Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжіліс бюросының шешімі бойынша депутаттар және аппарат қызметкерлері біркүндік еңбекақысын коронавируспен күреске бағыттады. Бұл қаржы карантин енгізілген қос қалада COVID-19 пандемиясына қарсы шараларды жүзеге асыруға жұмсалмақ. Қытайдан тараған індеттен қорғану үшін Мәжіліс қашықтан жұмыс істеуге көшті. Тиісінше, палатаның жалпы отырысы да онлайн режимде өткізілді. Жиында сөз алған Н.Нығматулин карантин жағдайында Мәжіліс ерекше жұмыс тәртібіне ауысқанын хабарлады. Депутаттар Мәжіліс ғимаратына жалпы отырыс, сондай-ақ комитеттердің және заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысы өтетін кезде ғана кіреді. Басқа уақытта үйлерінде болады. Жалпы отырысқа тек депутаттар және заң жобасын қорғайтын негізгі баяндамашылар ғана қатыстырылады. Ұстанымдарды өзара сәйкестендіру, мүдделі меморгандардан, өзге партиялардан, ҮЕҰ және сарапшылардан ұсыныс жинау бейнеконференция, скайп, селекторлық байланыс көмегімен қашықтан жүзеге асырылады. Заманауи коммуникация құралдары Парламент пен Үкіметтің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге қабілетті. Бұған дейін жоспарланған парламенттік тыңдаулар, «Үкімет сағаты» көптеген қатысушыны шақыруды талап ететіндіктен, кейінге қалдырылды. Мәжіліс шетелдік делегацияларды және азаматтарды қабылдауға да шектеу енгізді. Депутаттардың шетелге іссапарларына тыйым салынды. Парламентшілерге және аппарат қызметкерлеріне қызметтік қана емес, тіпті жеке мақсатымен де өзге елге баруына рұқсат етілмейді. Мәжіліс аппараты қызметкерлерінің 70%-ы үйлеріне жіберіліп, қашықтан жұмыс істеуге көшірілді. Олардың жалақысы сақталады. Ал қалған қызметкерлер ғимаратта қысқартылған жұмыс режимінде, күндізгі 4-ке дейін болады. Мәжіліс төрағасы ерекше режим кезінде заң шығару жұмысының сапасы мен қарқыны төмендемеуі тиісін нықтады. Мәжілістің осы жолғы отырысында 4 заң жобасы мақұлданды. Мысалы, депутаттар «Кейбір заңнамалық актілерге тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын бірінші оқылымда құптады. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың түсіндіруінше, құжат тұтынушылар шағымын қараудың 3 сатылы жүйесін енгізеді. І сатыда сатушыға шағымды өз еркімен шешу, дауды сотқа дейін реттеу ұсынылады. Яғни, ол тұтынушының моральдық және материалдық залалын өтеуі тиіс. ІІ саты – ең қырсық-қиқарларына қатысты. Бұл сатыда шағымды уәкілетті орган қарайды. – Әлеуметтік зерттеу заң бұзған кәсіпкерлер жауапқа тартылмайтындықтан, халықтың 64%-ы өз құқығын қорғамайтынын көрсетті. Сондықтан уәкілетті органға әкімшілік шараларды қолдану бойынша мемлекеттік бақылау құзыреті беріліп отыр, – деді Б.Сұлтанов. Үшінші саты сотқа шағым беруді көздейді. Осылайша, шағымдардың көбі сотқа дейінгі тәртіпте қаралмақ. Тағы бір жаңалық бар. Қазіргі кезде құқығы аяқасты болған тұтынушы кімге шағымданарын білмейді. Енді оның құқығын қорғау үшін шағымдарды қабылдаудың «Бірыңғай ақпараттық жүйесі» құрылады. Жиында Мәжіліс Бақытгүл Хаменованың депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылдады.
Айхан ШӘРІП