Жаһандық поляризациядан серіктестікке өту жолдарын іздеу және халықаралық жүйеге деген сенімді қалпына келтіру бойынша нақты ұсыныстарды әзірлеу қажеттілігі қазақстандық және шетелдік пікір көшбасшыларын, саясаткерлерді, жетекші «ақыл-ой орталықтардың» басшыларын Astana Think Tank Forum 2025 аясында біріктірді. Форум 2025 жылғы 15-16 қазанда Астанада, EXPO іскерлік кешенінде өтеді.
Елордада Astana Think Tank Forum басталды
1,405
оқылды

Бұл Астана халықаралық форумы (AIF) аясында өткізіліп отырған және Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) ұйымдастыратын сараптамалық орталықтардың екінші форумы. Өткен жылы ауқымды шараға 22 елден 45 сарапшы қатысты. Осы уақыт ішінде Astana Think Tank Forum халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылаудың беделді жаһандық сараптамалық алаңына айналды.

Тоғыз сессия аясында тиянақты талқылау үшін жетекші державалардың бәсекелестігі жағдайындағы көпжақты ынтымақтастықтың келешегі, қауіпсіздік архитектурасының трансформациясы және ядролық қарусыздану мен таратпау мәселелері, жаңа геосаяси жағдайда Орталық Азияның орны және Ауғанстан факторы, жаһандық нарықтардың фрагментациясы кезеңіндегі инвестициялар, Еуразиядағы сауда-көлік дәліздерінің дамуы, жасанды интеллект және оған қатысты этикалық мәселелер, климаттың өзгеруі мен су ресурстарына қатысты проблемалардың демографиялық үдерістер мен көші-қонға ықпалы секілді маңызды тақырыптар алынды.

Astana Think Tank Forum зерттеушілер, сарапшылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, үкіметтер мен іскер топтар арасында ашық және сындарлы диалогты дамытуға бағытталған. Форум міндеттеріне әлемде тұрақтылық пен сенімнің артуына ықпал ететін инклюзивті және ұзақмерзімді ынтымақтастық форматтарын әзірлеу, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық қатынастардағы әріптестікті дамытуға үлес қосатын жауапты және белсенді «орта держава» ретіндегі позициясын нығайту кіреді.

Форум табиғи ресурстарды өндіру және қайта өңдеу саласындағы жетекші халықаралық компания Eurasian Resources Group (ERG), Қазақстанның ірі тау-кен металлургиялық «Қазақмыс» компаниясы және отандық ауыл шаруашылығы техникаларын жасау саласының көшбасшысы AGROMASH зауытының қолдауымен өтеді.