Шаруалар жаңа белеске қадам басты

Еліміздің басты астықты өңірі саналатын Ақмола облысы енді тек мол өнімімен емес, заманауи ақылды технологияларға негізделген ауыл шаруашылығымен танылмақ.

Бұл дәстүр мен технологияның, еңбек пен инновацияның тоғысқан тұсы десек артық айтпаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған «Цифрлық Қазақстан» бағытын жүзеге асыру аясында өңір жасанды интеллектіні агроөнеркәсіптік кешенге енгізуді алғаш болып қолға алды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдау­ларын­да цифр­ландыруды елдің экономикасына тың серпін беруімен әрі жаңа индустрия дәуірінің негізі ретінде айқындаған еді. Мемлекет басшысы Ақмола об­лы­сы­на сапары барысында да өңір ұсынған агро­салаға жа­санды интеллект технологияларын енгізу жо­­ба­сына ерекше назар аударған. Президент бұл бас­­та­ма­ны қолдап, оны ел көлемінде таратудың қа­жет­ті­лігін атап өткен. Осылайша, Ақмола облысы «ақыл­ды ауыл шаруашылығының» ұлттық зерт­ха­на­сына айналмақ.

Жасанды интеллект – бақылаушы емес, көмекші құрал

Облыс әкімі Марат Ахметжановтың бастама­сы­мен агроөнеркәсіптік кешенді толық цифрландыру ісі жүйелі түрде қолға алынды. Аграрлық сала бойын­­ша өткен келелі жиын барысында өңір басшысы жа­­санды интеллектінің аймақтың басты эко­но­ми­ка­лық драйверіне енуі аса зор мүмкіндіктер ұсы­на­тынын атап өтті. 

– Біздің мақсат – әр шаруашылықтың жұмысын жеңілдету, өнімділікті арттыру және шешім қабыл­дау­ды деректерге сүйенген форматқа көшіру болып отыр. Жасанды интеллект – бақылау құралы ғана емес, ол аграрийдің нағыз серігі, оның еңбегін бұ­рын­ғыдан да тиімді ететін көмекші, – дейді облыс әкі­мі Марат Ахметжанов.

Бүгінде Ақмолада 49 бірдей «ақылды» ферма жұ­мыс істейді. Оның 28-і егіншілікпен айналысса, 21-і мал шаруашылығы бағытын қолға алған. Со­ны­мен қатар өңірдің 3 миллион гектардан астам егіс­тік алқаптары толықтай цифрландырылды. Ен­дігі кезекте жасанды интеллектіні нақты өндіріс про­цесіне енгізу мақсаты қойылыпты.

Облыс әкімінің цифрландыру жөніндегі кеңес­шісі Ерғали Мәбиевтің айтуынша, пилоттық жобаға қа­тысушы шаруашылықтар өздерінің алқаптары тура­лы деректерді, атап айтқанда, жердің паспорты, аг­рохимиялық талдаулар, телеметриялық мәлі­мет­тер мен егіс журналдарын арнайы базаға енгізеді. Осы мәліметтер негізінде жасанды интеллект мо­дель­дері оқытылып, өнімділікті болжау, тыңайт­қыш­тарды тиімді енгізу және өсімдік күйін спут­ник­тік бақылау мүмкіндігі пайда болмақ.

Қазірдің өзінде жасанды интеллектінің өнімділік бол­жамы 90 пайыз дәлдікпен анықталып отыр, ал тыңайтқышқа кететін шығын 20-25 пайызға азай­ған. Бұл – нақты дерекке сүйенген жаңа ауыл шаруа­шы­лығы мәдениетінің бастамасы.

Пилоттық жобаға өңірдің ең ірі төрт шаруа­шы­лығы қатысып отыр. Соның бірі – «Дихан Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорын басшысы Денис Швайбовичтің айтуынша, жүйе бұрын­ғы талдауларды толық растап қана қоймай, нақ­ты қателіктерді де көрсетіп берген. 

– Мысалы, себу мерзімін сақтамау немесе дақыл ро­тациясының бұзылуы егістікте өнімділіктің тө­мен­деуіне ықпал ететін. Ал жасанды интеллектіні қол­дану арқылы өнімділікті 5 пайызға дейін арттыру мүм­кіндігі пайда болды. Енді тіпті IT-маман да агрономияны меңгеріп, жүйе ұсынған талдауға сүйене отырып, шаруашылықты толықтай басқара алады, – дейді Денис Швайбович.

Аймақ цифрлық трансформацияны тек техни­камен емес, адам капиталы арқылы жүзеге асыруды көз­деп отыр. Осы мақсатта өңір басшысы Марат Ахмет­жанов әр ауданда цифрлық технологиялар бойын­ша оқыту курстарын және тәжірибелік семи­нарлар ұйымдастыруды тапсырды.

Оған ғылыми ұйымдар, салалық компаниялар мен аграрлық жоғары оқу орындары қатыспақ. Бағ­дар­лама дәлме-дәл егіншілік, агроаналитика, спут­никтік мониторинг, цифрлық картография және ІТ-жүйелермен басқару сияқты бағыттарды толық­тай қамтамасыз етпек. 

Идеологиялық бағыт қоғамдық этиканы қалыптастырады

Өңірде цифрландырумен қатар идеологиялық және қоғамдық даму жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Облыс әкімінің орын­ба­сары Досұлан Айтбаев төрағалық еткен өңірлік идео­логиялық кеңесте қоғамның рухани жаңғыру ба­ғыттары да талқыға түсті. Кеңес барысында Пре­зидент реформалары мен Жолдауының мәнін түсін­діру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жаңа қо­ғамдық этиканы қалыптастыру мәселелері кө­терілді. Облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айт­баев мемлекет басшысы ұсынған бағдарламалар идео­логия саласында да аса үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. 

– Жаңа кезең – жаңа ойлау мен жаңа жауап­кер­шілікті қажет етеді. Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат», «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» қа­ғи­даттары – бүгінгі идеологиялық жұмыстың өзе­гіне айналуы тиіс. Біз қоғамды тұрақтылық, әді­лет және еңбекқорлық құндылықтары төңірегінде бі­рік­тіруіміз қажет, – деді Досұлан Айтбаев.

Облыс әкімі цифрландыру мен жасанды интел­лек­тінің аймақтың басты кәсібі – ауыл шаруа­шы­лығындағы нәтижесін тек бірлесе әрекет еткенде ға­на көруге болатынын алға тартты. 

– Цифрландырудың табысы – ең алдымен агра­рий­лердің өздеріне байланысты. Біз бірлесе әрекет ет­кенде ғана нақты нәтиже көреміз. Ақмола облысы ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізу ар­қы­лы елге үлгі болуға тиіс, – деді Марат Ахметжанов.

Қазір Ақмола жерінде жаңа дәуірдің дәні себілді. Ол – білім мен еңбектің, технология мен дәстүрдің дәні. Бұл дән ертеңгі ақылды, өнімді, цифрлы Қа­зақ­станның көктеуінің алғашқы кезеңі болмақ.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы