті. «Сіздің шағымыңыз тиісті мекемеге қарау үшін жіберілді» депті жауапта. «О, нағыз тиісті мекемеге жіберіліпті ғой» деп хат иесі тағы қуанды. Арада үш күн өткенде бір департаменттен тағы бір жауап зың етіп келе қалды. Япырай, мыналар бірінің ауызына бірі түкіріп қойған ба, сол жауап қой мұнысы да. Тағы екі күн өткенде Мәндірбайдың қолына төртінші жауап түсті. Бесінші жауап та осы мағыналас екен. Алтыншы жауапты алғанда Мәндірбайдың есі ауысып, құлап түсті.

Шықпаған жаннан үміт бар. Мәндірбай есін жиған соң да жоғары жаққа алаңдап, көңіл жұбатарлық жауап келіп қалар ма екен деп жол тосып жүр. Арада жеті ай өткенде тағы бір хабарлама келді. «Сіздің шағымыңыз тиісті мекемеге қарау үшін жіберілді». 

Бұл кезде Мәндірбай көке жүрегі май ішкендей көлкіп ауруханада жатыр еді. 

Жаса, халық үніне құлақ түретін өкімет!

Сабырбек  ОЛЖАБАЙ