Даңғой даурықпалығы, жылпос жылмақайлығы, пайдакүнемдік-парақорлығы жоқ, керенаулық пен кесірлі кеселдерден ада, өршіл де өжет мінезді, ақылы кенен, білімі терең мамандар қай саланың да бағын ашады. Мұндай азаматтар мемлекеттік қызметке неғұрлым көп тартылса, мемлекеттің де тұғыры мықты болмақ.
Қазіргі заманда кез келген мемлекет жоғарыдан түскен нұсқауға ғана бағынып бас иземейтін, бастамашылдық пен жасампаздық танытатын кадрларға зәру. Қайратсыз көнбіс, ақылы қара басынан артылмайтын қайрансыз шенділер ең жақсы реформаның өзін жарға жығады. Саясаттанушы, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Сайыров елдегі билік трансформациясы Қазақстанның саяси тарихындағы күрделі кезеңде жүргізілгеніне назар аудартады. Қоғамда пікірлер әралуандылығына деген қажеттілік артты. Адамдар өз пікіріне биліктің құлақ салғанын қалады.«Жастар радикалды және өз түсінігінше, әділетті реформаларды талап етті. Яғни, билік құрылымдарынан тыс қоғам ішінде тектоникалық өзгерістер пісіп-жетілді. Бұл драмаға толы жағдайда шұғыл және бірізді шаралар қабылдау қажет болатын. Ол Елбасының қолынан келді. Бізде бүгінде биліктің эволюциялық сабақтастығы моделі түзілуде. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев билікті заңды және бейбіт тапсыру үшін заңнамалық және конституциялық деңгейлерде ұстын-негіз әзірледі. Ал Президент Қ.Тоқаев өзін тиімді менеджер ретінде көрсетіп келеді. Биліктің трансформациясы үдерісінде биліктің қос буыны – бірінші және екінші президент арасындағы келісім мен үйлесім маңызды», – дейді Ерлан Сайыров.Сарапшы байламынша, басқарушылардың әртүрлі буындарының саяси құндылығы өзара ұқсас, сабақтас болуына мән берген жөн. Мемқызметшілер азаматтардың гуманитарлық сұраныстарына, әлеуметтік қажеттіліктеріне уақытылы ден қоюға, сөз еркіндігі мен пікірлер алуандылығы жағдайында жұмыс істеуге үйренуі қажет. Қоғам қайраткері, президенттік додаларға үміткер болып қатысқан саясаткер Әбілғазы Құсайынов Қазақстанның дамуының берік іргетасын да Елбасының қалағанына назар аудартты. Еліміз тәуелсіз өркендеуінің отыз жылдығында екі әлемдік дағдарыстан лайықты өтті. Үшінші әлемдік күйзелісті коронавирус тудырып жатыр. Бірақ Тұңғыш Президенттің көреген саясатының арқасында Ұлттық қорда жинақталған резервтер мемлекетімізге ол қиындықтарды да еңсеруге мүмкіндік береді. Ал Азаттықтың алғашқы жылдарында, 1993 жылы қолға алынған «Болашақ» және басқа да жас кадрларды тәрбиелеуге арналған бағдарламалар елді жарқын болашаққа бастар басқарушылардың жаңа формациясын қалыптастыруға ықпал етті. Президент Қ.Тоқаев осы сарабдал саясатты жалғастырып, жас кадрлар резервін нығайтуға, жастарды биліктің барлық құрылымдарына тартуға көңіл бөліп отыр. Даңғой даурықпалығы, жылпос жылмақайлығы, пайдакүнемдік-парақорлығы жоқ, керенаулық пен кесірлі кеселдерден ада, өршіл де өжет мінезді, ақылы кенен, білімі терең мамандар қай саланың да бағын ашады. Мұндай азаматтар мемлекеттік қызметке неғұрлым көп тартылса, мемлекеттің де тұғыры мықты болмақ. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы өткен Жастар форумында әрбір жас көшбасшының бойында қандай қасиеттер болуы тиіс екенін айтқаны бар. Ең алдымен, ол ұлттық құндылықтарды ұлықтай білуі шарт. Сонымен қатар отаншыл болуы керек.
«Біздің тарихымыз – бірігудің тарихы екенін әрдайым есте сақтау керек. Патриот болу дегеніміз – өзіңнің ұлы даланың ұрпағы екеніңді мақтан ете білу. Еліңнің жарқын болашағын жасауға өз үлесіңді қосу. Біз Мәңгілік елді бірге құрамыз. Биік шыңдарға бірге жетеміз, оның алдында сіздер боласыздар», – деді Елбасы.Жас ұрпақ дарыны мен еңбегін Отанға арнағанда ғана қазақ елі елдігін, тәуелсіздік-теңдігін және жерінің кеңдігін сақтап қала алмақ.
Айхан ШӘРІП