Республика күні – еліміздің мемлекеттілігі жолындағы алғашқы тарихи қадам.
«Қазақстан» есімді қанша адам бар?
3,217
оқылды

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз Қазақстанның бірінші құқықтық құжаты – Республиканың егемендігі туралы декларацияны қабылдап, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізін жариялады. Бүгінде біз Қазақстанның саяси және экономикалық салалардағы, сондай-ақ оның әлемдік аренадағы жетістіктерін мақтанышпен атап өтеміз. Ұлттық статистика бюросы ұсынған ақпаратқа сәйкес, елімізде «Қазақстан» есімді 28 азамат тұрады, ал «Республика» есімді адам жоқ.

Егеменді мемлекеттіліктің негізгі қа­ғи­­даттары ретінде мыналар белгіленді: біртұтас мемлекет, аумақтың тұтастығы, бөлінбейтіндігі мен қолсұғылмаушылығы, қазақ халқының және Қазақстанның басқа да халықтарының өзіндік мәдение­тін, дәстүрлерін, тілін жаңғырту және дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту. Халық арасында жаңа туған сәбиді отан­сүйгіштікке баулу үшін ырымдап «Елнұр», «Аманат», «Болашақ», «Арман», «Нұрел» есімдері жиі қойылады. Патриоттық есім­дер көбіне елге, жерге, ұлтқа деген сүйіс­пеншілік пен құрметтің белгісі ретінде беріледі. Мұндай есімдер арқылы ата-ана­лар өздерінің елдік сана-сезімін, ұлттық рухын, тәуелсіздікке деген мақтанышын білдіреді. Елімізде «Қазақстан» есімді азаматтардың саны белгілі болды. Ведомс­тво таратқан мәліметке сәйкес, бүгінде ел бойынша осындай есім иелерінің саны – 28 адам. Олардың басым бөлігі Қарағанды облысында тұрады – мұнда 7 адам бар. Одан кейінгі орында Ақмола облысы – 6 адам. Сондай-ақ Қостанай облысы мен Астанада – әрқайсысында 3 азаматтан, Ал­маты мен Маңғыстау облыстарында, сон­дай-ақ Шымкент қаласында – әр­қай­сысында 2 адамнан бар. Ал Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында бір-бір адамнан тіркелген.

Ерекше есімді азаматтардың ішінде тек бір әйелдің аты ғана «Қазақстан» екені анықталды. Қалғандары – ер адамдар. Бұл есім еліміз үшін символдық мәнге ие болғандықтан, оны көбіне тәуелсіздік жылдарында туған сәбилерге қойғаны байқалады.

Статистикалық деректерге сүйенсек, ең қарт Қазақстан – 92 жаста, ал ең жасы – 25 жаста. Сарапшылардың пікір­інше, мұндай есім таңдаудың артында елге деген сүйіс­пеншілік пен патриоттық сезім жатыр.

Мәдениеттанушылар бұл құбылысты халықтың мемлекетке деген құрметінің ерекше көрінісі деп бағалайды. «Қазақ­стан» есімі тек географиялық атау ғана емес, ол – тәуелсіздік, бірлік және ұлттық мақтаныштың белгісі.

Айта кетейік, соңғы жылдары елімізде символдық мәні бар есімдерге сұраныс артқан. Мәселен, «Тәуелсіздік», «Елжан», «Отан», «Бірлік» сияқты аттар да жиі кездесіп жүр.

К.ЕСІМ