Қарызсыз өмір қаржылық сауаттан басталады

Бүгінде екінің бірінде несиесі бар. Бірі тұрмысын түзеуге, бірі көлік алуға, енді бірі шағын бизнесін дамытуға кредит рәсімдейді.

Әйтсе де, қуантып алған қарыз кейін қинайтын қамытқа айналып жататыны да жасырын емес. Ұлттық банк биыл қыркүйекте елдегі несие портфелі 45,7 трлн теңгеден асқанын жария етті, ал басым бөлігі – халыққа берілген несие. Осы күні қарызсыз өмір сүру көп адамның арманына айналғаны жасырын емес, бірақ ол үшін қаржылық сауатымыз жете ме?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында халықтың табысын арттыру мен қаржылық сауаттылығын кү­шейтуге ерекше тоқталғаны есте.

– Азаматтардың қаржылық сауат­ты­лы­ғын арттыру мәселесі әлі өзекті. Осы рет­те «AMANAT» партиясының баста­ма­сы­мен іске асқан «Қарызсыз қоғам» жо­ба­сын жалғастыру қажет. Былтыр бұл жо­ба аясында 845 мың адам заңгерлік жә­не қаржылық кеңес алып, сауатын же­тіл­дірді. Түпкі мақсат – халықтың қары­зын азайту ғана емес, табысының тұрақты болуын қамтамасыз ету, – деген еді Мем­лекет басшысы.

Экономист Мақсат Халықтың ай­туын­ша, Қазақстанда 2000 жыл­дардан бас­тап банктер жаппай халыққа несие бере бастады. Бірақ қаржылық тү­сін­діру жұ­мыстары кенже қалды.

– Батыс елдері мен араб банктері не­сие пайызын 3-6% шамасында ұстайды. Өйт­кені олардың инфляциясы төмен, ішкі нарығы өз өнімдерімен қамтылған. Ал бізде инфляция 10-25% аралығында құбы­лып тұр. Сол себепті банктер жоғары пайыз белгілеуге мәжбүр. Тек экономика­лық тұрақтылық орнағанда ғана несие жеңілдейді, – дейді сарапшы.

Қазір ел азаматтары банктен кепілсіз, кепілді, ипотекалық және тұтынушылық бағытта несие рәсімдей алады. Ең бастысы – «қара тізімге» ілінбеу. Банктердің де өз есебі бар: табыссыз несие беру – көзсіз тәуе­кел. Сондықтан қаржылық сауатты­лық­ты арттыру – азаматтың ғана емес, банктің де мүддесі.

Алаяқтың арбауына алданбаңыз

Жаңа технология дамыған сайын интернет-алаяқтық та көбейіп барады. ІІМ мәліметінше, 2023 жылы – 21 630, 2024 жылы 22 560 интернет-алаяқтық фак­тісі тіркелген. Биылғы тоғыз айда 11,6 мың жағдай анықталған. Қаскөйлер әлеу­меттік желі, телефон және жалған сайттар арқылы халықты алдап, банк деректерін қолға түсіреді. Осыған байланысты eGov.kz порталы арқылы несие рәсімдеуге уақытша шектеу қою қызметі енгізілді, азамат өз атына қарыз рәсімделмеу үшін онлайн тыйым сала алады.

ІІМ Киберқылмысқа қарсы депар­та­менті былтыр 51 мың профилактикалық кез­десу өткізіп, 770 мыңнан астам жады­на­ма мен брошюра таратқан. Сонымен қа­тар 9 мыңнан астам ақпараттық ма­те­риал БАҚ бетінде жарияланып, «Абай­лаңыз, алаяқтар!» атты 1123 ролик пен 804 билборд ел бойынша орналастырылды. ІІМ Баспасөз қызметінің бас сарапшысы Меңдолла Шамұратов та алаяқтардан сақ болудың әлі де маңызды екенін айтады.

– Егер киберқылмыстың құрбаны бо­лып қалған жағдайда, азаматтар шұғыл түр­де полицияға жүгініп, болған жағдай бойын­ша толық ақпарат беруі қажет. Оған қыл­мыскердің жәбірленушімен қандай абоненттік нөмір арқылы хабарласқаны, байланыс түрі, алдау тәсілі, ақша қандай тәсілмен аударылғаны, аударылған есеп шот туралы ақпарат, келтірілген залал мөл­шері және сол сияқты ақпарат қоса бері­леді. Ақпарат неғұрлым нақты және уақытылы полиция қызметкерлеріне жет­кізілген жағдайда қылмыстың ашылуына тікелей әсерін тигізеді. Өз деректеріңізді еш­кімге бермеңіз, – деді ІІМ өкілі.

Қоғам қандай көмек алып жатыр?

Бүгінде азаматтардың қаржылық сауаты артып келе жатқаны рас. Fin­Gramota.kz, Gogamfin.kz секілді пор­тал­дар мен «Атамекен» ҰКП, «Даму» қоры арқылы кәсіп пен жинақ мәдениеті жай­лы кеңес беріліп жүр. 

2024 жылы банкроттық туралы заң бойынша 83 057 өтініш тіркелсе, 2025 жыл­дың алғашқы 5 айында 77 106 адам қар­жылық сауықтыруға өтініш берген. Бұл – халықтың өз қаржысына жауап­кершілікпен қарауға бет бұрғанының белгісі. Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақтың пікірінше, қарызсыз өмірге ұмтылу – азаматтың еркіндігіне жол ашады.

– Қаржылық сауаттылық мектеп қа­быр­ғасынан басталуы керек. Әр адам өз кірі­сі мен шығысын жоспарлап, тәуекелді ба­ғалай білуге тиіс. Ал мемлекет тарапы­нан басты міндет – халық табысын арт­тыру, жалақыны әділ индексациялау, ша­­ғын бизнесті қолдау және қолжетімді бас­­пана саясатын жетілдіру, – деді де­пу­тат.

Қазақстанда қаржылық сауаттылық ар­тып келеді. Халық қаржыны жинауды үйрене бастаған. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі дерегінше, 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша са­лымдар көлемі барлығы 55,6 трлн теңге, же­ке тұлғалардың банктегі жинақтаған қар­жылары – 23,9 трлн теңге, ал заңды тұл­ғалардың қаржылары – 18,5 трлн теңге бол­ған. ҚНРДА қаржы сауаттылығын арт­тыру басқармасының бас маманы Нұр­гүл Шабанова несие алуға барынша байып­пен келуді ұсынады.

– Несиеге жүгінбестен бұрын ай сайын­ғы төлем сіздің кірісіңіздің 50%-ынан ас­­­пауға тиіс. Бұл – заңмен бекітілген шек­­­теу. Ал егер басқа кредиттер бойынша 90 күн­нен астам мерзімі өткен берешек болса, жаңа қарыз рәсімдеу мүмкін бол­майды. Сондай-ақ кредиттік шарттың барлық талаптарын мұқият оқыңыз. Қол қойған соң оларды өзгерту мүмкін емес. Барлық комиссияларды есептеңіз, мер­зі­мі­нен бұрын өтеу шарттарын біліңіз. Төл­ем күнін табыс түскен күнге сәйкес­тен­діріңіз, бұл кешігу тәуекелін азайтады. Қарыз қаражатын инвестициялау немесе тәуекелі жоғары жобаларға салу қауіпті. Несие – пайда табу емес, нақты қажет­ті­лік­ті шешу құралы екенін ұмытпаңыз, – деді сарапшы. 

Қаржы сарапшысы Бексұлтан Тұр­сын­бекұлы болса, бұл бағытта арнайы Қар­жы­лық сауат институтын құру қажет еке­нін ай­тады.

– Басты мақсат – халықты қарыздан арыл­тып, табысын ұлғайту. Қаржылық бі­лім – байлықтың бастауы. Егер қар­жы­лық сауаттылықты түсіндіретін ғылыми ақ­параттық инстиционалды орталық ашыл­са құба-құп болар еді. Ғылыми не­гіз­деп, Үкіметке болжамдар мен қар­жы­лық сауаттылықты арттыру тетіктерін ұсы­нып отырса, халықтың ағартушылық кө­зі ашылады, – дейді маман.

Таяуда Ұлттық банк базалық мөл­шерлемені 18%-ға көтерді. Енді несие қымбаттайды. Ә дегеннен нарық­тың кредит портфелінен ипотека, кредитті алып тастай алмайтынымыз анық. Өйт­ке­ні елде ақша тұрақты ай­­­­­налымда тұруы қажет. Сондықтан кредиттік жүкте­ме­ні ұдайы назарда ұстап, қаржылық сауат­ты арттырып, алаяқтарға алданбай, алаң­сыз күн кешу тікелей өзімізге байла­нысты болып тұр. 

Олжас ЖОЛДЫБАЙ